"Атақ пен марапатты тойға апаратын жай сыйлық деңгейіне дейін арзандатып алдық" - депутат

Сағыныш Сардарова 14 янв. 2026 13:17

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, елде атақ-марапат сатылып жатқанын сынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Айтайын дегенім, атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувинер сияқты. Атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль, ордендерді шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп жүр. Бұған өзі тоқтам бар ма?

Бұған дейін бұл  мәселені әріптестерім де көтерді. Арнайы заң, норма да қабылданды. Алайда бұл үрдіс керісінше үдеп барады. Мәселен, "Қазақстанның құрметті азаматы" төсбелгісі, "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" медалі және "Ұлт ұстазы" дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнада салтанатты түрде тұрып марапаттайды. Өздері  мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, мәселе марапат қандай жолмен, қандай негізде беріліп жатқанында.

"Құн қалмады. Пысықайлар үшін бұл бизнес қана. Тіпті "Ғасыр ұстазы", "Алаш ұстазы" дейтін  атақтар шығыпты. Тек ақшасын төлесең болды, медаль да, орден де, куәлік те, қысқасы, дайын "шоу-пакетке" бірден ие боласың. Көптеген дамыған елде мемлекеттік марапаттар - заңмен қорғалатын институт. Атақтар мен наградалардың критерийі нақты белгіленіп, рәсімделуі ашық түрде жүзеге асады. Бұл жүйе награданың беделін сақтауға, заңсыз саудаға жол бермеуге, қоғамда әділдік пен моральдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал біздің елде ше? Қалтасында қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алады", - деп ашынды ол.

Мақсат Толықбайдың айтуынша, ең қауіптісі - "марапат бизнесінің" ең алдымен мектептерге енуі.

"Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетіндей жағдайға жеттік. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады. Бұл - білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс. Қаптаған атақ таратқыш ұйымдардың кесірінен атақ пен марапатты тойға апаратын жай сыйлық деңгейіне дейін арзандатып алдық", - деп түйіндеді ол.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove