Қазақстанда "Әскери баспана" жеңілдетілген ипотека бағдарламасы қайта жанданады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Министр Дәурен Қосанов пен "Отбасы банк" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова кездесіп, әскери қызметшілердің баспана мәселесін және жеңілдетілген несие шарттарын талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, жеке құрамның әлеуметтік әл-ауқатын арттыру - Қорғаныс министрлігінің басты басым бағыттарының бірі. Ол Ләззат Ибрагимоваға "Отбасы банк" мобильді қосымшасындағы мәселелерді жедел шешкені үшін алғыс білдіріп, оның толық функционалын қалпына келтіруге үміт артты.
Кездесу барысында Дәурен Қосанов "Baspana.kz" сайтында енгізілген жаңа талаптардың әскери қызметшілерге жалдамалы тұрғын үй рәсімдеуде қосымша қиындықтар туғызатынын атап өтті.
Бөлек тақырып ретінде "Әскери баспана" бағдарламасын қайта іске қосу мәселесі қаралды. Министр бастапқы жарнаны және несие пайыздық мөлшерлемесін төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
"Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиеге нақты қолжетімділік болуы маңызды. Қазіргі жағдайда мұндай мүмкіндік шектеулі, ал тұрғын үй бағасының қымбаттауы бастапқы жарнаны жинауды іс жүзінде мүмкін емес етіп отыр", — деді Қорғаныс министрі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 15 мыңнан астам әскери отбасы тұрғын үй төлемдері мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде "Әскери баспана" арқылы баспана жағдайын жақсартқан.
Дәурен Қосанов бұрынғыдай әскери қызметшілерге екінші нарықтан пәтер сатып алу мүмкіндігін қайта енгізуді де ұсынды. Оның пікірінше, көптеген әскерилер жөндеуі бар және қызмет орнына жақын, дамыған инфрақұрылымы бар пәтерлерді жөн көреді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әскери қызметшілердің тұрғын үйге қатысты өзекті мәселелерін бірлесіп шешуді жалғастыруға дайын екендерін растады.