Қайрат Айтбаев: "Ән негізінен аралас өлшемге құрылады"

Dalanews 11 окт. 2016 13:40 944

Байғабылдың ән бастарда шалқыта шертетін, не әнге ұқсамайтын, не күйге келіңкіремейтін "ән шақырғы" қара шертісін тыңдаған шығарсыз... Операның басында орындалатын увертюра іспеттес сол бір көркем туындының Байғабыл жиырма бес түрін тарқан деседі. Өкінішке қарай, бізге жеткен екі-ақ түрі бар. Байғабыл орындаған Біржан, Ақан, Естай (азан шақырып қойған есімі Есмағамбет), Майраның ұлы туындыларына ерекше сұлулық дарытатын осы "қара шертіс" жайында бұл күні көп айтыла бермейді. Ән кіріспесін Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Қайрат Байбосыновтардың да сұлу шертетіні белгілі. Ескі көздер Байғабыл Жылқыбаевтың Естай мен Майраға шәкірт болғанын айтады.

Елден шыққан жазушы Рамазан Тоқтаров Ақкөл-Жайылма жерінде Біржан салдың Шыман болыстың шаңырағына түскенін жазған. Сол сауық кеште жас Естай Біржан салға бір ауыз өлеңмен сәлем береді. Сал Біржан "мына жігіттің дауысында аруақ бар" деген екен. Біржан ауылдан кетерінде Әлхәмбек деген домбырашы шеберді алдырып, Естайдың дауысына келетін домбыра шауып беруін тапсырады, және қолы домбыраға жүгіретін болсын деп шебердің қолына ақысын ұстатқан.

Дала консерваториясының талғам-талабы әнді бастар қара шертісіне, ән сүйемеліне, һәм дауыс мәдениетіне ерекше көңіл бөлгені анық. Байғабылға Естайдан, Естайға Әлхәмбектен жұққан мәдениет осының айғағы. Кейде мені үлкен өнерді тудыратын жеке тұлға ма, әлде өскен-өнген ортасы ма,- деген мәселе ойландырады. Қазақта алты бөлімнен құрылған екі ән бар, оның бірі халық әні "Қызыл бидай" екіншісі "Қорлан". (Негізінен халық әндері екі бөлімнен, шумақ және қайырмадан тұрады) Бір ладтан ауытқып екінші ладқа ауысатын жалғыз ән ол - Қорлан. (Музыка тілінде бұл әдісті ауытқу, яғни «отклонение» дейді). Люллиден басталып, Гайднмен шыңдалған Еуропаның классик симфонистері қолданатын бұл әдісті қазақ топырағында алғаш өрнектеген Естай екен. "Жайқоңыр" мен "Бір мысқал"әндері де халқымыздың ән әлеміндегі өзгеше құбылыс болып саналса, Сандуғаш, Ақжалмаш, Юран-ай әндері Естайдың композиторлық ерекшелігін көрсететін дара шығармалар екенінде дау жоқ. Жалпы Ақкөл-жайылма жерінде ән мәдениеті Естайға дейін қай шамада болды? Естай кімді үлгі тұтты дегендей ойлардың түртпектейтіні бар. Бала кезімде Қаражар ауылынан нағашыларымыз қонаққа келіп, бір дастарханда айнала отырған адамдардың бәрінің қолына домбыра алып ән салғанын көріп едім. Олардың дені Естайдың көзін көрген ауылдас өнерпаздар болатын. Балалық. Естай кім? Өнерпаз қандай болады? Өнер деген не, қисса деген не?- қайдан біліппіз. Есімізді жиып, бұл кісілерді енді жазып алу керек деп қолыма бейне камеремды алып барсам, Кәкен нағашым ғана қалыпты.

Қазақ ұлттық өнер университетінің жанынан құрылған фольклорлық орталықтың басшысы Базаралы Мүттекеевке Ақкөл - жайылмадағы көненің көзі, әнші, қиссашы Кәкен ақсақалдың көрген білгенін таспаға жазып алу керек екенін айттым. Базекең (марқұм) құптады. Әңгіме барысында Кәкен ақсақал Естай туған ауылда он төрт қиссашы, бірнеше әнші болғанынан хабардар етті. Бір кішкентай ауылда он төрт қиссашы болды дейсіз бә,- деп қайта нақтылап алдым? Иә деп, есіне түскен қиссашылардың атын атай бастады. "Естайға жиын-тойда ән салғызу қиын еді. Көбінде өзі ән салмай, ауылдың әнші, қиссашыларын тыңдап, ән салып отырған әншіні көтермелеп отыратын"- дейді ақсақал. Кәкен атаның өзіне де ән салып беруін өтіндім. Сексен үштегі атамыз домбыраны қолына алып әлгі "қара шертісті" желдіртіп алды. Қолының шапшаң қимылына, дыбыстың шынайылығына қайран қалдым. «Қарғам-ау» мен «Балқадишаны» салды, және бірнеше қиссаның басын қайырды. Қиссаның әуені негізінен домбыраның бас буынында өрбиді, қатты айғайға басып салу қисса жанрына тән емес. Тек бірнеше ауыздан соң домбыраны бойлап бір қайырып алып, әуелгі қоңыр әуенге қайта ауысады. Менің байқауымша, қисса-жырдың уызына жарып өскен жаңашыл Естайдың талант қиялынан балқып туған "Бір мысқал", "Жай қоңыр" әндері ән қалпына түскен Ақкөлдің жыр мақамы десе де болатын сияқты. Әуені өзгеше болғанымен, пішіні бір. Кесіп айту қиын. Туған топырақтың тұлғаның қалыптасуына әсері болмауы мүмкін бе?...

