“Қауіпті жазба жариялаған”. Алматыда елді дүрліктірген жасөспірім ұсталды

Қаракөз Амантай 13 дек. 2025 10:00

Алматыда мектептерге қатысты үрей тудыратын жазба жариялаған жасөспірім анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қалалық полиция департаментінің ақпаратынша, 10 желтоқсан күні әлеуметтік желіде қару бейнеленген суретпен бірге білім беру ұйымдарына қауіп төндіретін мазмұндағы жазба жарияланған. Аталған ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызып, полиция тарапынан жедел тексеріс басталған.

Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізіп, қысқа уақыт ішінде жазбаның авторын анықтады. Белгілі болғандай, ол Наурызбай ауданында орналасқан №207 мектептің 8-сыныбында оқитын кәмелетке толмаған оқушы болып шықты.

Жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізіліп, онымен профилактикалық әңгіме өткізілді. Сонымен қатар баланың ата-анасы бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматы қалалық полиция департаменті мұндай сипаттағы кез келген ақпараттың заң аясында қатаң бағаланатынын ескертті. Құзырлы орган өкілдері қауіп төндіретін жазбалар қоғам қауіпсіздігіне нақты қатер туғызатынын және жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтіретінін атап өтті. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың интернеттегі белсенділігін бақылап, цифрлық қауіпсіздікке ерекше назар аудару қажеттігі тағы бір мәрте ескертілді.


Рекомендовать
Последние новости