Екі баласын тұншықтырып өлтірген әйелге қатысты тың дерек айтылды

Көркем Алдабергенова 27 февр. 2024 17:35 9153

Қызылордада өз балаларын тұншықтырып өлтірген әйелге қатысты жаңа деректер айтылды. Екі баласын өлтірген әйел жайлы оның таныстары "Көреміз" бағдарламасында айтып берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Күдікті келіншек Шиелі ауданында туған. Жоғары оқу орнын бітірген соң 10 жылдай ұстаздық қызмет атқарған. Мектеп әкімшілігі, оқушылардың ата-анасы, әріптестері, көршілерінің сөзінше, ол оқушылармен тез тіл табысатын, ата-аналармен қарым-қатынасы жақсы, ақжарқын мінезді екен. Мақтау мен мадақтау қағазы көп келіншек-отбасындағы жалғыз перзент. 25 жасында тұрмысқа шыққан келіншектің 2 баласы болған.

Сұмдық оқиға болмас бұрын ол әлеуметтік желіге екі баласы мен өзінің қолын суретке түсіріп, "жүректеріміз мәңгі бірге" деп жазба қалдырған.  

Келіншек жантүршігерлік қылмысты жасағаннан кейін жасырынбақ болып түнеген Шымкенттегі қонақ үй қызметкерлері "ол мұнда келген жоқ" деп ат-тонын ала қашты. Ал оны қалай ұстап әкеткенін көрген қала тұрғындарының бірі әйел қылмыс жасаған адамға ұқсамағанын айтты. 

"Көрдім, бірақ не үшін әкетіп бара жатқанын түсінбеген ем. Кейін интернеттен көрдім. Қоңыр түсті шуба киіп алған, түрі уайымдап бара жатқан адамға ұқсамады", – деді тұрғындардың бірі. 

Ал әйелдің көршілері тың деректі жария етті. Олардың айтуынша, қыздың дерті болған. 

"Студент кезде ауырып, молдаларға апарып, қазақы ем-дом жасаған. Содан кейін жақсы боп кеткенімен, алдыңғы жылы қайтадан дерті асқынған екен. Ұйықтап жатып бір жаққа кетіп қап, кейін тауып алып келіпті дегенді естідік", - дейді келіншек туған ауылдың тұрғындары. 

Ал емхана қызметкерлері диспансерлік есепте тұрмағанын, тек жүктілік кезде бақылауда болғанын айтты. Келін боп түскен жерінде көршілес тұратын тұрғындар ата-енесі де, күйеуі де өте жақсы адамдар дейді.  

"Жұмыстан келіп, балаларды балабақшадан алып кеткен. Үй іші кешке келмегеннен кейін іздей бастаған. Күйеуі жұмыстан 11-12-лер шамасында келсе, кетіп қалған екен. Бірінші құрбысына жазып, "мені алып кетіңдерші" деп орналасқан жерін жіберіпті. Құрбысы келіншектің күйеуіне хабар беріп, үш адам болып сол жаққа барған. Сол кезде сұмдық оқиға болғанын білген", –дейді көршілерінің бірі. 

Күдіктінің Ләйла есімді туысы оның бұрыннан ауытқуы бар екенін, кішірек кезінде бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты. Ал қайынінісі жұбайлар арасында мүлдем ұрыс-керіс болмаған дейді. Сөзінше, не жағдай болғаны өздеріне де жұмбақ болып отыр. 

"Ішкен екен, ұрыс-керіс болған екен, ауытқуы бар дегенге сенбеңіздер. Оның бәрі – жалған", – деді ол. 

Еске сала кетейік, биыл 7 ақпанда Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі кішкентай баланың денесі табылды. Кейбір мәліметтер бойынша оларды анасы жастықпен тұншықтырып өлтірген.

Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себебін анықтау үшін балалардың денесі сараптамаға жолданды.


Рекомендовать
Последние новости