Қазақстан астық өңдеу көлемін бес есеге ұлғайтады

Қаракөз Амантай 21 авг. 2025 18:19

Қазақстанда алдағы үш жылда елдегі астықты терең өңдеу қуаты жылына 500 мың тоннадан 2,5 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Мұндай серпіліс ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік аграрлық аренадағы орынды күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінде Қазақстанда крахмал, сірне, сироп, глютен, биоэтанол және мал азығын өндіретін үш ірі кәсіпорын жұмыс істейді: Жаркент крахмал-сірне зауыты (жылына 150 мың тонна жүгері), «АзияАгроФуд» (60 мың тонна жүгері) және «Биооперейшн» (300 мың тонна бидай).

2028 жылға дейін салада төрт ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында:

  • Түркістан облысындағы жүгеріні өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС зауыты (инвестиция көлемі – 57 млн доллар, қуаты – 100 мың тонна, іске қосылуы – 2026 жыл).
  • Tiryaki Agro (Түркия) және Hassad Food (Катар) жобасы – жылына 250 мың тонна астық пен 80 мың тонна бұршақ өңдеу, крахмал, глютен және глюкоза-фруктоза сиропын экспорттау.
  • Fufeng Group Company Limited (Қытай) – Жамбыл облысындағы қуаты 1 млн тонна болатын зауыт, құны 350 млн доллар.
  • «Qostanai Grain Industry» ЖШС – Қостанай облысындағы қайта өңдеу кешені (қуаты – 415 мың тонна, құны – 108,7 млн доллар, іске қосылуы – 2027 жыл, өнімдері – лизин, глютен, биоэтанол, көмірқышқыл газы).


Өңдеушілерді қолдау үшін 2025 жылы «Агробизнес» бағдарламасы аясында 44,3 млрд теңге 5% мөлшерлемемен бөлінді. Қазірдің өзінде 14,5 млрд теңгеге 30 жоба қаржыландырылды, тағы 12,3 млрд теңгеге 34 жоба мақұлданды, ал 17 жоба қаралу үстінде.

Қазақстан өз өнімін шетелге белсенді түрде ілгерілетіп жатыр. Сауда министрлігімен бірлесіп экспорттаушыларды қолдаудың экожүйесі жасалды. Ол 20-дан астам қаржылық және қаржылық емес құралдарды қамтиды, соның ішінде ШОБ үшін экспорттық акселерация бағдарламасы мен тасымалдау шығындарын субсидиялау бар.

Сарапшылардың пікірінше, өңдеу қуаттарының ұлғаюы Қазақстанға астықты шикізат күйінде сатпай, әлемнің азық-түлік, фармацевтика және мал азығы өнеркәсібінде сұранысқа ие дайын қоспалар мен ингредиенттерді экспорттауға жол ашады.


Рекомендовать
Последние новости