Қазақстан экономикасы Ұлттық қорға арқа сүйемей өмір сүруді үйренуі керек - Сүлейменов

Көркем Алдабергенова 30 мая 2025 16:41

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасы алдағы уақытта табиғи ресурстарға және Ұлттық қорға арқа сүйемей өмір сүруге үйренуі қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстанды Орталық Азия елдерінен ерекшелендіріп тұрған басты фактор – табиғи ресурстардың молдығы. Аймақтағы өзге елдер мұндай мүмкіндікке ие емес. Сондықтан елдің ақша-кредит және фискалдық саясаты, адами капиталы мен инфрақұрылымы осы ресурстардың бар-жоғына тікелей тәуелді.

"Мұның бәрі еңбек нарығына, жұмыс орындарының санына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, сыртқы факторларды да ескеру қажет. Иә, бізде Ұлттық қор және айтарлықтай мемлекеттік резерв бар, бұл жағынан көрші елдерден ерекшеленеміз. Бірақ алдағы ең үлкен сын – табиғи ресурстарға тәуелділіктен бас тарту. Біз Ұлттық қор жоқ секілді өмір сүруді үйренуіміз керек," – деді ол.

Ұлттық банк басшысы экономикаға тұрақты инвестиция құйылмайынша, жүйе әлсірейтінін айтты. Оның пікірінше, мұнай түсіміне арқа сүйеу – ұзақ мерзімді даму үшін қауіпті.

"Мысалы, кәсіби спортшы үнемі 'астероид' қабылдап жүріп, оны кенет тоқтатса – ауырып қалуы мүмкін. Экономика да сондай. Сондықтан да шешім қабылдайтын тұлғалар мен мемлекеттік органдар мұнай түсіміне тәуелділіктен арылуға тырысуы керек. Бұл бағытта бірқатар жетістікке жеттік деп ойлаймын," – деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, Қазақстан Ұлттық қорын сақтап қалды, бірақ оны резерв ретінде ұстау жеткіліксіз. Ең бастысы – мұнайдан тыс табыс көздерін арттыру. Бұл үшін салық жүйесінде де өзгерістер жүріп жатыр.

"Біз қазір қосылған құн салығын реформалап жатырмыз. Яғни, бюджетке түсетін кірісті мұнайдан тыс көздер арқылы көбейтуді көздейміз. Тағы да қайталап айтамын: біз Ұлттық қорымыз жоқтай өмір сүруіміз керек," – деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.


Рекомендовать
Последние новости