«Қазақ атын танытқан үш тұғыр тіл» мерекесі өткізілді

Dalanews 22 сент. 2017 14:27 1060

1998 жылғы 20 қаңтарда Президентіміздің Жарлығымен 22 қыркүйек күні Қазақстанда тұратын халықтардың «Тілдер мерекесі» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай 2017 жылғы қыркүйектің 20-сы Медеу ауданындағы № 32 кітапхана ұжымы және Д. Снегин атындағы № 30 мектеп-гимназиясы бірлесіп  «Қазақ атын танытқан үш тұғыр тіл» мерекесін өткізді.

Алдымен сөз кезегі берілген мектеп-гимназия директоры Ережепова Ғалия Батиханқызы бұл мерекенің мемлекетімізде басымдыққа ие болып отырған үш тілде, яғни қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде қатар өткізілуін заманға сай дамудың белгісі ретінде қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін», – деп, тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту барысында мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыру, үш тілділік саясатын дамыту жолындағы айтулы іс-шараға мектептің оқушылары белсене қатысты.

«Тілі бөлек болғанымен, тілек бір,
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр!» – деп ұран айтқызған осы мереке балаларды ұлтаралық татулыққа, бірлікке баулудың ең бір көркем үлгісі болғандай. Іс-шара барысында мектеп оқушылары тәуелсіз еліміздің тарихы мен саяси маңызды оқиғаларын жоғары деңгейде білетінін көрсетті.

Сонымен қатар балалар түрлі ойын-сайыстарда өз қабілеттерін байқатты. Мысалы, «Тапқыр достар» сайысында үш оқушыдан екі топ құралып, әрбір топқа үш тіл бойынша сұрақтар қойылды. Сейілбекова А., Қожабашаева Д., Гиззатова М., Әділбекқызы М. т.б балалар ойынға қызығушылық танытып, белсене қатысып, сұрақтарға дұрыс жауап берді.

Бастауыш сынып оқушылары «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін үш тілде орындаса, орта буын оқушылары үш тілде өлең-жырлар, қара сөздер айтты.

Тіл мерекесінде ән айтып, би билеген балалар көрермендерді өнерімен тәнті етті. Атап айтар болсақ, оқушылар Наурызбаев Б., Жәнібекова А., Жұмаева С., Тұлымбетов Д. қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде  өлеңдер оқыса, 6 «ә» «б» сынып оқушылары  Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін хор болып орындады, егіздер Жолдасова В., Жолдасова А. қазақ биін биледі.

«Әрбір тілде сөйле әлемді таң қылып,
Ана тілін білмей өскен әңгүдік.
Өсер болсаң, байтақ далаң тұрғанда,
Қазақ тілі жасау керек мәңгілік! Осындай бай, асыл, алып мұраны біз, жас ұрпақ, әрі қарай жалғастыруымыз керек!» – деп, балалар қазақ халқының ана тілі ретінде және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін ерекше атап өтті.
Мереке соңында мектеп оқушылары мен ұстаздары № 32 кітапхана қызметкері Маймыш Қ. және Дм. Снегин атындағы №30 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Жиғанбаева М.Қ., кітапханашысы Даинбаева Қ. А. ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – болашағым, ертеңім» атты кітап көрмесін тамашалап, қазақ тілінің мәртебесін айғақтайтын бірқатар жаңа кітаптармен танысты.

 

Айша Баймаханбетқызы, № 32 кітапхана меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері

Рекомендовать
Последние новости