Қамшының не екенін білмейтін қазақты көрдім...

Dalanews 12 февр. 2016 06:02 1579

Дағдарыстың өзінен дақпырты асып тұр. Қайда барсаң жетістіктен гөрі жетіспеушілік әңгіме болады. Әсіресе, мемлекеттік экономиканың негізгі тірегі болуға тиіс орта таптың шаруасы шатқаяқтап, кірісінен шығысы көп бола бастағанын байқаймыз. Елдің сөзі – жұмыссыздық, қарыз, жетіспеушілік, несие... Бұлай мойын шұлғи берсек, ертеңгі күніміз не болмақ? Бізге үлгі боларлық, кәсібімен нәсібін айырып қана қоймай, біраз жұртты жұмыспен қамтып, күн-түн демей еңбек етіп, тер төгіп жүрген кісілер жоқ емес. Қол қусырып отырғанға нәпақа айыру қай кезде де қиын. Еңбегін елге өнеге етерлік кісілер арамызда да көп. Сондай іскер кісілерді жұртқа насихаттау арқылы қалың көпшілікті қанаттандыруды жөн көрдік.

[caption id="attachment_13460" align="alignleft" width="345"]Салтанат Өмірәлі Салтанат Өмірәлі[/caption]

Бүгінгі қонағымыз – «Елмұра» компаниясының негізін қалаушы әрі жетекшісі Салтанат Өмірәлі.

Қазақтың байырғы қолөнер бұйымдарын бүгінгі заманның сұранысына сай мәнерлеп, сапалы да қолдануға лайықты бұйымдар әзірлеген, онысын үлкен кәсіпке айналдырған «Елмұра» компаниясының жұмысы өзгелерді өзіне таңғалдырмай тұрмайды.

Бас-аяғы 8 жылдың ішінде аты алыс-жақын шетелдерге танылған компания бүгіндері Түркия, Ресей, Қытай, Иран секілді елдерге өз өнімдерін саудалап, қазақтың ұлттық қолөнері мен бұрын тұрмыста күнделікті қолданған асыл бұйымдарын өзіміздің шеберлер арқылы жасатып, оны нарыққа шығару арқылы халық арасында қызығушылыққа ие болуда.

Егер Сіз үйіңізге сәні мен мәні сай бұйымдарды жинағыңыз келсе, онда осы компания өнімдерін іздеуге болады. Айталық, астау, саптыаяқ, шыны, кебеже, келі-келсап, шаңырақ, қасық, сандықтың таза ағаштан жасалған, сырты неше түрлі оюмен көмкерілген, ағашы сан қайтара мәнерленген, әбден кептіріп, сынбайтын, жарылмайтын деңгейде иі қандырылып, бабы келіскен, сәндік бұйым ретінде де, қонақ күту кезінде де, қарапайым ыдыс-аяқ түрінде де қолдануға ыңғайлы заттарды көрсеңіз, осы саланы дамытуға барынша үлес қосып жүрген ұжымның бірі – «Елмұра» компаниясы екенін білгеніңіз жөн. Бұдан бөлек, тері мен киізден де сан түрлі өнім шығарып, елге ұсынып келеді.

Біз осы ұжым жетекшісімен әңгіме барысында бұл кәсіпті бастап, дамыту барысында кезіккен қиыншылықтар мен қызықты сәттер туралы сұраған едік.

[caption id="attachment_13461" align="alignright" width="372"]DSC_13 Торсықтар[/caption]

 «Басқалар істегенді біз неге істемейміз?»

– Кәсібіңізді бастағаныңызға 8 жыл болыпты. Кәсіптің дәл осы түрін таңдауыңызға не себеп болды?

– Осыдан 8 жыл бұрын Қытайдан атамекенге қоныс аудардым. Тәуелсіз елдің бір тұрғыны боп қызмет етсек, ел қатарлы күн көрсек деген арман болды. Алматыға келген соң, жұрт қатарлы жұмыс істемек ниетпен базар араладым. Сонда байқағаным, өз елімізде кәсіп етуге, жағдайымызды түзеуге мүмкіндік мол екен. Кейбір ағайындар мұнда жұмыс бастау, жеке тірлік ету өте қиын деп, зарзаманды үйіп-төкті. Мен оған сенбедім. Ең бастысы, қандай кәсіпті игерем десең де, алдыңа кесе-көлденең тұрар ешкім жоқ. Кез келген мекемеге барсаңыз, өз тіліңде түсінісе аласың. Бірі болмаса бірі қазақ тілін біледі. Жағдайыңды айтсаң, шалқайып, кергімейді. Адамдар арасында мейірім бар.

