Қайрат Cатыбалдыұлы кім?

Dalanews 14 апр. 2016 13:15 3981

Билік маңында жүргендердің басым бөлігі бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің білікті маманы әрі өзін жоғары билік арасындағы "тартыстар" мен ірі қаржыгерлер тобынан қашық ұстайтын «беймәлім адам» ретінде атайды. Әдетте қарапайым халық арасында есімі көп айтыла бермейді. Кейбір сарапшылар оны ислам дінін қолдаушылардың қатарындағы қарапайым мүмін ретінде сипаттайды. «Нұр Отан» партиясы хатшылығынан босағанына көп бола қоймаған оның есімі қазір ірі қаржыгерлер сапында жиі атала бастады.

 

ҰҚК-нің сенімді сарбазы

Президент Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы туралы отандық ақпарат құралдары анда-санда ғана шағын ақпарат берумен келеді. Оның өмір жолына үңілсеңіз, «жаңа ақсүйектер» әулетінен шыққан бір топ шенділерден гөрі, есімі жиі аталмайтынын байқайсыз.

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептің түлегі Қайрат Сатыбалдыұлы күштік құрылымдарда, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтаған. Бұл салада жүретіндер елдің көзіне түскенді ұнатпайды, ал әскери саланың басы-қасындағы азаматтарға Сатыбалдыұлы жақсы таныс. Олар оның биографиясын бір кісідей біледі.

ҰҚК оны мемлекеттік құрылымның қыр-сырын меңгеруге тәрбиеледі деп ойлайтындар да бар. Кейбір деректер осы ұйымда Қайраттың шәкірттері әр сала бойынша қызмет етіп жүргенін де айтады. «Қайрат ел көзіне түспегенімен, оның пәрмені талай генералдардан мықты» деген ойын астыртын айтып қалатындар да кезігеді.

Қ. Сатыбалдыұлы әскери салада көп қызмет еткен жоқ. Кейін «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы» сынды ірі компанияларда жауапты қызметтер атқарып көрді. Ол іскерлік тәжірибеден де кенде емес.

«Нұр Отан» партиясының жауапты хатшысы қызметіне тағайындалғанда, көпшілік «Елбасының немере інісі үлкен саясатқа ден қойды» деп болжам жасаған еді. Алайда партия сапында ол БАҚ-тарға көп шыға қойған жоқ. Өзін ірі саяси амбициясы бар адам ретінде көрсеткен емес. Аракідік айтыс өнері туралы пікірлерде аты аталып жүрді.

 

«Иман жолындағы» түрлі пікір

«Нұр Отан» партиясы айтыс өнеріне Бауыржан Байбек пен Қайрат Сатыбалдыұлы кезінде иелік етті. Біраз жыл мемлекеттік телеарналардан көрсетілмей, демеушілері жан-жаққа тартып, қараусыз қалған айтыс өнерін қайта жаңғыртқан билік партиясының ісін құптағандар да, оған сенімсіздік білдіріп, «бұл ұлттық өнер майталмандарын биліктің жарнамашысына айналдыру» деп өре түрегелгендер де көп болды. Осы талас-тартыста белгілі әнші, бүгіндері Мәжіліс депутаты мандатына қайта ие болған Бекболат Тілеуханмен қатар, Қайрат Сатыбалдыұлының да есімі жиі естілетін.408739F8-2F86-403C-8446-38620FCA3FFA_w640_s

Оны жақсы танитындар қазақтың «иман жолына түсіп, Ислам құндылығын ұлт рухына сіңіруді көксейді» деп жоғары баға береді. Өзі де бір кездері «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында бала кезінен ата-әже тәрбиесінде өскенін, әрқашан ұлттық құндылықтарға бейжай қарамайтынын жеткізген еді. Осыған дейін қажылық парызын өтеу үшін Меккеге әлде неше рет барған оны «ислам дінін берік ұстанып қана қоймай, өзінің мүмкіндігі жеткенше жұртшылыққа қайырымдылық жасауға ынталы» деп, топты ортада алқау білдіріп жатады. Әсіресе, айтыскер ақындар мен журналистердің бір тобын қатарынан бірнеше жыл бойы Меккеге қажылық сапармен апарғанын баспасөз бірнеше мәрте жазды. Өздерінің Қайрат Сатыбалдыұлының танысы екенін мақтан тұтатын айтыскер ақындар да бар.

Кей кездері діни топтар арасындағы дау-шарда Қайрат Сатыбалдыұлының да есім-сойы айтылып қалады. Әсіресе, «Сопылар ісінде» бірнеше мәрте есімі аталғанымен, Қайрат Сатыбалдыұлы бұған ләм-мим деп тіс жарған жоқ.

