Қанаттың жеңісіне өзге ұлт өкілдері неге бірге қуанбайды?

Dalanews 04 нояб. 2016 06:25 911

Журналист Айдос Жұқанұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қанат Исламның жекпе-жегінен кейінгі көзбен көрген, көңілінде қалған ой-пікірімен бөлісіпті. 

Қанат Исламның жекпе-жегінен кейін көңілде қалған дық бар еді. Электронды қойын дәптеріме түртіп қояйын. Сыртқа шығармасам, шерге айналар.

Бардық. Гимнді он бес мыңға жуық ел түрегеп тұрып тыңдадық, қосылдық. Боксшылардың әдемі ойындарын көрдік. Тіпті үйдегі екі метрлік көк байрақты да алып бардым. Желбіретіп отырдым. Айқайлап ұрандадым. "Қанат!", "Қазақстан!", "Әруақ!", "Ұр!", "Құлат!" деумен тамағым да қарлықты.

Жеті жекпе-жектің соңынан рухтанып шықтық. Неге рухтандым? Айналамда тек қазақтар болды. Бәрі қазақша сөйлеп жүрді. Қазақы әзіл-қалжыңдар болды арамызда. Рингте қазақтың жігіттері атойлап, қазақ комментаторлар қазақша сайрап жатты. Қазақтар маған рух берді.
Үйге келе жатқанда ғана басқа диаспора адамдары мен этностарды көрдім. Олар "Алматы - Аренаның" ішінде неге болмады?

Ал қазақтар Гена десе, мақтанады. Василий Жировқа да шапан жапқан. Ольга Шишигинаны төрге шығарып, Парламентке отырғызып қойды. Отгонцэцэгті де еркелетіп, тіземізге отырғыздық. Ендеше олар неге бізбен бірге шаттанбайды?

Неге қазақтың біреуі қылмыс жасаса орыстілді сайттар шулайды? Басқа этностан болса үндемей қоя салады?
Жауабым бар. Олар қазақты түсіну үшін қазақ тілін білуі тиіс. Білмейді. Білмеген соң бізді түсінбейді. Түсінбеген соң бізбен бірге қуанып, мұңая алмайды. Ал біз орыс тілін түсінеміз, сөйлейміз, жазамыз, яғни оларға жанымыз ашып, өзімізге жақын тартамыз.

Қазақстанның қазіргі татулығы мен бірлігі ассамблеяда емес, қазақтың кеңпейілдігі мен дархандығында. Адамгершілігінде, дәстүрінде.
Бүкіл Қазақстан бір кісідей қуануы әрі бірге қайғыруы үшін бір тілде болмақ керек.

Рекомендовать
Последние новости