Алдағы айлар Қазақстан үшін маңызды саяси кезең болмақ. Себебі 20 қаңтарда өтетін Ұлттық құрылтайда конституциялық реформаға қатысты ұсыныстар қаралуы мүмкін. Осы орайда саясаткер Әміржан Қосан саяси өзгерістерге байланысты Dalanews.kz редакциясына пікір білдірді.
Қоғам саяси шешімдерге бейжай қарамайды
Қосановтың айтуынша, кейінгі жылдары қоғамның саясатқа деген қызығушылығы айтарлықтай артқан. Ол Назарбаев кезіндегі асығыс референдумдар мен биліктің шамадан тыс орталықтануы қоғамды сақ болуға үйреткенін жеткізді.
Әсіресе, 2019 жылғы президенттік сайлаудан кейін азаматтық белсенділік күшейіп, биліктің кез келген саяси бастамасы қоғамдық талқылаудың нысанына айналды.
“Кезіндегі демократиялық партиялардың орнына тәуелсіз қоғамдық ұйымдар мен редакциялар, жеке тұлғалар келіп жатыр. “Қарапайым халықты саясат қызықтырмайды” деген сөз де - далбаса. Сол себепті президент Тоқаев жариялаған конституциялық реформаға деген көпшіліктің ынтасы бөлек. Реформаны ұйымдастырушылыр осы факторды мықтап ескеруі тиіс деп ойлаймын. Алдағы саяси кезең қызық болайын деп тұр”, - дейді ол.
Саясаткер конституциялық реформаларды әзірлеп жатқан жұмыс тобының қызметін сынға алды. Айтуынша, олардың отырыстары жабық өтеді, ал ұсыныстар тым жалпылама сипат алған.
“Мәселен, жиында болып жатқан пікір алмасуды тікелей эфирде көрсеткенде, жұрт қай партияның, қай жеке тұлғаның қандай ұсыныс айтып жатқанын біліп отырар еді. Сол топқа мүше емес басқа азаматтар да өз ой-пікірін қосар еді”, - дейді ол.
Саясаткердің сөзіне сүйенсек, Ұлттық құрылтайда нақты қандай мәселелер көтерілетіні әзірге белгісіз.
“Бәлкім, жинақталған ұсыныстардың басты бағыттарын ертеңгі күні президент Тоқаев Ұлттық Құрылтайда жария етер. Ол жағы да беймәлім, өйткені 20 қаңтарда өтетін ҰҚ күн тәртібіндегі мәселелер әлі нақты айтылмады”, - дейді ол.
Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Қызылорда қаласында өтеді. Мемлекет басшысы бұл шешімді Қазақстан астанасының Орынбордан Қызылордаға көшкеніне жүз жыл толуымен байланыстырған еді.
Қосанов та құрылтайдың Астанамен шектелмей, өңірлерде өтуін орынды қадам деп есептейді. Алайда басты мәселе жиындардың формальды сипат алмауында екенін ескертті.
“Кезінде Ұлттық құрылтайдың құрылуын қолдағанмын. Бірақ оның құрамына көңілім толмайды. Себебі оған әлі де тәуелсіз ой-пікір білдіріп, билікке сындарлы сын айта алатын, нақты мәселелер бойынша балама ұсыныс жеткізетін қабілетті демократияшыл, мемлекетшіл тұлғалар толық тартылмай отыр. Егер құрылтай өңірлердегі азаматтардың нақты мәселесін тыңдап, олардың ұсыныстарын күн тәртібіне шығарса, нұр үстіне нұр болар еді”, — дейді саясаткер.
Билік неліктен парламенттік реформаға асығып жатыр?
Ұлттық құрылтай аясында конституциялық реформаға қатысты референдум мерзімі белгіленуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Саясаткер мұны жоққа шығармады. Айтуынша, билік парламенттік реформаға көшуді барынша жеделдетуді көздеп отыр. Ол бұның бірнеше себебін атады.
“Біріншіден, қоспалаталы емес, бірпалаталы Парламент керек деген бастама төңірегінде негізінен жалпыұлттық консенсус, ортақ келісім бар. Бұл бастаманы демократиялық күштер жиырма жылдан астам уақыттан бері ұсынып келеді”, - деді ол.
Саясаткер екінші себебі алдағы сайлау кезеңдерімен байланысты екенін алға тартты.
