Қадыралина әлі қасарысып отыр екен

Dalanews 25 мар. 2017 09:58 761

Естеріңізде болса, 2017-жылдың 27-ақпаны күні  «Абай.кз» ақпараттық порталына Қайнар Кемелбекұлының «ҚАДЫРАЛИНАНЫҢ ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛ ҚОЙҒАН ЗАҢДЫ БҰРМАЛАУҒА ХАҚЫСЫ БАР МА, МЫРЗАХМЕТОВ МЫРЗА?!»(http://abai.kz/post/view?id=12850 ) мақаласы шыққан болатын.

Мақала шаруашылық құру үшін Жер телімдерін сұрап өтініш хат жазған қандастарымызға  Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралинаның  «Жер кодексі» мен «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасындағы нормаларды бұрмалап түсіндірген жауабына байланысты еді.

Жер сұраған қандастарымызға дәл сол Қадыралинанша жауап берген Ақмола облысы, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов туралы 13 наурыз күні аталмыш сайтта «ЕРМЕК НҰҒЫМАНОВ ЕЛБАСЫНЫҢ ЗАҢЫНА ҚАРСЫ МА?» (http://abai.kz/post/view?id=13002 ) деген менің де мақалам жарық көрген.

Аталған екі мақаланың алдыңғысы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың атына жазылыпты.

10 наурыз күні  Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде  азаматтармен қабылдау өткізген кезде оралман ағайындар келіп, осы Жер мәселесіне байланысты өтініштерін айтты. Парияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов те Ауыл шаруашылығы министрлігінің осы түйінге назар аударуын өтінді.Бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов көмекшісі арқылыҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевқа тапсырма беріп, қандастрымыздың Заң бойынша жер алу мәселесіндегі кедергіні шешуді бұйырған еді.

Бүгін Ауыл Шаруашылығы министрлігінде Ерлан Нұралыұлының төрағалығымен сол ЖЕР туралы жиналыс өтті.

Жиналысқа ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрінің кеңесшісі Тұрғанбай Тәжмағамбет, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Ермек Карентаев, оның орынбасары Гүлжахан Бимендина, құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Алмас Тоқсанбаев және Жер қатынастарын дамыту және жерге орналастыруды дамыту басқармасының бас сарапшысы Асел Қырықбаева қатысты.

Телекөпір арқылы байланысқа шыққан Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралинаның қайтатын төрі жоқ, әлі қасарысып отыр. Бірде «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығын», бірде Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңды көлденең тартып, біраз көсілді. Сондағыайтпағы: «Оралман» - шетелдік, азаматтығы жоқ адам немесе шетелдік заңды тұлғаға жататын көрінеді. Сондықтан оларға Жер беруге болмайды-мыс! Ал, өзі «оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;» деп, оралмандарға заңда берілген анықтаманы зулатып отыр.

Бірақ, Алмагүл Аманжолқызы осы анықтамадағы «осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған»деген түйінді түсініп тұрған жоқ. Сондай-ақ, анықтамада«Оралмандарды» «шетелдік», «азаматтығы жоқ адам» немесе «шетелдік заңды тұлға»демей, «этникалық қазақ» және «оның ұлты қазақ балалары»деп тайға басқан таңбадай етіп атап көрсеткенін де аңғаратын түрі көрінбейді. «Жер кодексінің» 46-бабында, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 23-бабында Оралмандарға жер телімі беріледі деп не үшін көрсетілгені Алмагүл Қадыралинаның қаперіне кіріп шығатын емес. Тіпті, «Жерi бөлiсуге жатпайтын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шыққан және шартты жер үлесi құқығы бұрын берiлмеген осы аумақта тұратын азаматтардың, сондай-ақ ОРАЛМАНДАРДЫҢ шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты өзге де қызметтi жүргiзуi үшiн арнайы жер қорының жерiнен бiрiншi кезекте жер учаскесiн алуға құқығы бар»деген«Жер Кодексінің» 100-бабын оқымаған көрінеді...

Қазақ көші басталғалы 25 жыл болды. Көші-қон саясаты жолға қойылғалы да шерік ғасырдан асып барады. Ал, Жер Кодесінің соңғы рет өздертулер мен толықтырулар енгізілгеніне де көп бола қойған жоқ. Оның бүгінгі сөздерін тыңдап, шеттен оралған қандастарымызға деген көзқарасының қай деңгейде екенін бірден анық аңғардық. Алмагүл Қадыралинаның бүкіл мәртебесі мен құқықғы заңмен ерекше бекітілген өз қандастарын өзге келімсектердің қатарына қоюы немесе қоюға тырысуы – ұят! Масқара!! Өзі Заңға шорқақ болса, Заңгерлері мен мамандары не бітіріп отыр?!Оралмандарға Жер телімдерін беруге келгенде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қол қойған Заңдарға сенбей, бүйректен сыйрақ шығарғаны жыныңды ұстатады екен!
Негізі, Заң бойынша, Қардыралиналар Оралмандарға Жерді Жерден шұқыса да тауып беруге міндетті!!!

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтан бастап, жиналысқа қатысқан Заңгер – мамандар  «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Президентінің №248 Жарлығынның Оралмандарға қатысы жоқ екенін, «Оралман» дегеннің өз алдына бөлек мәртебе екенін айтып еді, А.Қадыралинаның жүні жығылғандай болды!

Алдағы жерде Жерге байланысты Заңдарды негізге ала отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола облысының Жер қатынастары басқармасына арнайы түсініктеме хат түсіретін болып келісті.

А. Қадыралина сол хаттың шешіміне қарай жұмыс жүргізеді.

Біз мәселенің оң шешілетініне бек сенімдіміз!

 

Ауыт Мұқибек


 24.03.2017


Астана


Рекомендовать
Последние новости