"Қазақстан халқына" қорының түпкі мақсаты – қайырымдылық институтын қалыптастыру

Dalanews 24 февр. 2023 11:05 1038

Былтыр қасіретті Қаңтардан кейін президент Тоқаев ұлттық буржуазия мен кәсіпкерлердің басын қосып, "ел пікіріне құлақ асатын мемлекет" концепциясына олардың да атсалысуын талап еткен болатын. 




Тәуелсіздіктің арқасында ақшаның астында қалған миллиардерлер мен миллионерлер мәрттік танытып, отыз жылғы әділетсіздіктен әбден қажыған халыққа қол ұшын созады деген сенім білдірген.

Тоқаев осы арқылы Қазақстанда қайырымдылық институтын қалыптастырғысы келетінін айтқан.
Осы отыз жылда жеті ұрпағына жетіп жығылатын байлық жиған олигархтар халыққа қарыздар екенін еске салған.

Тоқ етерін айтқанда әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мемлекет қана емес, айталық Қазақстанның ең ауқатты адамы Болат Өтемұратовтың да міндеті екенін меңзеген.
...
Бұл идеяның авторы Тоқаев емес. Әуелден әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Президент осы орайда Forbes тізіміндегі кейбір қалталылар 2017 жылы Нью-Йорктегі мемлекеттік мектепте оқитын оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еткенін мысал еткен.

Тоқаев айтқан Америкада тапқан-таянғанын халықпен бөліспейтін қалталының қадірі жоқ.

Тіпті миллиондап салық төлеп мемлекет бюджетін байытып отырсаңыз да, егер табысыңыздың белгілі бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсамасаңыз халықтың қарғысына қаласыз.


Қайырымдылық АҚШ-тың өмір салты. Американың байлары басқадан аяса да, қайырымдылыққа келгенде тартынып қалмайды. Мәселен былтыр Американың қайырымдылық қорларына 426 млрд доллар аударылған.

Қолы ашықтың - жолы ашық. Мұндай азаматтарды мемлекет те үнемі қолдап-қолпаштап отырады. Оларға да стимул керек қой! Қайырымдылық жасаған кәсіпкердің ақшасы салық есебінде жүреді.

Былайша айтқанда тапқан табысының біршамасын қайырымдылыққа аударған кәсіпкер осы арқылы мемлекетке төлейтін салығын төмендете алады.

Америкадағы қайырымдылыққа қатысты тағы бір қызықты жайт.

Бұл елде біздегідей хандардың, батырлардың, ақындардың атына көше беру дәстүрі жоқ. Есесіне қайырымдылық жасаған мәрт көңіл байларға, кәсіпкерлерге, жалпы осы жұмысқа ғұмырын арнаған азаматтарға көше атауы беріледі. Бұл да мемлекет ұстанымы. Әлеуметтік саясатты мемлекетпен бірлесіп жүргізген азаматтарға көрсеткен құрметі.

Вашингтонда Джонс Хопкинс көшесі бар. О кім? Хопкинс өз ақшасына университет пен мед. орталық салып, ел игілігіне берген кәсіпкер. Клара Бартон көшесі. Америкадағы Қызыл крест қоғамының негізін қалаған медбике. Джон Маклин. Өз қаражатына теміржол салып, мемқызметкерлердің жұмыс пен үй арасына қатынауын жеңілдеткен баспагер. Мұндай мысал жетіп артылады.

АҚШ-тағы әлемге әйгілі 8 университет осылардың қабырғасын қалауға жәрдемдескен филантроптар атымен аталады. Көше ғана емес, кітапхана, вокзал, музей, театр, ғылыми орталықтар, аурухана, мектеп, стадион сіз сенбессіз, тіпті тұтас қалаларға дейін меценаттар атымен аталады.

АҚШ-та қайырымдылық жасайтын қалталы азамат халық алдында сыйлы. Халық оған қала атын берсе де қарсы емес.
...
Енде елге оралайық. Бізге оралайық. Отыз жыл бойы тоналған Қазақстанға қазіргі уақытта Тоқаев айтқан миллиардерлер мен миллионерлер көмегі керек-ақ.

Қазақстандық Forbes тізіміндегі 50 бай ел президентінің үндеуіне құлақ асар ма екен? Осы тізімдегі ең жас миллионер пен Қазақстандағы ең ауқатты адам Болат Өтемұратовтың (5 млрд доллар) аралығындағы 50 бай Қаңтардан кейін құрылған "Қазақстан халқына" қорына тайлы-тұяғы қалмай ақша аударса, ішінара халық алдындағы қарызын да, парызын да өтеген болар еді.

Жай ғана бай емес, жомарт бай атанатын мүмкіндік бұл.

Белгілісі, бұл қорды халық толтыруға міндетті емес. 


Қазақстанда қайырымдылық институтын қалыптастырғысы келетін Тоқаевтың бастамасы Forbes тізімінен түспейтін ауқаттылар атсалысқанда ғана жүзеге асады.

"Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін". Баяғының байлары барлығы болмаса да, көбісі осы ұстанымды ұстанды.
Мәселе қазіргі Қазақстанның байлары қандай ұстанымда?..

Думан БЫҚАЙ 


 

Рекомендовать
Последние новости