Қазақстан Байқоңырды дамытуға 100 миллиард теңге жұмсаған. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың айтуынша, енді бұл инвестициялар елге нақты табыс әкелуі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақстан Байқоңырды дамытуға өз қаражатын құйды. Сондықтан болашақта зымыран ұшырылған сайын, біз жалға алу төлемінен бөлек, нақты қаржылай үлесімізді алып отыруымыз керек. Қазір бұл мәселені нақтылап, қандай сома түсетіні жайлы шешімдер қабылдануда. Менің ойымша, бұл пайда айтарлықтай болуға тиіс", – деді Сайыров.
Депутаттың айтуынша, Ресей әлі де Байқоңырдан бас тарта алмайды, себебі әлемде дәл осындай техникалық мүмкіндіктерге ие нысан жоқ.
"Байқоңыр – бірегей стратегиялық нысан. Сондықтан Қазақстанның бұл жобаға қатысуы енді тек формалды емес, нақты қаржылай пайдамен өлшенуі тиіс", – деді ол.
Бұл бастама жүзеге асса, Қазақстан ғарыш саласындағы ықпалын арттырып қана қоймай, бюджетке қосымша түсім түсірудің жаңа көзін қалыптастырады.