Қауіпсіздік техникасын сақтамау салдарынан карьерде жұмысшы қаза тапты

Dalanews 04 мар. 2024 10:51 2176

 

Қайғылы оқиға ШҚО Күршім ауданында болған.

 4 наурызда кешкі сағат 16.00-де Маралды ауылындағы карьерде жұмыс істеп жатқан “Муртазаев” жеке кәсіпкерлігінің жұмысшысы қауіпсіздік техникасын сақтамау салдарынан қаза тапты.

Ол бульдозер мен экскаватордың арасында қысылып қалған, хабарлайды Dalanews.kz порталы Altainews.kz - ке сілтеме жасап.

Бізге белгілі мәліметтер бойынша, батып қалған кранды жұмысшылар  бульдозерге тіркеп алып шықпақ болған. Осы кезде бульдозер артқа қарай сырғып кетіп, краншы екі техниканың арасында қалып қойған.

Қаза тапқан азамат – компанияның штаттық қызметкері емес, Зайсан ауданынан келген “Муртазаев” жеке кәсіпкерлігінің жалдамалы жұмысшысы. 

Ал бульдозер жүргізушісі – Күршім ауданының тұрғыны.

Алдын ала болжам бойынша, кісі өлімімен аяқталған өндірістегі бұл қайғылы оқиғаның себебі – қауіпсіздік техникасын сақтамау.

Жағдай бақылауға алынды. Оқиға орнына құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар қызметінің және Күршім ауданы әкімдігінің өкілдері дереу аттанды. 

Маралды ауылындағы жалдамалы жұмысшының қазасына байланысты жағдайды ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы дереу назарға алып, тексеру жүргізуді  бастады.  

Оқиға орнына мердігердің қосымша күштерді тартуының заңдылығы мен қауіпсіздігін, объектідегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуын және болған оқиғаны объективті бағалау үшін талаптардың орындалуын жан-жақты тексеретін мемлекеттік инспекторлар жіберілді.

Шығыс Қазақстан облысының басшылығы жағдайды анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту үшін құзырлы органдардың алдына қатаң талап қойды.

 
 
 

Рекомендовать
Последние новости