Қазақстанның 10 өңірінде тасқын суларды жинауға арналған су қоймалары жеткіліксіз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазіргі таңда ел аумағында 405 су қоймасы бар. Алайда Алдамжаровтың айтуынша, бұл жеткіліксіз.
“Иә, су қоймаларының саны қажетті деңгейде емес деп айтуға болады. Бірақ қолданыстағы 405 су қоймасы шамамен 80 миллиард текше метр суды жинайды. Меніңше, қазіргі жағдай үшін бұл көлем жеткілікті”, – деді вице-министр.
Министрлік 2030 жылға дейін тағы 42 су қоймасын салуды жоспарлап отыр.
“Біз 2030 жылға дейін су тасқынынан жиналатын суды сақтау үшін 42 жаңа су қоймасын салуды көздеп отырмыз. Бұл су қоймалары жиналған суды экономиканың әртүрлі салаларында пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өзен ағынын реттеу арқылы тасқын судың зиянын азайтуға ықпал етеді”, – деп түсіндірді Алдамжаров.
Жаңа су қоймалары негізінен шағын өзендер бойында салынады. Бұл аймақтарда уақытша тасқындар жиі кездеседі. Құрылыстар 10 облыста жүргізіледі, олардың қатарында:
Қызылорда облысы;
Жамбыл облысы;
Ақмола облысы;
Шығыс Қазақстан облысы;
Батыс Қазақстан облысы және тағы басқа өңірлер бар.
“Осы өңірлерде жаңа су қоймаларының қажеттілігі расымен жоғары”, – деп атап өтті вице-министр.