Қазақ хандығы туралы реферат

Dalanews 01 окт. 2021 04:26 15217

Қазақ хандығы ұлан-ғайыр жеріміздің тамыры тереңде жатқан тарихы, егемен еліміздің бірлігінің бастауы. Еліміз бен көршілес аймақтарда 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүрген Қазақ хандығы  Еділден...

Қазақ хандығы – ұлан-ғайыр жеріміздің тамыры тереңде жатқан тарихы, егемен еліміздің бірлігінің бастауы. Еліміз бен көршілес аймақтарда 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүрген Қазақ хандығы  Еділден Жайыққа дейінгі аумақты, Сырдария мен Амудария өзендері аралығын және Хорасан жерін қамтыған. Қазақ хандығының құрылуына 1457 жылдан кейін Керей  мен  Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап Шығыс Дешті-Қыпшақтан Батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне  қоныс аударуы мұрындық болды. Хандықтың пайда болуын қазақ жерінде XIV-XV ғасырлардағы әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс деп білеміз. Өндіруші күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы негізінде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі XV ғасырдың екінші жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.

Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына негізделген. Мемлекет басқарушылары ретінде хандар саяси билік жүргізіп келген. Оларды төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайлаған.

Қазақ хандығының тұңғыш ханы - Керей, соңғы ханы - Кенесары Қасымұлы. Хандықты басқару ісінде Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Абылай сынды білікті, білекті хандар болған. Қазақ хандығы Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Жеті Жарғы заңдарына жүгінген.

Қазақ хандығы туралы бізге жеткен нақты жазба  деректердің  бірі Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегі болып табылады. Бұл жазба Моғолстан хандығының тарихына арналған. Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434—1462-жылдары билік еткен) қоныс аударған  қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қоныс береді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек пен Керей хандар Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер - «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары  (1465-1466)  билей бастады...».  Сол кезеңдегі саяси жағдайға байланысты  Қазақ хандығы туралы да көптеген мәліметтер кездеседі. Абулғазы, Қадырғали Жалайыри  еңбектерінде де Қазақ хандығы мен оның билеушілері туралы мәліметтер бар. Сондай-ақ, Қазақ хандығы кезеңіне қатысты Шығыс деректерінің де маңызы зор.

 

2015 жылы ел ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Қазақстанның барлық аймағында атаулы мерекеге орай сан түрлі шаралар ұйымдастырылғанын білеміз. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында жинақталған көптеген тарихи деректерді жүйелеу, зерттеу, ғылыми айналымға енгізіп, жариялау сынды жұмыстарды жасау мақсатында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жанынан тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық Ақпарат орталығы құрылды. Аталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша көрші елдердің мұрағаттары мен деректемелер қорларында жұмыс атқарған шығыстану экспедициялары ауқымды істер жасады. Қытай Халық Республикасының бірінші тарихи мұрағатынан қазақ тарихына қатысты бірқатар құнды материалдар табылды. Ол жерден қазақ-қытай, қазақ-орыс, қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат дип­ломатиялық қатынастары туралы, біздің хандарымыздың Бейжіңге Боғда Ежен ханға барған елшілері, олардың грамоталармен марапатталғаны, қазақ-қытай саудасы туралы, қазақтардың тұрмысы, дәстүрлері жайлы құжаттардың көп екені анықталды. Оларда қазақ халқының саны, батырлары мен билері, қазақ рулары туралы мәлімет қоры мол.

Шығыстану археографикалық экспедициясы жұмысының нәтижесінде ҚХР-да 1741-1811 жылдардағы Қазақ хандығы мен Цин империясы қарым-қатынасының тарихын көрсететін деректер бар. Ол жақтан екі ел билеушілерінің жазысқан ресми хаттары табылды. Сондай-ақ, қазақтың хан-сұлтандары мен жергілікті билеушілерінің Цин императоры Цяньлунға, Іле мен Тарбағатай губернаторы Амбанға арналған ресми хаттары кездеседі.  Ол кездері Абылай хан, Уәли сұлтан, Әбілмәмбет хан, Әбілпейіз сұлтан, Болат хан, Санияз, Ханқожа, Әділ сұлтан, Бопы, Көгедай сынды тұлғалар хат жолдаған екен.

Қазақ хандарының Қытай билеушілерімен дипломатиялық хаттарының шағатай, ойрат тілдерін­де болғаны анықталды. Әрбір хатқа мәнжу тілін­де түсіндірме жазба беріліп, ол жерде қазақ билеу­шілерінің тарихы мен шыққан тегі, қай жерде тұратыны жазылған.

Зерттеу жұмыстарынан соң Қытайдың бірінші тарихи мұрағатымен құжаттардың дәл көшірмесін басып шығару туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі кезде құжаттар көшірмесінің 2 томы және олардың қазақша нұсқасының 4 томы «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси-дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» (2 том), сондай-ақ, «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» (2 том) жарыққа шықты.

Лондон, Оксфорд қалаларындағы Бодлеан және Британ кітапханаларында сақтаулы «Тарих-и Кипчак-хани», «Тарих-и Абулхаир-хани», «Нусрат-наме» және «Муиз ал-ансаб», «Бахр-әл-асрар», Раха кітапханасында (Рампур қаласы) және Салар-е-Джанг музейінде (Хайдарабад қаласы) сақтаулы «Жамиғ ат-тауарих», «Тарих-и Шах», өзге де шығыс қолжазбалары  XIV – XVII ғасырлардағы анық тарихи оқиғаларды зерделеу үшін маңызды материалдар екені белгілі. Әлі де зерттелу үстіндегі жазбалар Дешті Қыпшақта XIV ғасырдың аяғында – XV ғасырдың басында болған саяси оқиғаларды, Әбілқайыр ханның, Мұхаммед Шайбани ханның, Керей ханның, Жәнібек ханның және басқа тұлғалардың ел басқару тарихын көрсетеді. Кейінгі кездері Түркия, Ұлыбритания, Швейцария елдерінің музейлері мен кітапханаларынан тың деректер табылуда. Елдер арасындағы келіссөздер, Абылай ханның, Әбілпейіз сұлтан және басқа да ел билеушілердің жолдаған дипломатиялық хаттары Еуропа елдерінің қорларында да кездесіп жатыр. Бұл қазақ халқының тарихының, мәдениеті мен өркениетінің даралығын, биіктігін көрсетеді. Қазақ хандығы туралы деректер өте көп. Әлі де зерттеліп, зерделенетін тың дүниелер де жоқ емес. Өйткені, осындай асқақ елдің тарихының да үлкен болатыны сөзсіз.

Рекомендовать
Последние новости