Қайымға "қол салғандар" кімдер?

Dalanews 02 мар. 2017 11:49 857

 

Күнделікті өмірдің материалдық қиындықтарын оңай жолмен шешудің бір себебі адамның рухани құлдырауынан шығатынын күні кеше Қайымдай ғалымның ныспысын талқандап кеткенде көрдік. Ұлт үшін саналы ғұмырын сарп еткен тұлғаны қастерлеу керектігін жасынан ұғынбаған ұрпақтың ісін кешіруге бола ма? Бұған қанша жерден саяси астар іздеудің қажеті жоқтығын айтып, жергілікті атқарушы билік «бұзақылық іске» жатқызғанымен, Қайымның аты Қайым! Абай мұрасын түгендеудегі ұшан-теңіз ғалымдық еңбегі Әуезовтен бастап әлдеқашан мойындалып қойған.

Расы керек, біз өз құндылығымызды ешуақыт қорғай алмайтын халықпыз. Ол бір ме? Қазақтың мықтысы кімдер екенін ұрпақ санасына сіңіруде тәрбиенің жеткіліксіздігі, ұлттық идеологияны дәріптеудің өте әлсіздігі дүниетанымы дүбара ұрпақтардан құралған қоғамды қалыптастырып отыр. Бұл екі. Үшіншіден осы шынымен әріптердің қымбат болуы себепті тоналғаны рас болса, бейнебақылау камерасы қалайша қойылмаған?! Демек, Семейде мәдени орындардың, нысандардың, ескерткіштердің қорғалуын қамтамасыз ету мәселесін жергілікті атқарушы билік әлі күнге дейін қолға алмаған деген сөз. Әйтпесе, қаланың басты көшесі саналатын әрі жарығы түні бойы самаладай жарқырап тұратын Абай көшесінде орналасқан ғалым ескерткішіндегі «Қайым Мұхамедханов» жазуынан тапа-тал түсте (мейлі жеті қараңғы түнде болсын)  «нов» бөлігінің тоналғанын ешкім көрмей қалуы мүмкін емес қой!

Сонымен «Қайым Мұхамедханов» жазуының әріптері латуньнен құйылғаны себепті ұрланған болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл қаладағы ескерткіш атаулыға жауапты қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманының айтқаны. Басқа саяси астар жоқ көрінеді. Расымен солай ма?! Осыдан біраз жылдар бұрын Павлодар трассасы бойындағы қорымға жерленген Қайым бейтінің қоршауларын да әлдекімдер қиратып кеткенде осындай болжамды құлағымыз шалған. Ол бұзақылықты кімдер жасағыны сол күйі анықталған жоқ. Анығына қарайық: бұзақылықпен бейіт қоршауын бұзу керек болса, тұлғаның аты жазылған әріптерді алып кету керек болса, неге Қайым ғана таңдалады?!  Әлеуметтік желіде осы іске байланысты жазылған пікірлер ішінде «ең құрмаса «н» әрпін қалдыру керек еді» деген соқыр ұстанымды да көріп қалдық. Сонда қалған екі әріп «ов» болғаны себепті ұрланса, Қайымдай ғалымның тегін «Мұхамедхан» деп ұрылардың  «түзетіп кеткеніне» алғыс айтуымыз керек пе?! Сөз жоқ бұл да рухани құлдырауымыздың бір мысалы.

Семейліктер жақсы біледі, өткен жылдың соңында қаладағы Интернационал көшесі Қайымның атына берілетіндігі жөнінде қалалық мәслихат бірауыздан қолдап, шешім қабылдады. Бірақ, ресми түрде әлі бекітілмесе де күллі қазақ мұны қуана қабылдады. Жасыратын несі бар, нақ сол кезде бұл істі жүзеге асыру оңай болған жоқ. Ғалымның аты Интернационалмен жапсарлас жатқан елеусіздеу Шмидт көшесіне беріліп кете жаздап, әрең қалған. «Интернационалдан» құтылып, Қайымның көшесімен аяңдап келе жататын күнді асыға күткен қазақ үшін бұл тонау «бұзақылық» емес, ұлтжандылықтан мақұрым өскен надан ұрпақтың қолымен жасалған нағыз қорлық!

Тоқетерін айтқанда, қазақ өз құндылықтарын күндіз-түні қорғап, оның қорлануына жол бермеуі тиіс!

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,


Семей қаласы.


Рекомендовать
Последние новости