Қазақстан жаңа конституциялық кезеңнің табалдырығында тұр. 2026 жылғы 11 ақпанда Мемлекет басшысы республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, келесі күні жаңа Конституция жобасы ресми түрде жарияланды. Алты айға созылған қоғамдық талқылау барысында 10 мыңнан астам ұсыныс жиналып, конституциялық комиссия ондаған отырыс өткізіп, құжатты жүйелі түрде пысықтады. Сарапшылар бұл процесті 1995 жылдан бергі ең ауқымды институционалдық жаңарту деп бағалайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа Конституция жобасы тек құқықтық құжатты жаңарту емес, мемлекетті басқарудың философиясын қайта қарауға бағытталған. Құжатта мемлекеттің іргелі қағидаттарын күшейту, билік тармақтарының теңгерімін нақтылау, адам құқықтарын басты басымдық ретінде бекіту және экономикалық-инновациялық дамудың құқықтық негізін қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар, Қазақстан Халық Кеңесі, Вице-Президент институты, Конституциялық өзгерістерді тек референдум арқылы қабылдау секілді жаңа тетіктер енгізіліп, биліктің жекелену тәуекелдерін азайтуға бағытталған институционалдық архитектура қалыптасуда.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жаһандық тұрақсыздық, геосаяси шиеленістер мен экономикалық бәсекелестік жағдайында мемлекеттердің орнықтылығы ең алдымен мықты институттарға байланысты. Сондықтан ұсынылып отырған реформалар Қазақстанды тұлғаға емес, тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік институттарға сүйенетін басқару моделіне көшіруге бағытталған стратегиялық қадам ретінде қарастырылуда.
Жаңа Конституция жобасының мазмұны, оның саяси тұрақтылыққа, экономикалық болжамдылыққа және халықаралық серіктестермен қарым-қатынасқа ықпалы туралы Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы Жансая Нұралиева өз пікірін білдірді.
- Қазақстан халықаралық тұрақсыздық күшейген кезеңде кешенді конституциялық реформалар жүргізуде. Институционалдық жаңғырту елдің стратегиялық орнықтылығын қалай нығайтады?
- 2026 жылғы 11 ақпанда Мемлекет басшысы республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ертесіне жаңа Конституция жобасы ресми жарияланды. Алты ай бойы 10 мыңнан астам ұсыныс жиналып, конституциялық комиссия 12 отырыс өткізді. 1995 жылдан бергі ең ауқымды институционалдық жаңарту десек те болады.
Жаңа Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 96 бап бар. Бұрынғы 101 бапқа қарағанда мазмұны тереңдетілген, құрылымы жетілдірілген. «Қазақстан Халық Кеңесі» мен «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» секілді екі жаңа бөлім бұрын мүлде болмаған институционалдық деңгейлерді ашады. Жобаның 2-бабының 7-тармағы бойынша Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейтін нормалар қатарына жатқызылды. Бұл ережелер бұрын өтпелі нормалар бөлімінде болатын, ендігі жерде олар «Конституциялық құрылыс негіздері» атты бірінші бөлімге енгізілді. Осылайша мемлекеттің іргелі қағидаттарына берілетін конституциялық қорғаныс нақты күшейтілді.
Халықаралық тұрақсыздық күшейген жағдайда, яғни Украинадағы соғыс, жаһандық тізбектердің үзілуі, аймақтағы бәсекелестік жағдайында мемлекеттің орнықтылығы жеке тұлғаға емес, институттарға тірелген жүйеге байланысты. Жобада мемлекет қызметінің 11 негізгі қағидаты Егемендікті қорғаудан бастап жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыруға дейін конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл мемлекеттің қандай ұстанымдарға сүйеніп жұмыс жасайтынын ашық та болжамды ететін нормативті жүйе.
