Қазақстан мектептерінде балаларға арналған жеке қауіпсіздік сабақтары қайта жүргізіледі

Қаракөз Амантай 22 авг. 2025 13:01

Биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында балаларға арналған жеке қауіпсіздік сабақтары қайта қолға алынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл сабақтардың мақсаты – балаларды түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру.

Жеке қауіпсіздік сабақтары барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде өтеді – балабақшадан бастап колледжге дейін. Әр жас тобына арналған бөлек бағдарлама қарастырылған:

  • Балабақша тәрбиеленушілері – шұғыл қызметтердің телефон нөмірлері, ойын алаңдары мен ойын орталықтарындағы қауіпсіздік ережелері;
  • Бастауыш сыныптар – судағы және мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас, қаңғыбас жануарлардан қорғану;
  • Орта буын оқушылары – буллинг пен кибербуллингтен сақтану, қауіпті интернет-әуестенулерден бас тарту, бөгде адамдардың шақыруына ермеу, өз әрекетіне жауапкершілік сезімін қалыптастыру;
  • Жоғары сыныптар мен колледж студенттері – қаржылық сауаттылық, алаяқтықтан қорғану, онлайн-ойындардың қауіп-қатері, еңбек қауіпсіздігі, өз құқықтары мен міндеттерін білу, жеке жауапкершілік.

Сабақтар аптасына бір рет, сынып сағатында 10 минуттан өткізіледі. Әр тақырып оқу жылы ішінде үш мәрте қайталанады.

Бағдарлама аясында үш кезеңнен тұратын мониторинг жүргізілген. Мұғалімдер мен психологтарға арналған консультациялар мен вебинарлар ұйымдастырылды. Оған полиция, ТЖМ және денсаулық сақтау саласының өкілдері де қатысқан. Сабақтарда сауалнама, жоба жұмыстары, бейнероликтер мен түрлі интерактивті әдістер қолданылды.

"Практика көрсеткендей, мұндай сабақтар балалардың уайым-толқуын азайтады, қауіпсіздік дағдыларын қалыптастырады әрі шынайы өмірде де, онлайн кеңістікте де күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға үйретеді", — деді ҚР Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Еске сала кетсек, жеке қауіпсіздік сабақтары 2023–2025 жылдарға арналған Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде енгізілген.

Бұған дейін 138 мың қазақстандық оқушы жаңа оқу жылын жаңартылған мектептерде бастайтынын хабарлаған едік.


Рекомендовать
Последние новости