Қазақстанда фонограммаға шектеу қойылды: енді әншілер тек жанды дауыста ән шырқайды

Қаракөз Амантай 12 нояб. 2025 15:01

Мәжіліс Сенат енгізген фонограммаға қатысты түзетулерді мақұлдады. Енді елдегі концерттер мен мәдени шараларда фонограмма пайдалануға шектеу қойылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа нормаларға сәйкес, егер әртістер жазба арқылы өнер көрсететін болса, ұйымдастырушылар бұл туралы көрерменді алдын ала хабарлауға міндетті.

Алайда толық тыйым салынбайды. Театр, цирк және өзге де техникалық тұрғыдан фонограмма қажет қойылымдар үшін бұл ереже қолданылмайды.

Бұдан бөлек, заң бұзғандарға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 3,9 млн теңге) айыппұл салу қарастырылған. Ереженің орындалуын жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер бақылайды.

Түзетулер фонограмма мәселесін ғана емес, басқа да бірқатар бағытты қамтиды. Атап айтқанда:

– шетелдік бағдарламалар түлектері үшін міндетті еңбек өтеу мерзіміне кейінге шегеру енгізіледі;

– халықаралық байқаулар жеңімпаздарына біржолғы сыйақы төлеу қарастырылған;

– жеке білім беру ұйымдарына атау беру тәртібі нақтыланды.

Осылайша, жаңа заң жобасы мәдениет пен білім саласында ашықтықты арттыруды және шығармашылық еңбектің шынайылығын қолдауды мақсат етеді.


Рекомендовать
Последние новости