“Кезекті парламенттік сайлау 2027 жылға, президенттік сайлау 2029 жылға жоспарланған. Алайда билік дәл сол кездегі жағдайдың одан сайын ушығып кететінін, сол себепті сайлауда сөзсіз жеңіске жетуі қиын екенін сезіп отыр”, - деп қосты ол.
Қосановтың пікірінше, дәл осы кезеңде әлеуметтік-экономикалық және геосаяси ахуалдың ушығу ықтималдығы жоғары.
“Әлеуметтік-экономикалық салада қордаланып қалған проблемалар шаш етектен, жаңа билік орнаса да, олардың көбісі өз шешімін таппай келеді. Баға мен тарифтер шарықтап барады, жалақы мен зейнетақы өспегелі қашан. Оның үстіне, геосаяси ахуал да күн сайын қиындап барады. Соңғы оқиғалар мұнайдың бағасына теріс әсер ететінін сарапшылар ашық айтып жатыр. Олай болса, "қара алтынға" қарап қалған бюджеттің де жағдайы оңай бола қоймас. Оның бәрі үкіметтің әлеуметтік және инвестициялық әлеуетін нашарлататыны сөзсіз”, - деді ол.
Аталған факторлардың барлығы 2027 және 2029 жылдары жоспарланған сайлаулар қарсаңында қоғамдық наразылықтың күшеюіне алып келуі мүмкін. Қосановтың пайымдауынша, мұндай жағдайда биліктің өз саяси сценарийін толық жүзеге асыруы күрделене түседі.
Референдум болса, қандай өзгерістер қажет?
Әміржан Қосан конституциялық реформаның кемінде үш негізгі бағыты болуы тиіс деп санайды. Біріншіден, билік тармақтарының нақты тепе-теңдігі орнауы керек.
“Бізде “Күшті президент - ықпалды парламент - есеп беретін үкімет” қағидаты ресми түрде жарияланғанымен, билік тармақтарының шын мәніндегі тепе-теңдігі орныға қоймағанын мойындауға мәжбүрміз”, - дейді саясаткер.
Ол сот жүйесі назардан тыс қалып отырғанын да атап өтті.
“Бір қызығы, өркениеттік түсінікке сай, биліктің ұшінші тармағы боп сот жүйесі саналады. Жоғарғыда келтірілген қағидатты сот жүйесі тіпті аталмайды. Бұл дұрыс емес. Өйткені тәуелсіз, атқарушы билікке жалтақтамайтын, өз үкімін өзі шығара алтын әділ сот жүйесі болмай, әділетті қоғам орнату мүмкін емес”, - деді ол.
Екіншіден, азаматтық қоғам мен оппозицияға жол ашу қажет.
“Алуан түрлі пікір – біртұтас ұлт” қағидаты жарияланғанмен бізде әлі де билікке қатысты өз ойын ашық білдіретін, жақсылығын да, жамандығын да атап, тек сынап қоймай, сындарлы ұсыныс білдіре алатын азаматтық қоғам өкілдерінің бәрі Жаңа Қазақстан құру ісіне тартылмай келеді. Биліктің өз фавориттері бар. Алайда олардың бәрін көпшілік қабылдай бермейді. Сол себепті балама партиялар мен тәуелсіз ұйымдар мен БАҚ тіркеу рәсімін өзгертпесе болмайды. Әйтпесе “баяғы жартас – сол жартас” демекші, осы жолы да Парламент құрамына жасанды, квазиоппозициялық партиялар еніп, заң шығарушы орган тағы да халық сеніміне ие бола алмай қалады. Оның өзі аса қауіпті, себебі наразылық пен қарсылық легитимді Парламент қабырғасында емес, көшелер мен алаңдарға шығып кетуі әбден ықтимал. Қанды Қаңтарды бастан кешірген қазақ үшін бұл жақсылық әкеле қоймайды”, - деп ескертті ол.
Саясаткердің пікірінше, үшіншіден, сайлау жүйесі түбегейлі реформалануы тиіс.
“Кез келген билік легитимді болуы үшін қандай да бір сайлау – ауыл әкімдерінен бастап, Парламент пен президент сайлаулары – шынайы бәсекелі, ашық әрі әділетті өтуі тиіс. Ал ол үшін барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары атқарушы биліктен тәуелсіз болып, оның құрамына азаматтық қоғам мен оппозициялық партиялар өкілдері енгізілуі шарт”, - деп қосты ол.
Саясаткер халықтың нақты қолдауына сүйенбеген кез келген реформа қоғам үшін де, билік үшін де нәтиже бермейтінін алға тартты.