Содан көп өтпей базарға бардық. Базар толы сықаған зат. Кейде алушыдан сатушы көп пе деп ойлайсыз. Сол базарда миллиондап пайда тауып жатқандардың басым бөлігі өзге ұлттар екен. Анау Қырғызстаннан келіп, бүкіл қазақтың базарын жаулап алған еті тірі жандарды көріп сүйіндім әрі күйіндім.

Сүйінгенім – олардың еңбекшілдігі, кірпік ілмей, жұмыс істейтіндігі. Бір елден бір елге келіп сауда істеп, отбасын ғана емес, еліне инвестиция құйып отырған қырғыз азаматтарға неге сүйінбейсің?!

Күйінгенім – біздің азаматтардың базарда арба итеріп, солардың заттарын арлы-берлі тасып жүргені болды. Олар Қырғызстаннан, Қытайдан, Түркиядан зат сатып алып, соны саудалап-ақ пайда тауып жүр. Біздің көбіміз олар істегенді істей аламыз. Тек тәуекел әрі ұмтылыс кемшін.

Мен сонда: «Басқалар істегенді біз неге істей алмаймыз?» деген байламға келдім. Бірден құлашты кеңге жаюға қаржылық мүмкіндігіміз жоқ еді. Ең бастысы – қандай кәсіппен айналысуды дұрыс таңдау. Содан Алматыдағы барлық базардың аужайын білдім. Киім-кешек, ішпек-жемек, құрылыс материалдары... Ол салада бәсеке қызған. Байқасам, әр базардың бұрыш-қуысында, елеусіз жерлерде ұлттық қолөнер бұйымдары, әшекейлер, сапасыз жасалған кәдесыйлар тұрады. Оның дені Қырғызстаннан, Қытайдан келген. Ал өзіміздің шеберлер жасаған заттар удай қымбат әрі дизайны да көңілге қонымсыз. Сонда: «Осы ұлттық бұйымдарымызды заманға сай етіп мәнерлеп, әрлеп, нарыққа шығарып көрсек, қалай болар екен?» деген ой келді.

DSC_15– Сонда бірден осы қолөнер бұйымдарын сатуды қолға алдыңыз ба?

– Қайдан... Ол шақта бұл тек ішкі арманым еді. Бірақ осы саладан жырақ кеткенім жоқ. Қытайға домбыра апардым. Ол жақтағы қандастардың арасында жақсы сұранысқа ие болды. Қарапайым жұртшылық Қазақстанның дүниесі десе болды, қуана-қуана сатып алуға тырысады. Бұл жақтың дүниесін сапалы деп ойлайды. Мен Алматыдағы домбыра жасайтын шеберлермен жолығып, домбыраны көбірек сатып алатынымды, оның бағасы да тиімді болуын айттым. Домбыраның түр-түрін, әсіресе жас балаларға арналған шағын үлгілерін Қытайға көптеп жібердім. Ол жақта сұраныс арта түсті. Содан кейін тойбастарға арналған қазақы бұйымдарды жасасақ деген ой туды. Алматыда тойбастардың заттарын сататын дүкендер бар болғанымен, көбі Қытайдың жылтырақ заттарын, арзан ойыншықтарын сатады екен. Мен осыған қазақ қолөнер шеберлерінің бұйымдарын қосуды қолға алдым. Алматыдағы шеберлер мен тігіншілердің біразына жолығып көріп ем, сан түрлі сылтау естідім. Оларға мынандай зат жасасаңыз, бағасын пәленше теңгеден сатып аламын десем де, бірі ары, бірі бері тартты. Олардан алатын азын-аулақ затты базарға салғаннан түсер пайда жоқ. Содан кейін Қырғызстандық саудагерлерге көрсетіп ем, олар қуанып кетті. Біз жасап берелік деді. Қанша тауар керек десеңіз де олар уақытында затыңызды әкеледі. Тіпті артығымен жасайды. Кей кездері түн жарымында 7-8 машинамен тойбастардың заттарын әкеліп, кезекке тұратын. Сол жылдары саудамыз күсет болды. Қаржымыз да жиналып, бұрынғы арманымды орындауға мүмкіндік туды.

 «Қолөнер шеберлерінің алдына барудан жалықпадым»

– Бүгінгі ісіңізді бастар кезде қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?

