Алматыдағы «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы үшінші рет электронды аукционға қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның мәліметінше, мемлекеттік sauda.e-qazyna.kz платформасында «Центр оптово-розничной торговли» ЖШС-дегі үлесті сату бойынша қайта сауда жарияланған. Аукцион 5 ақпанда сағат 12:00-де өтеді. Бастапқы баға – 24,7 млрд теңге.
Сонымен қатар электронды саудаға кәдесый монеталар, зергерлік бұйымдар мен сағаттар да шығарылған. Жалпы саны 40 лот 20, 23 және 28 қаңтар күндері өтетін аукциондарға қойылып отыр. Барлық активтердің жиынтық бастапқы құны – 520,8 млн теңге.
Айта кетейік, бұл нысан алғаш рет қыркүйек айында 28,6 млрд теңгеден саудаға шығарылған. Желтоқсанда екінші рет аукцион жарияланып, баға 26,7 млрд теңгеге төмендеген еді. Бұл жолы «Байсаттың» құны тағы арзандап отыр.
