Қазақстанда жасырын бақылауға арналған құрылғыларды сатуға міндетті сертификаттау мен лицензиялау енгізу ұсынылды. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі көтеріп, шағын-камералар, диктофондар, GPS-трекерлер мен GSM-маяктар нарығы іс жүзінде жеткілікті деңгейде реттелмей отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, мұндай құрылғылар заңсыз бақылау жүргізу үшін пайдаланылып, азаматтардың жеке өміріне қол сұғуға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар олар жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау және қудалау тәуекелдерін арттырады.
Мүтәлі қазіргі заманғы автокөліктерге де ерекше алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, шетелдік серверлерге қосылған жүйелер пайдаланушылардың қозғалысы мен белсенділігін бақылауға мүмкіндік беруі ықтимал, бұл деректер қауіпсіздігіне қатысты қосымша қауіп тудырады.
Мәселені шешу үшін депутат жасырын бақылау құрылғыларының айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтуді, тиісті мемлекеттік органдарды тартуды және қолданыстағы заңнама аясында азаматтардың жеке деректерін қорғауды қамтамасыз етуді ұсынды.
