Алматыда көпшілікке “Қазақтың Робин Гуды” деген атпен танылған “Елге көмек” қорының басшысы Ілияс Сәриевке қатысты сот отырысы өтуде. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол қажылық пен умра сапарына жиналған ақшаны құмар ойындарға жұмсаған, деп хабарлайды Dalanews.kz Politico.kz-ке сілтеме жасап.
барысында MM Travel туристік компаниясының басшысы Ақтоты Дүйсеева бұрын көпшілікке беймәлім жайттардың бетін ашты. Оның айтуынша, Ілияс Сәриев бұған дейін "Компанияға қатысым жоқ, тек жарнама жасадым" дегенімен, шын мәнінде олар 2023 жылы серіктес ретінде бірге компания құрған. Құжат жүзінде компания Дүйсеева атына тіркелсе де, барлық қаржы мен касса Сәриевтің бақылауында болған.
“Қажылыққа жиналған ақшаны Ілияс қолма-қол алып, орнына қоймады. Соның салдарынан 20 адам қасиетті сапарға бара алмай қалды”, — деді Дүйсеева сотта.
Оның сөзінше, Сәриев қажылардың ақшасын пайдаланған соң “бір аптада қайтарамын” деп уәде берген, бірақ орындамаған. Кейін оның телефон қосымшасынан букмекерлік платформаларға ірі сомалар аударғаны анықталған.
“Телефондағы банк қосымшасында бірнеше букмекерге жіберілген ақшалар тұрды. Сол кезде компания дағдарысқа ұшырап, қажылыққа бармақ болғандар наразылық танытып жатқан. Бірақ Ілияс бәрін өзім шешемін деп сендірді”, — дейді ол.
Тергеу деректері бойынша, Сариев бұған дейін де “Елге көмек” қоры арқылы халықтан ауру адамдар мен баспанасыз жандарға көмек беремін деп қаржы жинаған. Алайда уәде етілген көмек көрсетілмей, адамдар қаржысынан да, сенімінен де айырылған. Бұл бағытта алты адамның шағымы тіркеліп, іс материалдарына енгізілген.
Сондай-ақ куәгердің айтуынша, Ілияс Сариев 2015 жылдан бері құмар ойынға әуес болып, кейін “бұл әдеттен арылдым” деп сендірген. Бірақ соңғы оқиғалар оның әдеттен толық арылмағанын көрсетіп отыр.
MM Travel ісі бойынша 20 адам зардап шеккен. Ақтоты Дүйсеева өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушілердің шығынын жарты жыл ішінде өтеуге уәде берді.
Қазір Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (“Алаяқтық”) бойынша айып тағылған.
Бір кездері елге қамқор, әділ әрі мейірімді азамат ретінде танылған Ілияс Сариевтің бұл қылығы қоғамда үлкен резонанс пен ашу-ыза туғызды. Сот процесі жұрт назарында өтіп жатыр.
Келесі сот отырысы 16 қазанға жоспарланған.