Қайырымдылық концерті өтті

Dalanews 23 февр. 2015 09:09 1408

[caption id="attachment_9490" align="alignright" width="448"]жастар Қайырымдылық концертіне белсене қатысқан жастар[/caption]

Болашақта еліміздің өркендеуіне білімді жастар ғана биік асулардан аса алатынын ескерсек, балаларға жасаған қамқорлық елімізге еселеп қайтатыны анық. Ел тірегі, ертеңіміздің кепілі болған жас ұрпақ!

Әрбір жаңа істің басы-қасында жастар жүретіні айдан анық, сол үшін де халқымыз «Асыл тастан, ақыл жастан» деп, жастардың қоғам дамуындағы рөліне ерекше мән берген. ҚазҰТУ жастары қашанда ізгі іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Оған бүгінгі жастардың іс-әрекеті дәлел!

Университеттің акт залында туғаннан сүйек сынғыштық ауруына шалдыққан, соның салдарынан небары үш жасқа дейін аяғы 30 жерден сынған Оразбекова Аружан атты кішкентай бес жасар қызға арналған «Сәбидің бақыты біздің қолымызда! Жақсылық жасауға асығайық!» атты қайырымдылық концерті болды. Іс-шара 5В070400 – «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының ВПб-14-1к және ВПб-14-2к топ студенттері мен Жастар ұйымдары комитетінің ұйымдастыруымен, университет басшылығының қолдауымен өтті.

Қайырымдылық концертіне университет студенттерімен бірге елімізге танымал бірнеше эстрада әншілері Талғат Жорабаев, Қанат Үмбетов, Дидар Кәден, «Жебе» тобы, «JS» тобы, «Арман» тобы және т.б. қатысып, қайырымдылық көрсетті. Университеттің акт залына толы көрермен қайырымдылық концертін ыстық ықыласпен қабылдады. Концертті тамашалауға келген университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер де қайырымдылық жасаудан қалыс қалған жоқ. Олар залға қойылған жәшікке мүмкіндіктерінше қаржы салды. Қайырымдылық концертінен түскен қаражат Оразбекова Аружанның ата-анасына табысталды.

Іс-шараны өткізуге ат салысқан барлық жандарға алғысымызды білдіреміз. Соның ішінде осы шараның өз дәрежесінде өтуіне атсалысқан белсенді студенттер Диана Монтаева, Арайлым Турлыбекова, Алия Ізтілеуді ерекше атап өткім келеді. Әрбір адам шарапаты мол істерді жасауға атсалысса, нұр үстіне нұр болады. Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Алдағы уақытта да мұндай игі шаралар жалғасын тауып, көмекке мұқтаж жандарға демеу болу міндетіміз деп білеміз.

 Салтанат Нұралықызы,


Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті


Ақпараттық және телекоммуникациялық


технологиялар институты


ВПб-14-1к, ВПб-14-2к топтарының эдвайзері


Рекомендовать
Последние новости