Қаңтар оқиғасы. «Азаптау» ісі бойынша екі полицей 3 жылға сотталды

Dalanews 18 янв. 2023 08:09 960

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 қылмыстық соты Қаңтар оқиғасынан соң азапталдым деген Тимур Радченконың шағымын қарап, полицейлер Бақыт Хамит, Арнат Бимурзаев және Дәулет Қалымбайға үкім шығарды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Судья Роман Селицкий Хамит пен Бимурзаевты "Азаптау" бабымен айыпты деп тауып, үш жылға соттады. Олар жазасын қоныс колониясында өтеуі тиіс. Ал Қалымбайдың "қызметіне салғырт қарады" деген айыппен бір жарым жылға бас бостандығы шектелді.

Сот үшеуін қызметте алған шендерінен айырып, үш жыл органда жұмыс істеуге тыйым салды. Айыпталушылар сотта өз кінәларын мойындамады.

Үш полицейге үкім шыққанын судья Селицкийдің хатшысы Айдана Айділдаева растады, бірақ ол басқа ақпарат беруге құқығым жоқ деп үкімге қатысты пікір айтпады.

Бақыт Хамиттің адвокаты Марат Айдарбеков Азаттыққа "үкіммен келіспейтіндерін, апелляциялық шағым түсіретіндерін" жеткізді.

Адвокаттың ойынша, тергеу кезінде көп заң бұзылған, ал тергеуге себеп болған видеожазба заңсыз жолмен алынған.

– Мұндай видеожазба тергеу сотының санкциясымен ғана алынуы керек, себебі оқиға күзетілетін құпия мекеме – полиция бөлімшесінде болған. Бірақ тергеу сотының санкциясы болмаған. Егер дәлелдің алыну жолы заңсыз болса, сот ол видеоны қабылдамауы керек еді, – дейді адвокат.


29 жастағы Тимур Радченконы азаптау ісі қараша соңында қарала бастаған. Ол сотта "2022 жылы 8 қаңтарда полицейлер көлік айдап кетті деген күдікпен өзін Бостандық ауданы полиция бөлімшесіне апарып, соққанын" айтқан. Радченко полицейлер төрт күн бөлімшеде заңсыз ұстағанын да мәлімдеген.

10 қаңтардағы отырыста прокурор полицейлерге төрт жыл түрме жазасын сұраған. Ал Радченко "Қалымбай мен Бимурзаев шығынды өтегенге дейін кешірім сұрады" деген.

– Олар төрт жыл отырғанын қаламаймын, бұл көп. Оларды кешірдім, отбасылары бар, жұмыстан да шығармасаңыздар. Ал Бақыт Хамит кешірім де сұраған жоқ, одан моральдық шығын ретінде 300 мың теңге өндіруді сұраймын. Кешірім сұрамады. Судья, өзіңіз шешерсіз, – деді Радченко сотта.

Ал соттағы соңғы сөздерінде Хамит, Қалымбай және Бимурзаев айыппен келіспеген. Бірақ Бимурзаев Радченкоға қол көтеріп жібергенін мойындаған.

– Айыппен келіспеймін. Тимур Радченкомен таныс емеспін. Қаңтар оқиғасы кезінде төрт күн демалыссыз жұмыс істедім. Радченко тіл тигізгенде салып жібергенім рас. Үстіндегі киімінің "капюшонын" жұлып алғаным да рас. Азаптамадым. Үкім шығарарда төрт балам барын ескерсеңіз, жәбірленушіден де кешірім сұрадым, – деді Бимурзаев сотта.


Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған жүздеген адам қамауда азапталғандарын айтқан. Бас прокуратура Қаңтар қырғынында қаза тапқан 238 адамның алтауы азаптаудан көз жұмды деген.

Билік басында азаптау фактілерін жоққа шығарып келген, кейін азаптау фактілерін айтушылар көбейген тұста бұл ақпаратты мойындады.

Бас прокурор Берік Асылов 5 қаңтарда парламенттегі жиында азаптау шағымдары бойынша 329 іс қозғалып, прокуратурада ҰҚК мен полицияның 34 қызметкерінің ісі қаралып жатқанын айтқан.

Рекомендовать
Последние новости