– Тойбастардың ұсақ-түйегін сататын контейнерлерден төртеуі болды. Сауда жасап үлгермеген кезіміз еді. Кейіннен бәсекелестер көбейді әрі бұл сауда өзіме онша ұнай қоймады.

Меніңше, адам өзінің істеген ісінен ләззат алуы керек. Өзіңнің жан дүниең рахат таппаса, қанша пайда тапсаң да, үнжырғаңды бірдеңе басып тұрғандай сезінесің. Біраз тәжірибе жинап, базардың жағдайын білдім. Ең бастысы, тарихи отаным – Қазақстанда қандай жұмыс бастасаң да жетістікке жетуге болатынына көзім жетті. Егер тек қана пайда табуды ойласам, тойбастардың заттарын сатып, одан өзге де елге өтімді тауарларды саудалап күнелте беруіме болар еді. Менің ойымнан осы өтпеді.

Біріншіден, өзім ойға түйген қолөнер бұйымдарын дамытқым келді. Екіншіден, осы арқылы өз еліміздің сапалы өнімдерін шығарып, шын шеберлерге ақша табу мүмкіндігін сыйлағым келді. Бар-жоғы үш күн ішінде барлық тойбастар заттарын өзгелерге өткізіп, ол саудамен біржолата қоштастым. Белді бекем буып, қолөнер саласына кірістім.

Ең басты қиыншылық – шеберлерді табу әрі олармен келісімге келу болды. Мысалы, ағаштан түйін түйетін шеберді іздеп бардыңыз делік, ол Сізге бірден келісім бермейді. «Мұндай заттарды кім алады дейсің?» деп,  үмітсіз сөзбен еңсеңді басатындар да, «Мұндай дүниемен айналысып, ақшаңды босқа шашпа» деп ақыл айтатындар да кезікті.

«Пара бергенше, бара бер» деген ғой. Алдарына келісімін алғанша сан мәрте бардым. Шебердің бәрі Алматыда болса бір сәрі, әр шалғайда. Өзге облыстарға арнайы іздеп барып, жата-жабыса сөйлескен кісілерім болды. «Пәлен жерде бір ісмер кісі бар екен» десе, мекен-жайын алып, ерінбей іздеуге көштім. Әбден титықтаған, «осы ісімнен ештеңе өнбес пе екен» деп сарыуайымға салынған кезім де болды. Бірақ есімді жиып, қалайда жетістікке жетуім керек деп, қайта жігерлендім.

[caption id="attachment_13464" align="alignleft" width="427"]IMG_6323 "Елмұра" компаниясын жарнамалап тұрған қыз[/caption]

– Қолөнер бұйымдарына қарағанда байқағанымыз, сан түрлі зат бар екен. Мұның әрбірінің жеке-жеке шеберлері болады. Соның бәрінің тілін табуға тура келген болып тұр ғой...

– Иә, мұның бәрін бір немесе бес-алты адам жасай алмайды. Жасағысы келсе де, үлгермейді. Және үнемі жаңа заттармен толықтырып отырамыз.

Қолөнер бұйымдары үш бағыттан тұрады: ағаш, тері, киіз өнімдерінен жасалатын заттар. Бұлардың әрбірінің жасалу техникасы, өңдеу, жасау жолдары әрқилы. Біреу ағаштан астау, келі-келсап, сандық, кебеже, қасық жасаса, енді біреу одан домбыра, қобыз жасауды қанағат тұтады.

Шеберлердің бір ерекшелігі, бір шебердің жасаған дүниесін екінші шебер дәл сол секілді көшірмесін жасай алмайды. Әсіресе, ағаштан жасалатын бұйымдарды айтыңыз, екі шеберге бір нұсқаны жаса деп тапсырыс бергеніңізбен, екеуінікі екі түрлі болып шыға келеді. Бұрынғы бабаларымыз қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер мен ұсталарды қатты құрметтеген деп естуші едім. Соған енді көзім жетті. Оларды құрметтейтін жөніміз бар екен. Мінеки, мына ағаш тегенеге қараңыз. Қымыз құюға арналған. Сыртындағы өрнегін көрдіңіз бе, бұл ешқандай станоксыз, ағаш ұстасының сан күндік жұмысы арқылы ойылған. Енді осы заттарды 5-10 мың теңгеге бағалауға бола ма? Онда шебердің көз майы мен тері далаға кетпей ме?

