2023 жылы Қазақстанда әр адамға шаққандағы газ тұтыну көлемі 10,9 мың кВт∙сағаттан асты. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 70 пайызға жоғары. Мұндай ауқымды өсім газды көп тұтынатын мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Салыстырар болсақ, газ тұтыну бойынша әлемдік көшбасшы – Катарда бұл көрсеткіш он жылда 6,1 пайызға азайған. Ал әлемдік деңгейде газ тұтыну көлемі 18,9 пайызға ғана өскен. ТМД елдерінде – 11,4 пайызға, ал Еуроодақта тіпті 14,8 пайызға төмендеген.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы өсім елдегі газдандыру жұмыстарының қарқынды жүруімен және электр станцияларының біртіндеп газға көшуімен байланысты. Бұл тұрғындар үшін оң көрсеткіш болғанымен, ішкі нарықтағы газ бағасының төмендігі инвестициялық тартымдылықты төмендетіп, газ өндіру мен инфрақұрылым жаңғырту процесін тежеп отыр.
Сонымен қатар мамандар елде газды тиімді тұтыну мәдениетінің әлсіз екенін атап өтті. Үйлерді шамадан тыс жылытып, ыстық болғанда терезе ашып қою — жиі кездесетін жағдай. Мұндай бейберекет тұтыну ресурстың ысырап болуына әкеледі.
Energy Institute дерегінше, дәлелденген жаһандық табиғи газ қоры 188,1 триллион текше метрді құрайды. Қазіргі тұтыну қарқыны сақталса, бұл қор әлемге шамамен 47 жылға ғана жетеді.
ДДҰ ұсынған норма бойынша, үй ішіндегі оңтайлы температура – 18 °C. Сарапшылар жылуды үнемдеп тұтыну — тек экономикалық тиімділік қана емес, сонымен қатар халық денсаулығы үшін де маңызды екенін ескертеді.