Ақсақалдың сөзіне қарағанда Ақкөл жайылма өңірі өнерпазға кенде болмаған.

"Ақкөлге барғанымда әнге салдым,

Елінен Қанжығалы өрнек алдым.

Баласы Сүйіндіктің әнге құмар,

Уілін, ырғағымен алып қалдым."-деп шырқаған екен Мұстафа әнші.

Қазақ өнерінің киелі ордасы болған Баян ауыл тумасы Мұстафаның шуақты сөзі Ақкөл-жайылмада ән өнерінің қуатты ошағының болғанын көрсетпей ме?! "Уілін, ырғағымен алып қалдым"- "Уіл"- термині әннің орындалуына, нақты айтсақ вокалдық көркемдігіне қатысты пікір болса керек.

Бүркітбай халқымыздың ерекше сұлу, асқақ әнінің бірі. Мұстафаның "Бүркітбай" әні жаңаның басы десек те болады. Бүркітбайға дейінгі қазақ әндерінің ырғағы негізінен қарапайым 4/4,2/4, болып келеді. Мысалы қазаққа кең тараған Елім-ай әні. "Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзге мөлдіреп жас келеді."

Ал Бүркітбай... Бүркітбай бай ырғақты әнге жатады. Енді ырғақ мәселесіне кеңірек тоқтайық. Дәл қазіргі заманның әндері негізінен 3/4, 6/8, 4/4, 2/4 өлшемінде келеді. 6/8 өлшемінде басталса, 6/8 өлшемінмен аяқталады немесе 3/4 өлшемінде басталса, 3/4 те аяқталады. Мысалы Шәмші, Әбіләхат, Ілия Жақанов әндері. Аралас өлшемді әндер жоқтың қасы. Бұл кезеңнің әндерінің қарапайым өлшемі Естай, Үкілі Ыбырай, Мәди әндерінде күрделене түседі. Ән негізінен аралас өлшемге құрылады. Одан әрі Ақан, Біржан заманы күрделі ырғақты, бай ырғақты әндердің ғасыры десек болады. Ал Қултума, Бүркітбайлардың дәуірінен әрі барсаңыз қайтадан бір қалыпты әндердің дәуірі басталады. Тек ол заманда вальстектес 3/4, 6/8 өлшемі кездеспейді. Яғни, әр ғасырда музыкалық өлшем өзгеріп тұрады. Такт өлшемі бір қалыпты әндердің заманының өткенін сезген ұлы Біржан керек десеңіз " Ырғақты" деп ән шығарған. Не бары жиырма үш тактіден тұратын ән, тоғызы рет құбылып өлшемі өзгереді. Табиғи таным түйсігі терең Біржан сал әннің атын такті өлшемінің құбылуымен байланыстыруы, "дала музыканттарының қайсысында музыкалық терең білім болыпты", - деген жаңсақ пікірдің тас-талқанын шығарғандай. Рас, XIX ғасыр музыканттарында ноталық сауат болмағаны анық, бірақ теориялық таным болмаса қанша ғасыр қазақ өмір сүрсе, сонша ғасыр қазақпен бірге жүретін ән-күй қалар ма еді?!.

2005 жылы музыка академиясын тәмәмдап Павлодар облысындағы музыка колледжіне жұмысқа орналастым. Туған ағам әнші Ерболдың үйінде тұрдым. Бір күні үйге Новосибирскінің бір ауылында тұратын әкемнің бөлесі қонаққа келді. Новсибирскіге аштық жылдары Ертіс ауданынан көшіп кеткен болса керек. Бәлкім, дұрысы босып кеткен шығар. Әлгі бөле ағамыздың өзі де, баласы да бір ауыз қазақша білмейді. Түр келбеті қазақ болғанымен орыстың мінезі әбден сіңген екен. Енді ше? Орысқа қыз берген, орыстан қыз алған. Тіпті тамақ ішуі де қазаққа ұқсамайды. Ерекеңе орысшалап ризашылығын айтты, сосын қонаққа шақырды. "Если летом не придешь с женой Ербол, грош твоя цена", - деп бір қойды. Бір кезде "спой Ербол", - деді. Мен Ербол не ән айтар екен деген ойда отырдым. Домбыраны қолына алып ағам баяғы елге кең тараған қара шертісті шалқыта жөнелді. Сол кезде әлгі бөле ағам: "О! Жилкибаев", - деді. Көзі жасаурап кетті. Бәрін ұмытқан көкірегі елге тараған қасиетті қара шертісті ұмытпаған екен. Осы сәт менің есіме түскен сайын бір түрлі күй кешемін.

Қайрат Айтбаев, Қазақ ұлттық өнер университетінің


 оқытушысы 


Рекомендовать
Последние новости