Кезінде «Ақ орда» атты қоғамдық қозғалыс құрғанын ескерген кейбір сарапшылар оның саясатпен айналысу мүмкіндігі әлі де жоқ емес деп болжайды. Ірі саясатқа араласар болса оны қолдайтын адамдар легі де жоқ емес екенін, мысалы бүгініг айтыскерлердің дені Қайратқа пейіл танытарын жоққа шығармайтындар кезігеді.

Оны айтыскерлерді қолдаудан сырт, ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін құрметтейтіндер де жетерлік.

93e811ca741336c329aec1152b9

Кенесарыны жоқтау

2000 жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеген жазушы, журналист Думан Рамазан «Кенесары ханның басы қайда?» деп мақала жазған еді. Журналистің мақаласы зиялы қауым арасында жан-жақты талқыланды.

Газетте жарияланған мақалаға Қайрат Сатыбалдыұлы назар аударып, арнайы экспедиция ұйымдастыруға мұрындық болғанын көп адам біле бермеуі мүмкін. 2000 жылдардың басында Мәдениет министрлігіндегі басшылардың мұндай маңызды экспедицияны ұйымдастыруға саяси ерік-жігері болмады.

Әрине, бұл қаржы бөлгеннен кейін бірден шешіле салатын мәселе емес. Тарихшыларымыз Кенесары ханның бас сүйегі Ресейдің мұражайларының бірінде сақталып жатқанын біледі. Сондықтан зиялылар бұл бір газеттің аумағында шешіле салатын дүние емес екенін түсінгені анық. Бұл іске еліміздің Сыртқы істер және Мәдениет министрлері араласуы керек болды.

Кенесары ханның бас сүйегін іздеуге шыққан арнайы экспедиция Ресейдің бірнеше қалаларында болып, көптеген деректерді сүзіп шығу міндеті тұрды. Сондықтан жауапкершілігі мол іске белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай да тартылғанын білеміз. Бірнеше айға созылған экспедиция жұмысы барысында Тұрсын Жұртбай мен Думан Рамазан көптеген мұрағат құжаттарын ақтарды. Бұл тарихи экспедиция үлкен жұмыстың басы болды.

Оның бұл бастамасы мен ерік-жігеріне іші жылып, ұлт тарихын түгендеуге атсалысқаны үшін алғыс айтатындар аз емес. Кейбір сарапшылар оның бұл жұмысын «үлкен билікке өз үлесін қосудың көрінісі» деп те бағалап жатады.

 kayrat-satybaldyuly-i-maykl-kalvi-podpisali-memorandum-o-sotrudnichestve_1

«Каспий Банктің» акционері

«Нұр Отан» хатшылығынан босаған соң көп өтпей Қайрат Сатыбалдыұлының «Kaspi» акционерлік қоғамы (АҚ) холдингінің акционері атанғанын баспасөз беттері жіті назар аударып, жапатармағай жазды. Жуырда оның банктегі акция үлесі 30 пайызға дейін артқаны мәлім болды. Бұған дейін алпауыт қаржыгерлер ортасында аты аталмайтын оның бұл саладағы меншігі тек мұнымен шектелмейтіндігі де белгілі. Ол бұған дейін де «Қайрат» қайырымдылық қоры мен «Орда и К» атты бизнес құрылымын жасап, ел көзіне түскен болатын.

«Каспий Банк» – елдегі несие тарату бойынша ұтымды әрі жалпыхалықтық жолды пайдаланып отырған, тұтынушылары миллиондаған адамды құрайтын бірегей қаржылық ұйым. Осы банкке берешегі көп, қарызы басым жұртшылықтың дені қарапайым халық. Өйткені, шағын несие беру жағынан өзге банктерге қарағанда «Каспий Банктің» едәуір тәжірибесі бар. Бұған дейін осы банктің несиелік істері жөнінде бірнеше мәрте шу шығып, банкті сотқа сүйреген қарыз иелері де табылған. Бірақ боыршкерлердің онысынан үлкен нәтиже шықпады. Экономистердің дені бұл банкті несие пайызы өте жоғары екінші дәрежелі банктердің бірі деп жиі айтады.

Біздің газетке хат жазған бір оқырман «Имандылық жолын берік ұстанатын Қайрат Сатыбалдыұлы «Каспий Банктің» кредит тарату мәселесіне назар аударып, несие пайызын төмендетуге, алған қарызын төлеуге мүмкіндігі жетпейтін отбасыларға көмектесуге септесер» деген үмітін жеткізіпті. Ол, сондай-ақ, Ислам дінінде несие беру, пайыз арқылы қаржы табу «харам» екенін де айтып өткен...

 «Қала мен Дала»


Рекомендовать
Последние новости