Алматы соты мектептерді Kundelik платформасына қайта көшуге міндеттеді

Қаракөз Амантай 14 янв. 2026 16:23

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "Kundelik" ЖШС-нің Алматы қаласы Білім басқармасына қатысты талап-арызын қарады. Соған сәйкес, қала мектептері сот талқылауы аяқталғанға дейін Kundelik электронды журналы мен күнделігіне қайта көшуі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Даудың мәні неде?

НеХабар телеграм арнасының мәліметінше, "Күнделік (Kundelik)" компаниясы сотқа жүгініп, Алматы қаласының Білім басқармасына және оған қарасты барлық білім беру ұйымдары Kundelik-тен бас тартып, балама платформаларға, соның ішінде BilimClass жүйесіне көшіп жатқанын айтып, бұл әрекеттерді жасауға тыйым салуды сұраған.

Сот қандай шешім шығарды?

Сот қаулысында екі негізгі тармақ көрсетілген. Соған сәйкес, Алматы қаласы Білім басқармасына, аудандық білім бөлімдеріне, мектептер мен өзге де білім беру ұйымдарына BilimClass платформасына көшуге, оны енгізуге, ауыстыруға, сынақтан өткізуге немесе пилоттық режимде қолдануға тыйым салынды. Екіншіден, Kundelik автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің орнына кез келген басқа ақпараттық жүйелерді енгізуге шектеу қойылды.

Бұл нені білдіреді?

Осылайша, BilimClass жүйесіне көшіп үлгерген алматылық мектептер мен ата-аналарға сот талқылауы аяқталғанға дейін қайтадан Kundelik платформасына көшуге тура келеді. 

Білім беру процесіне әсері қандай?

Мамандардың пікірінше, бұл шешім оқу процесіне елеулі қиындық туғызбайды. Kundelik платформасы мектептерде ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді және оқу процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ата-аналар бір жүйе арқылы сабақ кестесін, үй тапсырмаларын, бағаларды және баланың үлгерім көрсеткіштерін көре алады.

Мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, оқушылармен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Ал мектептер оқу нәтижелері бойынша кеңейтілген аналитикалық деректерге қол жеткізеді.

Сонымен қатар платформа оқушыларды ынталандыруға арналған құралдарды, соның ішінде екінші деңгейлі банктермен серіктестік аясындағы қаржылай ынталандыру тетіктерін де ұсынады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove