Қаржы пирамидасынан зардап шеккен азаматтарға 12 млрд теңгеден астам қаражат өтелді

Кәмшат Тілеухан 17 окт. 2024 09:43 1237

Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері 20 млрд теңгеге жуық шығынмен қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 57 қылмыстық істі тергеді. Мұндай күмәнді ұйымдарға 21 мыңнан аса азамат тартылған. Оның нәтижесі бойынша 12 млрд теңгеден астам қаражат өтелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Агенттікте алаяқтық жобалардың өмірлік циклін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға бағытталған "Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы енгізілді.

Мәселен, Алматыда HitBeatMusic қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

"Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15% - на дейін пайдасын уәде етті. Келтірілген залал сомасы 255 млн теңгені құрайды", делінген 2024 жылы 17 қазанда таратылған ҚМА хабарламасында.

Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ агенттік IT-құралдарды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жасайды.

2024 жылы қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелері бұғатталды. WhatsApp, Telegram және Instagram-да 292 чат бұғатталған.

Осылайша, 2 млн астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды.

"Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері Qnet, World Business Consulting, Finiko Antares/Antares Trade, Sincere Systems Group/S-Group, Hermes LTD, Life is good, Chia Tai Tianding/Chia Tai Pharmaceutical Energy Eolus Oazqstan/Eolus сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды", делінген хабарламада.


ҚМА адам ақша салғысы келетін компанияны қаржы пирамидасының белгілеріне тексеруге мүмкіндік беретін телеграм ботты іске қосты. 

Сонымен қатар, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ұсталған барлық жалған жобалардың тізімі мына арада жарияланған. 


Рекомендовать
Последние новости