Ерекше маңызды жаңалық – адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекеттің стратегиялық қызмет бағыты ретінде конституциялық деңгейде тану. 1995 жылғы Конституцияда ғылым мен инновацияға қатысты норма мүлде болмаған. Жаһандық инновациялық индекс деректеріне сәйкес, 2000 жылмен салыстырғанда ғылымға бөлінетін айналым әлем бойынша үш есеге өсіп, 2,87 трлн АҚШ долларына жетті. Қазақстан Конституциясы осы жаһандық тенденцияға сәйкес жаңартылуда.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің жалғыз жолы ретінде жалпыұлттық референдум бекітілуі саяси тұрақтылықтың ең маңызды кепілдіктерінің бірі.
- Ұсынылып отырған өзгерістер өкілеттіктерді қайта бөлуді және басқару тетіктерін құқықтық тұрғыдан нақтылауды көздейді. Мұны посткеңестік кеңістікте жиі кездесетін жекелендірілген саяси модельдердің тәуекелдерін азайту қадамы деп бағалауға бола ма?
- Посткеңестік кеңістікте жекелендірілген билік модельдерінің тәуекелдері Беларусьте 2020 жылғы дағдарыс, Түркіменстанда мұрагерлік арқылы билікті беру, Тәжікстандағы отбасылық клан жүйесі негізінде нақты мысалдармен расталған. Аталған мысалдар институттардың емес, тұлға айналасында қалыптасқан жүйелердің тұрақсыздығын айқын көрсетті. Біздің елдегі реформалар осы тәуекелдерге нақты институционалды түрде жауап береді.
Президенттің бір ғана 7 жылдық мерзімге сайлану қағидаты жобада Президентке арналған III бөлімге орналастырылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзі де: «Кез келген елдің Президенті – қасиетті тұлға емес, ең алдымен өз халқы жалдаған мемлекеттік менеджер» деп атап өтті.
Конституция жобасы Вице-Президент институтын енгізді. Вице-Президент өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болуға, ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және саяси партияда болуға құқылы емес. Бұл тұлғааралық мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған нақты конституциялық тыйым.
Жалпыұлттық диалогтың жаңа платформасы Қазақстан Халық Кеңесі мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың институционал форматы. Оның 126 мүшесі этномәдени бірлестіктерден (42), ірі қоғамдық ұйымдардан (42) және мәслихаттар мен өңірлік кеңестерден (42) тұрады. Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы берілді. Бұл дегеніміз жалғыз тұлғаның немесе тар топтың монополиясын бұзатын маңызды механизм.
Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі де жекелендірілген шешімнен қорғаудың нақты кепілі. Жобаның 93-бабы бойынша кез келген конституциялық өзгеріс алдымен Конституциялық Соттың мемлекеттің өзгермейтін қағидаттарына сәйкестігі туралы міндетті қорытындысынан өтуі тиіс. Осылайша бір билік субъектісінің бастамасымен жүйені түбегейлі өзгерту мүмкіндігі заң тұрғысынан шектеледі.
- Тәуекелдерді талдау және due diligence тұрғысынан алғанда, жаңа қағидаттардың Конституция деңгейінде бекітілуі саяси және реттеушілік болжамдылықты қаншалықты арттырады?
- Due diligence тәжірибесінде инвесторлар мен халықаралық серіктестер үшін ең маңызды параметр ережелердің тұрақтылығы мен болжамдылығы деп саналады. Конституция деңгейінде бекітілген нормаларды өзгерту кәдімгі заңнамаға қарағанда мүлдем өзгеше және анағұрлым жоғары құқықтық кедергіні талап етеді.
Конституция жобасындағы жекелеген өңірлердегі «қарқынды дамитын қала» арнайы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін. Алатау қаласына арнайы мәртебе берілуі өз кезегінде халықаралық деңгейдегі технологиялық хаб қалыптастыруға бағытталған. Оның аясында екі деңгейлі бюджет жүйесі, дербес салықтық режим, еркін кеден аймағы және «бір терезе» принципі көзделген. АХҚО тәжірибесі осы тәсілдің тиімділігін растап отыр. 2018 жылдан бері АХҚО арқылы Қазақстан экономикасына 20 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды.