Қазір төртінші бағытта жұмыс істеп жатырмыз, яғни, ағаш, тері, киіз өнімдерінен жасалатын бұйымдардың қатарына мүйіз, сүйектен кәдесый өнімдерін жасауды қостық. Мына қобызды көрсеңіз, түгелдей сүйек пен мүйіздерден жасалған. Асықтардың тізбегінің өзі біршама! Бұл – қатардағы базарға салынған көп заттың бірі емес, өнер туындысы. Бағасы да соған лайық.

[caption id="attachment_13463" align="alignright" width="268"]jarnamaga 53 Кәдесыйға арналған қобыздар[/caption]

 «Айрықша толқитын бір сәтім бар»

– Қазір Сіздің тапсырыстарыңыз бойынша тұрақты жұмыс істейтін шеберлер бар шығар?

– Өзімнің негізгі мамандығым – суретші. Жастайымнан сурет салуға әуес болдым. Оның үстіне, қазақылығының қаймағы бұзылмаған Күнес топырағында бойжеттім. Күнес қазақтары өнерге, ұлттық бояуға толы салтқа бай. Қыздардың жасауын кестеленген түскиіз, шымылдық, жүкжабулармен безендіргенін бала кезден көріп өстік. Әлі күнге апаларымыз бен әпкелеріміздің қолынан шыққан бұйымдарды көрсем, олардың шеберліктеріне таңданамын. Бау тоқу, киіз басу, киізге өрнек салу, құрақ құрау, текемет, сырмақ жасау... Бір қарасаңыз, михнатты тірлік. Ал астарына үңілсеңіз – өнер ордасына тігілген ақ отау екен ғой. Қадірін енді біліп жүрміз.

Бірді айтып, бірге кеттім-ау. Өзім суретші болғандықтан, қолөнер бұйымдарының дизайндік жұмысының тартымды болғанына баса мән беремін. Әр шебермен сөйлесіп, оларға заттың сызба нұсқасын ұсынамын. Олар келісімін берсе, ары қарай тұрақты жұмыс істейміз. Осы күні бізбен жұмыс істейтін шеберлер, ұсталар өте көп. Олар жасаған жұмысына сай ақша алады.

Менің айрықша қуанатын, толқитын бір сәтім бар: ол шеберлер жасаған дүниені тезірек өткізіп, оларға қаржыларын уақтылы берген кезім. Сол шақта менен бақытты адам жоқтай сезінемін. Елге зияным тимесе екен деп тілейтін басым, бір қазақтың қолөнер шебері өз ақшасын, еңбегінің жемісін алса, балаша мәз болам. Оларға қарыз болмасам екен, олар өз ісінің игілігін көрсе екен деп тұрамын.

– Естуімше, қазір арнайы цехтарыңыз жұмыс істейді екен. Цех қосылғаннан бері шеберлердің еңбегі азайған жоқ па?

– Жоқ. Өзіміздің цехта біз нарыққа шығарған сансыз заттың бар-жоғы 40 пайызы жасалады. Мына тұрған дүниенің барлығын бір цех арқылы жасау мүмкін емес. Цех жонып, иіп, кішірейтіп, жобасын келтіргенімен, ары қарайғы жұмысты тағы да сол цехтағы шеберлер істейді. Ал кейбір заттарды тіптен цехта жасау мүмкін емес. Оны арнайы кәсіби шеберлер, ұсталар, ағашшылар ғана жасай алады. Сондай-ақ, заттың санын көбейту үшін бәрін цех арқылы жасау керек дегенге қарсымын. Біздің компания шеберлердің өз өнімдерін сатуына мұрындық болғанына қуанамын. Бізбен жұмыс істеген кісілер ең бастысы тұрақты кіріс табады. Олармен үнемі ақылдасып-кеңесіп отырамын. Күнделікті екі сағат уақытым шеберлермен пікірлесуге кетеді.

 «Шетелдіктер қазақтың төл бұйымдарына қызығады»

– Шетелдіктер қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарына неге құмар?  

