"Қай компания салса да, бастысы – нәтиже" . Ақмола облысының әкімі құрылыс сапасына басымдық беріп отыр

Ақтоты Жапатова 01 авг. 2025 13:01

Жаңа жылдан бастап мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, енді құрылыс жұмыстарына арналған конкурстық рәсімдер рейтингілік-баллдық жүйе арқылы өткізіледі. Бұрын мердігер ең төмен баға ұсынған компания болып саналса, қазір жеңімпаз автоматты түрде анықталады. Яғни, адами фактор толығымен алынып тасталған,- деп хабарлайды Dalanews.kz

— Жаңа жүйенің бір артықшылығы — конкурс нәтижесі енді шағымдануға жатпайды. Бұл жобаларды жүзеге асыруға оң әсер етеді, — деді өңір басшысы.

Портал жергілікті компанияларға артықшылық беру үшін қосымша балл тағайындайды. Сондай-ақ, материалдық және еңбек ресурстарының болуы, тәжірибе және өзге де критерийлер ескеріледі. Конкурс өткізу мерзімі де қысқартылған.

Егер 2022 жылы жергілікті мердігерлермен келісімшарттардың небәрі 18,5%-ы жасалған болса, биыл бұл көрсеткіш 87%-ға жеткен. Нәтижесінде, облыс бюджетіне түскен салық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 80 млрд теңгеге артқан.

— Жергілікті бизнес қаншалықты жақсы жұмыс істесе, соғұрлым өңірге салық көп түседі. Сонымен қатар, олар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтиды. Бұл – қосымша жұмыс орындары мен халық табысының артуы, — деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Бұрын жиі жеңіп шығатын басқа өңірлердің мердігерлері техникалық мүмкіндіктері мен жұмыс күші болмағандықтан, жобаларды субмердігерге беріп, қаржыны алып, кете баратын. Бұл жағдай ұзаққа созылған құрылыс пен жобаның қымбаттауына әкелетін.

— Екі жылдан бері мен барлық құрылысты түзетусіз аяқтау туралы тапсырма беріп келемін. Маған кімнің салып жатқаны маңызды емес, нәтиже керек. Бүгінде жылдам әрі сапалы жұмыс істегісі келетін адамдар көбейді, — деді әкім.

Бұрын аз көлемдегі жобалар бірнеше жылға созылатын. Қазір мұндай жобалар толықтай бір жылға шоғырландырылған. Бұл мердігерлерге асыра пайда табуға жол бермейді.

— Бұрын жобаның екі-үш жылға созылатынын айтсақ, олар бірден келесі жылы қанша пайыз қымбаттайтынын есептейтін. Ал қазір біз бір жыл ішінде жүзеге асыруды талап етеміз. Қатаң бақылау бар, талап жоғары. Сол себепті бұрынғыдай “пайда қуып” келетіндер азайды, — деді облыс басшысы.

Өңірде өткен жылы 28 үй, ал биыл тағы 12 үй пайдалануға берілген. Келесі жылға өтетін 20-ға жуық үй бар. Екі жыл ішінде басталған барлық жобаларды аяқтап, жаңа жүйеге толық көшу жоспарланған.

— Білім беру нысандары бойынша 2021 жылы аяқталуы тиіс болған төрт мектептің құрылысы биыл аяқталады. Бұл – Бұланды, Петровка, Жаңажол және Бестөбе ауылдарындағы мектептер. Биылғы оқу жылы осы жаңа мектептерде басталады. Себептері әртүрлі болғанымен, ең бастысы – сабақ алуымыз керек, — деді Марат Ахметжанов.

Дегенмен, өңірде әлі де аяқталмаған жобалар бар. Бұл тек құрылыс нысандары емес, сонымен қатар жылу, сумен жабдықтау инфрақұрылымдарына да қатысты. Аталған жобалар бойынша сот процестері жүріп жатыр.


Рекомендовать
Последние новости