Теңгенің ұлттық валюта ретіндегі мәртебесі конституция деңгейінде бекітеді. Цифрлық төлемдер мен виртуалды активтер белсенді дамып жатқан заманда ақша эмиссиясына жауапкершілікті нақты айқындау ерекше маңызды. Өзбекстан, Армения, Молдова, Ресей конституцияларында осындай норма бар. Қазақстан үшін валюталық реттеудің болжамдылығына деген сенімді нығайтатын маңызды қадам болмақ.
Жобаның 23-бабы зияткерлік меншік құқықтарын конституциялық деңгейде қорғауды бекітеді. Сонымен бірге сөз еркіндігі, шығармашылық еркіндік, цифрлық ортадағы дербес деректерді қорғау туралы баптар қамтылған. Аталған нормалар IT-секторда, инновациялық бизнесте және халықаралық технологиялық серіктестікте болжамды реттеуші ортаны қалыптастырады.
- Қазақстан басқарудың құқықтық негіздерін күшейтіп, билікті институционалдық тұрғыдан жүйелеуде. Бұл модель қазіргі заманғы саяси тұрақтылық пен ұзақмерзімді даму талаптарына қаншалықты сай келеді?
- Парламент 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтайға көшу – мемлекеттік басқарудың философиялық жаңаруы. Пропорционалдық сайлау жүйесі (партиялық тізім) партиялардың институционалды рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Қазіргі уақытта әлемдегі 188 ұлттық парламенттің 107-сі (шамамен 57%) бір палаталы негізде жұмыс істейді.
Пропорционалды жүйе идеялар мен бағдарламаларды жеткізушілер ретінде партиялардың рөлін күшейтеді, тар лоббистік мүдделердің ықпалын азайтады және заңнамалық шешімдердің жүйелі қабылдануына ықпал етеді. Бес пайыздық сайлау шегі партиялық өкілдікті кеңейте отырып, жүйенің тұрақтылығын сақтайды.
Конституция жобасы биліктің барлық негізгі тармақтары арасындағы өзара бақылау тетіктерін күшейтеді.
Мәслихаттардың рөлі де нығайтылды. Президент облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың әкімдеріне кемінде екі кандидатура ұсынады, мәслихат депутаттарының дауысы арқылы тағайындау жүзеге асырылады. 2022 жылғы реформада бекітілген мәслихат депутаттарының 1/5 бастама көтерген жағдайда әкімге сенімсіздік вотумын білдіруге мүмкіндік нормасы жаңа Конституцияда сақталып, нығайтылды.
Жаңа Конституцияның Преамбуласы алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің басты басымдығы ретінде жариялайды. «Мемлекет адам үшін, адам мемлекет үшін емес» деген қағидат бүкіл Конституцияның мазмұндық өзегіне айналған қағидат. Адам капиталын дамытудың стратегиялық бағыт ретінде бекітілуі ресурстық тәуелділіктен зияткерлік экономикаға бет бұрудың заңды іргетасы.
Зайырлы білім берудің конституциялы кепілдігі, дербес деректерді қорғаудың цифрлық нормалары, адвокатура институтының алғаш рет конституциялық деңгейде танылуы – бұлардың барлығы қазіргі заманғы құқықтық мемлекет стандарттарына сәйкес келетін жүйелі өзгерістер.
- Конституциялық және институционалдық реформалар Қазақстанның Еуропалық одақтағы, Түркиядағы, Парсы шығанағы елдеріндегі және Азиядағы негізгі халықаралық серіктестері алдындағы имиджін қалай өзгертеді?