– Өткенде өзіміздің дүкенге келсем, іші толы қаридар (клиент). Көбі шетелдіктер екен. Ираннан келіпті. Сол жақта халықаралық мәртебелі көрме өтпекші көрінеді. Соған қазақтың кәдесыйларын, тарихи сипаты бар дүниелерді іздеп жүр екен. Біздің заттарға қатты қызыққандары байқалады. Алматыдан қазақтың ұлттық бұйымдарын іздепті. «ЦУМ» сауда орталығына барған екен, ол жердің заттары өте қымбат түсіпті. Негізі, «ЦУМ»-дағылардың көбі бізден алып, екі-үш есе бағасына сатады. Сол жақтан бізді естіп, арнайы іздеп келіпті. Олар бізден көп зат алатынын айтып, тиімді бағаға берсеңіздер деді. Біз есептей келе, мүмкіндігінше арзандатып, өзімізге де, оларға да тиімді баға ұсындық. Бірден келісіп, тұрақты қарым-қатынас жасауды бастап кеттік. Содан бері олармен бірге жұмыс істеп келеміз.

Алматыға шетелден келетін туристер көп. Олар еліне сыйлық ретінде қазақтың қолөнер бұйымдарын ала кетеді. Олар мұндай заттарды қайдан табады? Көбі сапасыз, әсемдігі мен әсерлілігі жоқ дүниелер болғасын, көңілдері қалады. Асылы, шетелдіктердің көбі сапалы, таза дүниеге ынтық. Біз соны түсінбей жүрміз.

Бізден жапон, корей елдерінің туристері, еуропалықтар зат сатып алғанда, менің көкірегімде мақтаныш кернейді. Олардың өздері де Қазақстанда жасалған тауарларды алғысы келеді.

Қазір Қытай, Түркия, Иран елдерімен жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын мұндай заттарды Қытайлар жасап, өзімізге сатушы еді. Қазір біз соны керісінше істеп отырмыз.

 «Халық сапалы дүниеге ұмтылады»

– Түсінгенім, бұйымдар таза әрі сапалы заттардан жасалатындықтан, әрі нақты шеберлердің қолынан шығатындықтан, бағалары да едәуір қымбат секілді. Бұл халыққа тиімсіз емес пе?

– Біздің заттар әртүрлі бағада сатылады. Дизайндік жұмысы күрделі, уақытты көп алатын, кететін материалдары да қымбат заттардың бағасы да жоғары. Енді бірі қарапайым, ою-өрнегі аз, шағындау болып келеді. Олардың бағасы сәл төмен. Негізінде, біз базардағы халықтың әр тобына лайықты бағалармен жұмыс істеуге тырысамыз.

Бірақ, бәрібір Қытайдың жасанды заттарынан бағасы қымбатырақ екені шын. Қуанарлығы, халық сапасыз дүниелерден жалықты. Не алса да сапалы әрі көркем, бір-екі күндік емес, ұзақ уақыт ұстауға болатын заттар алуға ұмтылады.

– Ағашты, киіз бен теріні мәнерлеу, оларды өңдеу қиынға соғып жатқан жоқ па?

– Ол қиындықты айтсам, таусылмас әңгіме. Ағашты кептірудің қаншалықты қиын екенін тек сол іспен айналысқандар ғана біледі. Ағаштан жасалған астау, сандық, одан өзге кәдеге жарайтын заттар ағаштың бабы дұрыс болмаса, жарылып кетуі мүмкін. Талай ағашымызды кептіреміз деп, іске жарамсыз еттік. Сондай-ақ, әр ағаштың өзіндік қасиеті бар. Бір затты қарағаштан, бір затты ақ қайыңнан, енді бірін үйеңкі, шетен секілді өзге ағаштардан жасауға тура келеді. Бұларды кептірудің әртүрлі жолы бар. Бірінікі біріне ұқсамайды. Киіздің де, терінің де сондай құпиялары жетерлік. Қазір соның бәрін игердік.

– «Елмұра» деген журнал шығарып жатыр екенсіздер. Мұндағы мақсаттарыңыз осы қолөнер бұйымдарын кеңірек насихаттау ма?

– Осыдан біраз жыл бұрын жасы жерортаға жеткен бір кісіні кезіктірдім. Өзі қаланың қазағы. Қамшыны көріп, оның не екенін танымады. Оған айтып түсіндіру өте қиын болды. Сосын қарадай қарным ашып, «Біз кімбіз?» деген сұрақ туындады. Ойласа келе, «Елмұра» журналын шығаруды қолға алдық. Мұнда осы заттарды насихаттаудан бұрын, оның ұлт өміріндегі маңызын, тарихын, жасалу жолдарын, кәдеге жарату барысын түсіндіруді көздедік.

Бұл бұйымдар ұлттық құндылықтардың бір бөлшегі екенін елге түсіндіргіміз келді.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Т. Өскенбай.


Суреттерді түсірген С. Қызайбек.


Рекомендовать
Последние новости