Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі Тоқаевты Президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынды

Dalanews 06 окт. 2022 04:51 1092

Астана қаласында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің  отырысы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиынға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар мәслихаттарының хатшылары қатысты. Жиынды «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Төлеуұлы Мұқашев жүргізіп отырды.

Жиында жуырда елімізде өтетін маңызды оқиға – Қазақстан Республикасы Президенттігіне «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылатын  кандидатты айқындау, Жалпыхалықтық референдумнан кейінгі Қазақстанның жаңа саяси арнаға түсуінің тарихи сәтінде жүзеге асырылғалы отырған өзгерістерді талқылау және пікір алмасу, ұсыныс білдіру сынды мәселелер қаралды.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Осы орайда, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары - Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Рахымұлы Балабиев республикалық қоғамдық бірлестіктің атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынды.  Ол өз сөзінде:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аса салмақты саясаткер, биік парасаттың иесі, терең білімді дипломат, кемел басшы, тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге белгілі ірі тұлға, саясат сахнасында шыңдалған, Тәуелсіздігімізді нығайтуға орасан зор үлес қосқан мемлекет қайраткері.

Бүгінде Президентіміз аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа Қазақстанның негізін қалап, оның көшін бастап келеді.  Шындығында, Әділетті Қазақстан құру жолында елімізде ауқымды реформалар қолға алынып, саяси мәдениеттің қалыптаса бастауы баршамызды қуантады.


Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз және Қазақстанымыздың көшін бастауға лайықты тұлға деп білеміз. Оның қазақстандықтарды сара жолдан адастырмай, биіктерге бастай беретініне бек сенімдімін, – деді.

Өз кезегінде, жиынға қатысушылар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде қызу қолдап, бірауыздан ұсынды.

Рекомендовать
Последние новости