- Конституция жобасындағы нормалар ЕО-ның Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімі аясындағы диалогтың мазмұнды тереңдеуіне нақты негіз береді. Адам құқықтарын конституциядағы негізгі басымдық ретінде жариялау, цифрлық ортадағы дербес деректерді қорғау, адвокатура мен сот тәуелсіздігінің нығайтылуы – ЕО-ның «демократиялық серіктес» критерийлеріне сәйкес келетін нормалар. Конституциялық Соттың халықаралық ұйымдар шешімдерінің Конституцияға сәйкестігін тексеру өкілеттігін алуы егемендік пен халықаралық ынтымақтастық арасындағы теңгерімді заң тұрғысынан бекітеді.
ОАЭ мен Сауд Арабиясы Қазақстанға инвестицияларды арттырып келеді. Бұл елдердің капитал орналастыру кезінде институционалдық тұрақтылыққа, меншік құқықтарының кепілдігіне және реттеуші ортаның болжамдылығына ерекше назар аударатыны белгілі. «Қарқынды дамитын қала» режимінің конституциядағы кепілдігі, АХҚО аясындағы арнайы мәртебенің жаңа конституциялық деңгейге шығуы – Парсы шығанағы инвесторлары үшін ұзақмерзімді сенімділікті нақты арттыратын нормалар. Аталған нормалар Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін де маңызды. Қытай мен Жапония Қазақстанды Орта дәліз логистикасының стратегиялық торабы ретінде қарастырады.
- Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар бағытын ішкі және сыртқы сын-қатерлер арасында теңгерім сақтай алатын, институционалдық тұрғыдан кемел мемлекет моделін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық курс деп айтуға бола ма?
- Президент Қ.Тоқаевтың «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы 2025 жылғы 8 қыркүйекте жарияланды. Жаңа Конституция жобасы осы тұжырымдаманы нақты конституциялық нормалармен толықтырады. Институционалды архитектура қалыптасқан. Президент Құрылтайдың келісімімен Вице-Президент, Премьер-Министр, Конституциялық Сот судьялары, ОСК мүшелерін тағайындайды, Үкімет Парламент алдында есеп береді, Конституциялық Сот заңдардың конституциялылығын бақылайды.
Ішкі теңгерімнің үш тірегі айқындалған. Біріншіден, заңдылық реформалары: конституциялық деңгейде бекітілген адам құқықтары, кінәсіздік презумпциясы, адвокатура институты, мамандандырылған әкімшілік соттар азаматтар мен мемлекет арасындағы шартты жаңартады. Екіншіден, пропорционалдық жүйе, бес пайыздық шек, президенттік квотаның жойылуы секілді сайлау реформасы саяси бәсекелестік алаңын кеңейтеді. Үшіншіден, мәслихаттардың нығайтылған рөлі, ауылдық бюджеттердің 2,5 есе өсімі, «қарқынды дамитын қала» институты секілді өңірлік реформа биліктің орталықтан өңірлерге біртіндеп берілуінің конституциялық іргетасы.
Қазақстан ЕАЭО шеңберіндегі экономикалық байланыстар, Батыс елдерімен қатынас және Қытайдың экономикалық ықпалын бір мезгілде теңестіруге мәжбүр. Осы жағдайда тек күшті институттар ғана тәуелсіз курс ұстауға мүмкіндік береді. Конституциялық Соттың халықаралық ұйымдар шешімдерінің сәйкестігін тексеру өкілеттігі Қазақстанның ешбір сыртқы міндеттемені конституциялық қағидаттарға нұқсан келтіре отырып орындамайтынын заңды тұрғыдан айқындайтын нақты норма. Теңгенің конституциялық мәртебесі валюталық тәуелсіздіктің ең жоғары деңгейдегі кепілі.
Конституция жобасы Қазақстанның 1995 жылдан бергі тарихындағы ең ауқымды институционалдық трансформация болып саналады. Ол 2022 жылғы реформалардың логикалық жалғасы. 2026 жылғы жоба бұл эволюцияны жаңа конституциялық кезеңге шығарады, яғни «тұлғаға тірелген биліктен институттарға тірелген жүйеге» бет бұрудың нақты заңдық формасы.
