Қазақстанда галлийге экспорттық баж салығы алынып тасталады. Тиісті бұйрықты ҚР Сауда және интеграция министрлігі әзірлеп,2025 жылдың 24 шілдесінен 8 тамызына дейін Ашық НҚА порталында көпшіліктің талқысына ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі 2025 жылдың 10 шілдесінде өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның тапсырмасын орындау шеңберінде, галлийге қатысты қолданыстағы 10% мөлшеріндегі экспорттық кедендік баж салығын алып тастауды көздейтін бұйрық жобасын әзірледі", делінген министрлік хабарламасында.
Ұсынылып отырған өзгерістер отандық галлий өндірушілері мен экспорттаушылары үшін жағдайды жақсартуға, сондай-ақ қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Галлий – сирек кездесетін металл, ол электроника, жаңартылатын энергетика және жартылай өткізгіштер өндірісі сияқты жоғары технологиялық салаларда сұранысқа ие. Стратегиялық материалдарға жаһандық сұраныс артып отырғанда экспорттық баж салығын алып тастау қазақстандық жеткізушілерге халықаралық нарықтағы ахуалға жедел әрекет етуге және жеткізілім географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Аталған бұйрық жобасы бизнес үшін қосымша әкімшілік немесе қаржылық жүктемелерді көздемейді және экспорттық ресімдеуді қайта қарауды талап етпейді.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылдың 17 ақпандағы №81 бұйрығына "Шикі мұнай мен мұнай өнімдеріне арналған экспорттық кедендік баж салығының мөлшерлемесін есептеу қағидаларымен қолданылу мерзімдері және мөлшерлемелерікөрсетілген экспорттық кедендік баж салығықолданылатын тауарлардың тізбесін бекіту туралы" өзгеріс енгізу туралы Сауда және интеграция министрінің бұйрық жобасын жариялады.
Айта кетсек, бұл шешім әлемдік нарықта аталған шикізат түріне деген тапшылықтың орын алуына байланысты қабылданып отыр. 2023 жылдан бастап Қытай галлий тасымалын шектеп, салдарынан баға өсіп әрі жартылай өткізгіштер өндірісі саласында дүрбелең туындаған.