Қазақстанда "жасылдар" партиясы құрылуы мүмкін

Dalanews 24 авг. 2022 13:16 873

Қазақстандағы экологиялық қозғалыстың көш басында тұрған Азаматхан Әміртай «Байтақ» деп аталатын саяси партия құрудың алғашқы қадамын жасады.

Бүгін саясаткер заңда көрсетілген бастамашыл топтың тізімін Әділет министрлігіне өткізді. Әлемдік маңызы бар және әр мемлекет назар аударатын экологиялық мәселені қолға алған ол бұл туралы мәліметті әлеуметтік желіде жариялады. Осы процестен кейін партия съезін өткізбек.

"Байтақ» партия болып тіркелмек! Елде, мемлекетте үлкен өзгеріс керек. Өйткені бір адамға табынумен өткен отыз жылдық жүйе енді қажет емес. Ол үшін не істеу керек? Әрине, ең алдымен саяси -экономикалық, әлеуметтік реформалар қажет. Соның ішінде өзге салаларға тегершік болатын саяси реформалардың жөні бөлек. Саяси реформа жүрген кезде даму болады", – деп жазды Азаматхан Әміртай әлемжелідегі парақшасында.

Оның пікірінше Жаңа Қазақстанды құру үшін саясат сахнасына жаңа партиялар, жаңа тұлғалар шығуы тиіс.  «Аманат» (Нұр Отан) бастаған екі-үш партияға халықтың сенімі жоқ. 


"Қазір бізге халықтың сөзін сөйлейтін, мемлекеттің мүддесін алға шығаратын жаңа партиялар қажет. Сол ойда біз «Байтақ» экоальянсы 2019 жылдан бері экологиялық жасылдар партиясын құрсақ деп келдік. Алға қойған мақсатымыз ұлт мүддесін алға шығару, әділ қоғам орнату еді. Сол 2019 бері 18 рет Әділет мининистрлігіне құжат тапсырдық. Алайда үнемі құжаттан бір «кілипан» тауып, өзімізге қайтарып келді.

Тек бүгін ғана сол Әділет министрлігінен сүйінші, қуанышты хабар алып отырмыз. «Байтақтың» партия болып тіркелуіне мүмкіндік берілген екен. Енді 20 мың қол жинап, партияның сьезін өткізу керек болып жатыр. Егерде бәрі сәтті болып партияға айналып жатсақ, мемлекет үшін, ел үшін қызмет етуге даярмыз", – деп жазды ол.

Жаңа партияның съезі өтетін күн әлі белгіленген жоқ, ол туралы Азаматхан Әміртай алдағы уақытта хабарлайды.

Рекомендовать
Последние новости