«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік бағдарламасын іске асыруды жалғастырып жатыр. Таяуда компания қызметтік пәтерлерді өңірлердегі жұмыскерлердің меншігіне өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бағдарламаның осы кезеңінде 13 пәтердің меншік құқығы рәсімделді. Сегіз пәтер Балқаш қаласында, бес пәтер Жезқазған өңірінде орналасқан. Бағдарлама қызметтік тұрғын үйде тұратын және әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жататын жұмыскерлерге бағытталған. Салық пен міндетті төлемдерді толығымен компания өтеді. Осылайша қызметкерлерге баспананы қосымша қаржылық жүктемесіз иеленуге мүмкіндік берді.

Компания осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Соңғы бірнеше жыл ішінде жұмыскерлерге 90-нан астам пәтердің кілті табысталды. Екінші тоқсанда тағы 23 пәтерді жеңілдетілген шартпен сату, сондай-ақ Балқаш қаласындағы қызметтік баспаналар жұмыскерлерге беру жоспарлануда.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету – компанияның өз қызметкерлерін қолдауға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі саясатының бір бөлігі.
