Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті мамандары жастардың радикалды және экстремистік топтардың ықпалына түсу себептерін атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай ағымдарға көбіне әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға тап болған жастар бейім келеді. Сонымен қатар, білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби дағдылары жоқ NEET санатындағы жастар да қауіп тобында.
Мамандар діни ізденіс үстіндегі, бірақ ақпаратты сенімсіз немесе күмәнді дереккөздерден алатын жастардың да тәуекелге жиі ұшырайтынын атап өтті. Бұған қоса, дүниетанымы толық қалыптаспаған, өмірде өз орнын іздеп жүрген жасөспірімдер мен жастар, сондай-ақ қоғамда әділетсіздікке немесе кемсітушілікке тап болған азаматтар да радикалды идеяларға еріп кетуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, діни және құқықтық сауаттылықтың төмендігі де негізгі факторлардың бірі. Осыған байланысты жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды.
