Қазақстан транзиттік хабқа айналып келеді: 2025 жылы көлік саласы жаңа деңгейге шықты

Қаракөз Амантай 09 февр. 2026 11:39

2025 жылы Қазақстанның көлік-логистика саласы жүк және жолаушы тасымалын ұлғайтып, халықаралық бағыттарды кеңейтумен ерекшеленді. Жол инфрақұрылымы жаңартылып, теміржол паркі модернизацияланды, әуе қатынасы артты, теңіз және өзен тасымалы жанданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Автожолдар: жөндеу және цифрлық бақылау

Өткен жылы елде 13 мың шақырым автожол салынды және жөнделді. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдардың 94 пайызы нормативтік жағдайда. 2027 жылға дейін 37 шекаралық өткізу пунктін жаңғырту жоспарланған.

Жол сапасын бақылауды күшейту мақсатында e-Joldar цифрлық жүйесі іске қосылып, жолдардың жағдайы мен қозғалыс қарқындылығы онлайн есепке алына бастады. Сонымен қатар жоспарланған 220 автоматтандырылған өлшеу станциясының 71-і орнатылды.

Әуе саласы: жаңа бағыттар мен ірі инвестициялар

Қазақстанның әуе паркі 109 ұшаққа дейін ұлғайды. Оның ішінде Airbus A320 және Boeing 737 MAX 8 үлгілері бар. Қазір Қазақстан 30 елмен 135 бағыт бойынша тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіріп, аптасына 626 рейс орындайды.

Арқалық әуежайын қайта қалпына келтіру басталып, Алматы әуежайын дамытудың бас жоспары ұсынылды. TAV Airport Holding компаниясының инвестициясы 362 млн долларды құрады. Сондай-ақ «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында 250 млрд теңгеге жаңа әуежай салу жөнінде келісім жасалды.

2025–2031 жылдарға арналған азаматтық дрон авиациясын дамыту тұжырымдамасы қабылданып, халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейі ИКАО аудиті бойынша 95,7 пайызға жетті.

Теміржол және су көлігі: жүк айналымы өсті

Теміржол арқылы тасымал көлемі 320 млн тоннаға жетіп, бір жылда 5,5 пайызға артты. 4,4 мың шақырымнан астам жол жөнделді, оның ішінде 2025 жылы 1 575 шақырым жаңартылды. Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі іске қосылып, Қызылжар – Мойынты бағытының құрылысы басталды. Сонымен бірге 775 локомотив пен 2,7 мың платформа сатып алу жөнінде келісімдер жасалып, 124 вокзал жаңғыртылуда.

Теңіз көлігімен тасымал 8 млн тоннаға жетіп, 7 пайызға өсті. Ақтау портында контейнерлік хаб салынды, Құрық – Баку бағытына жаңа құрғақ жүк кемесі шығарылды және екі паром сатып алынды. Транскаспий бағыты бойынша контейнер тасымалы 36 пайызға артты. Өзен көлігімен 1,5 млн тонна жүк жеткізілді.

Халықаралық автотасымал және цифрландыру

Қазақстан 42 елмен халықаралық автотасымал жөнінде келісім жасады. Түрікменстан және Иранмен рұқсатсыз тасымал жүйесі енгізілді, ал Қытай аумағына транзиттік тасымалға мүмкіндік алынды.

Қытай және Өзбекстанмен бірге рұқсат құжаттарын электронды алмасу жүйесі енгізіліп, рұқсаттардың 65 пайызы цифрландырылды. Салмақты автоматты бақылау станцияларының саны 73-ке жетіп, айыппұл жүйесімен біріктірілді. Сонымен қатар техникалық байқау операторларына бақылау күшейтілді.

Жалпы алғанда, 2025 жыл Қазақстанның көлік-логистика саласы үшін транзиттік әлеуетті арттырып, елдің халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейткен кезең болды.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove