Қандала мен тарақанға толы пәтер Ақтау тұрғындарын әбігерге салды

Қаракөз Амантай 24 сент. 2025 14:04

Ақтаудағы төрт қабатты галереялық үйдің тұрғындары көз жасына ерік беруде. Себеп – жоғарғы қабаттағы бір пәтерде адам төзгісіз жағдай қалыптасқан: үй иесі антисанитария орнатып, ондаған мысық ұстап, қоқысты шығармай, бүкіл үйді зиянкестердің ошағына айналдырған. Соның кесірінен көршілердің пәтерлерін тарақан мен қандала басқан, деп хабарлайды Dalanews.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл пәтерде алкогольге тәуелді ер адам тұрады. Оған күнде достары жиналып, қоқыс үйіп, үйді күйзелткен. Салдарынан жәндіктер бүкіл подъезд бен көршілердің пәтерлеріне тарап кеткен. Дезинфекторлар бірнеше рет шақырылса да, “мұндай жағдайда өңдеу бос әурешілік, себебі едендерді толық сылып, тұсқағаздарды алып, жиһазды түгел жою қажет” деп бас тартқан.

“Біз қанша рет ортақ ақша шығарып, үйлерімізді өңдетсек те, бәрі бекер. Алғашқы ошағы – сол пәтер тазаланбайынша, нәтиже болмайды. Өздігінен ол мұны жасамайтыны анық. Дезинфекцияға келген мамандар көріп шошып кетті”, – дейді тұрғындар.

Учаскелік полицей мәселені зерттеп, мүмкіндіктерді қарастырып жатқанын айтқан. Оның ішінде үй иесінің туыстарын табу, наркологиялық мекемеге жатқызу жайы да сөз болған. Бірақ мұның бәрі ұзақ әрі күрделі заңдық рәсімдерді қажет етеді.

Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары «бізде өзгенің жеке пәтерін мәжбүрлі түрде өңдеуге заңды өкілет жоқ» деп қол қусырып отыр. Қызметкерлердің айтуынша, тек сот шешімі немесе қауіптілік туралы ресми қорытынды болған жағдайда ғана әрекет етуге мүмкіндік бар.

Қазір тұрғындар полицияға шағымданып, қол жинап, сотқа жүгінуге дайындалуда. Олар коммуналдық қызметтердің әрекетсіздігін құжаттап, фото-видео дәлелдер жинауда.

“Біз ақша төлеп, күш жұмсап жатырмыз. Бірақ көршінің антисанитариясы жойылмайынша, бәрі бекер. Әр өңдеуден кейін қандала қайта қаптайды”, – дейді тұрғындар.

Үй тұрғындары ортақ чат ашып, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Кейбірі қала басшылығы мен БАҚ-қа хабарласып, мәселені жария етуді көздеуде.

Олардың басты талабы – пәтерді заңды түрде тәртіпке келтіруді жеделдету. Өйткені бұл – бір үйдің емес, жүздеген адамның денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отырған жағдай.


Рекомендовать
Последние новости