Қазақстан атомнан қол үзген емес. АЭС-ті өзіміз жүргізе аламыз

Dalanews 21 дек. 2022 03:00 1182

Қазақстан атом реакторымен жұмыс істей алатын мамандар дайындауды белсенді түрде қолға алды. Түрлі тәжірибелі реакторлардың елімізде бұған дейін де, қазір де жұмыс істеп жатқанын ескерсек, отандық мамандардың атом реакторын басқаруға әлеуеті де, біліктілігі де жетеді. 

Өзіміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орын ала отырып, атом технологиясын игеруде дамымай қалсақ, атымызға сын болар еді.

Сондықтан Қазақстан бейбіт атомның барлық циклын игеруге үлкен қадам жасап келе жатыр. АЭС салуға дайындық кезеңі қызу жүруде.

Мысалы, өткен жылы Үлбі металлургия зауытында атом электр станциясына арналған ядролық отын өндіретін зауыт ашылды. Оны өзіміздің мамандар жүргізіп отыр.

Кадр дайындау мәселесінде басқа жетекші елдермен меморандумға қол қойылды. Қазіргі жоспар бойынша, екі энергоблогы бар атом электр станциясын салатын болсақ, осы АЭС-ті толық жүргізіп отыру үшін, ауысымдарды есептегенде 2 мың адам керек. Және олар оқуды жаңа бітірген жас маман емес, тәжірибелі кәсіпқойлар болуы тиіс.

Қазақстан атом кадрларын қалай дайындауда?


Dalanews.kz «Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябековпен тілдесіп, осы өзекті мәселені талқылады.

 - Асуан Оңғарбекұлы, стартегиялық маңызы бар нысан – АЭС өзіміздің басқаруымызда болуы тиіс. Ол үшін бізде білікті маман болуы керек. Қазақстанда осы мәселе қалай шешілген? Бізде атом энергетикасы саласының мамандары қай оқу орындарында даярланады, олардан жылына қанша маман түлеп ұшады?

- Қазақстанда атом энергетикасы мамандары, менің білуімде, үш жоғары оқу орнында даярланады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетінде «Ядролық физика» деген мамандық бұрыннан бар.  Ал былтыр осы ЖОО қабырғасында Мәскеу инженерлік-физикалық инстиутының филиалы ашылды, онда атомдық реакторлар мамандығы да даярланады. Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде де осындай мамандық ашылғалы жатыр.



Лев Гумилеев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде атомдық реакторлар және ядролық энергетика мамандығы бар. Педагогикалық құрам толыққанды, жалпы Қазақстанда атом энергетикасы бойынша білім алуға болады.

Одан бөлек, шетелде «Болашақ» бағдарламасымен «Атом өнер­кәсібі», «Атом ядросы және бөлшек­тер физикасы», «Техникалық физика» және «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша оқып келген, оқып жатқан азаматтарымыз да баршылық.


Соның арқасында қазіргі таңда елімізде атом саласында жұмыс істейтін адамдардың саны 20 мыңнан асып жығылады.

- 20 мың маман бар деген көзге толымды, жақсы ақпарат екен. Олардың барлығы реактормен жұмысқа маманданған ба?

- Атом дегенде бұл реакторлар ғана емес. Мәселен, Курчатов қаласында Ядролық орталық бар. Бірақ орталықта атом энергетикасымен емес, ғылыммен айналысатын мамандар жұмыс істейді.

Алматы қаласында Ядролық Физика институты бар. Мұнда ЖОО-дан кейін білім мен кәсіби білігін шыңдауға үздік мамандар жіберіледі.

Өзіңізге мәлім, Қазақстан уран қазба байлағының көлемі бойынша әлемде бірінші орын алады. Оңтүстігімізде де уран кеніші бар. Соның барлығын қоса есептегенде, біздің саламызда бүгінгі таңда 20 мың адам еңбек етіп жатыр.

- Олардың барлығы тек қана реактор емес, жалпы салада болса, нақты АЭС-ке бізде маман тапшылығы тумай ма?

- Жоқ, олай уайымдамаңыздар. АЭС салынып, қолданысқа берілген жағдайда кадр тапшылығы деген мәселе болмайды.

Өйткені, алдын-ала есеп бойынша, АЭС құрылысына 7-8 мың адам жұмылдырылса, ал салынып біткен соң онда тұрақты түрде жұмыс істейтін 2 мың адам қажет болады. Ал сол 2 мың адамның ішінде 20 пайызы, демек 300-400-і ғана атом реакторы, ядролық энергетика бойынша жұмысқа тартылады. 2 мың адамның ішінен үздік 300-400 маманды іріктеп алу қиынға соқпайды.

https://www.youtube.com/watch?v=-5h9l2zlX8s

Оның үстіне АЭС-ті салу бір күндік немесе бір жылдық жұмыс емес.

Мәселен, АЭС құрылысы үшін 5 жыл көлемінде құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жүргізу қажет болады. Ары қарай негізгі құрылыс жұмыстары, кем дегенде 6 жылды қамтиды.

Міне, осы уақыт аралығында біз аталған 300-400 маманды сақадай сай етіп дайындап үлгере аламыз. Ал бұл қандай дайындық дегенге келетін болсақ, әзірге Қазақстан «вендор» таңдаған жоқ.

Вендор – АЭС құрылысына жауап беретін, яғни негізгі мердігер компания. Міне, сол «вендор» таңдалып алынса, біз мамандарды нақты реактор технологиясына сай білімі мен білігін ұштау үшін шетелге жібереміз.

- Сонда біздің мамандар Франция, Корея, Жапония сынды дамыған елдерге барып, атом реакторы бойынша тағлымдамадан қазір өтіп жатқан жоқ па?

- Бірінші технология таңдалуы керек. 2019 жылдан бері біз реакторларды зерделеп, өзімізге келеді-ау дегендерінен «шорт-парақ» толтырып келеміз.

Қазіргі таңда 4  компания ілініп отыр оған. Атап айтқанда, Ресейдің Росатомы, Қытайдың CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP және Францияның EDF компаниясы. Енді реакторларына келетін болсақ, барлығының қуаты шамалас: 1200 мегаВт. КПД-лары 37 пайыздан асып жығылады. КИУМ – 95 пайыз.

Бүгінгі таңда 95 пайыз энергия генерациялайтын атом электр стансасынан басқа энергия көзі жоқ. Бұл 60 жыл бойына үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету дегенді білдіреді.


Қазіргі кезде, міне осы төрт реактордың ішінен біреуін таңдап алу ғана қалып тұр бізге.

- Жақсы. Бүгін мамандар дайындығы жайлы келелі сұхбат болды. Саланың ішкі құрылымын түсіндіргеніңіз үшін алғыс айтамыз.

Рекомендовать
Последние новости