Қостанай тұқымына жататын "Патрон" жылқысы Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясы Кубогының бірінші кезеңінде 2-орын иеленіп, жоғары дайындық деңгейін, басқаруға икемділігін және техникалық тұрғыдан күрделі сайыста бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл нәтиже тарихи маңызға ие. Өйткені Қостанай жылқысы алғаш рет ел Кубогы деңгейіндегі выездка жарыстарында жүлдегерлер қатарына енді. Бұл жетістік тұқымның әмбебаптығын ғана емес, сондай-ақ дәстүрлі түрде жоғары дәлдік пен үйлесімді қозғалысты талап ететін классикалық еуропалық ат спорты түрлерінде де бәсекеге түсе алатынын көрсетеді.

Қостанай жылқысы – елімізде өсірілген алғашқы салт міну-арбаға жегілетін тұқымдардың бірі әрі ұлттық генқорға енгізілген ерекше тұқым. XX ғасырдың ортасында қалыптасқан бұл жылқы түрі төзімділігімен, күш-қуатымен және Қазақстанның қатал климаттық жағдайына бейімділігімен ерекшеленеді. Бұрын әмбебап жұмыс және спорт жылқысы ретінде пайдаланылса, бүгінде ол заманауи ат спорты бағыттарында, соның ішінде выездкада да әлеуетін айқын көрсетіп келеді.
Allur компаниясы Қостанай жылқы тұқымын дамытуға бағытталған негізгі серіктестердің бірі саналады. Компания ұзақмерзімді стратегия аясында тұқымды сақтау, асылдандыру және кеңінен таныту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, асыл тұқым базасын дамыту, генетикалық әлеуетін жақсарту, заманауи жаттықтыру әдістерін енгізу арқылы жылқыларды ұлттық және халықаралық жарыстарға дайындау жұмыстары қолға алынған. Осылайша, отандық ат спортының дамуына жағдай жасалып, Қостанай тұқымы Қазақстанның ұлттық бренді ретінде халықаралық деңгейде ілгерілетілуде.

"Патронның" жетістігі – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл таңдалған стратегияның тиімді екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Айта кетейік, бұл Қостанай жылқыларының Allur аясындағы алғашқы табысы емес. 2025 жылы компания командасы «Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафон-байгесінде жеңіске жетіп, отандық тұлпарлардың ұзақ қашықтықтағы төзімділігін тағы бір дәлелдеген болатын.
Осылайша, Қостанай жылқысының выездкада жүлделі орынға көтерілуі – отандық жылқы шаруашылығы тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы. Бұл оның әртүрлі бағыттағы заманауи ат спорты түрлерінде жоғары әлеуетке ие екенін айқындай түседі.
