Қабдеш Жұмаділов: "Сайрагүлге пана бола алмадық"

Dalanews 28 нояб. 2019 07:11 679

"Қала мен Дала" газеті және Dalanews.kz порталының бүгінгі қонағы қазақ зиялы қауымының көш басында жүрген  Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов. Бүгінгі әдеби орта, жазушылар арасындағы қарым-қатынас, ар мен адамгершілік әңгімемізге арқауы болмақ.

 Dalanews.kz: Қабдеш аға, әңгімені өзіңіз құрметтейтін адамнан бастасақ. Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романын елімен қауыштырдыңыз. Келер жылы Қажекеңнің туғанына 95 жыл толады. Осыған байланысты Жазушылар одағында тағдырлы қаламгердің кітабын шығару, мерейтойын атап өту жөнінде не тіршілік бар?

Қ.Жұмаділов: Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы Семей облысы Үржар өңірінде дүниеге келген. Жеті жасында үй ішімен Шәуешекке өткен ғой. Ашаршылықта елдің бәрі босып жатқан кез. Содан кейінгі өмірі арғы бетте өтті.

Сексеннен асып барып, 2011 жылы Шәуешекте қайтты. Екі рет хат жазды Назарбаевтың атына.


«Сіз Қазақстанның ғана емес, жер жүзіндегі қазақтардың  Президентісіз. Елдің иесісіз. Маған да ие болыңыз. Қытайда қырық жыл түрмеде болған, көп кітап жазған адаммын. 10 томдық шығармаларымды дайындап қойып отырмын. Өз жеріме барып жатқым келеді. Маған екі метр жер беріңіздер өзімнің атақонысымнан» деп жазды.

Хат алдымен Жазушылар одағына келді. Біз өңдеп, қазіргі әріпке көшіріп, діттеген  жеріне табыс еттік. Бірақ одан ешқандай қозғалыс болмады. Өлгеннен кейін де сүйегін әкеліп жерлейік деген талап болды. Бірақ ата жұртына өзі де жете алмады, сүйегі де жете алмады. Шәуешектегі мұсылмандар зиратының бір шетінде жатыр.

Қажығұмар үлкен жазушы еді. «Қылмыс» романының  6 томдығын мен осы елде қайта  бастырдым. Оның екі томы бұрын ана жақта шыққан. Қалған төрт томы түрмеде жазылды. Қолжазбаларының бізге жетуінің өзі бір хикая. Туристердің, ағайыншылап келген елдің қоржынында келді. Көшпен бірге, теңнің арасында келді. Қысқасы, неше түрлі контрабандалық жолмен маған жетті. Бірден 6 томды басып шығару оңай шаруа емес. Төтешеден криллицаға көшіріп, оны компьютерге түсіріп, қатесін түзеп, кейбір терминдерін осы жаққа бейімдедік.

Қолжазба дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасында 3 жыл бойы сейфінде жатты. Қауымдастық басшысы Талғат Мамашев Қажығұмар мұрасына салғырт қарады. Жазушының бағына Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдениет министрі болып келе қалды. Үкімет атынан 6 томға ақша бөлдірді. Қысқасы, Мұхтар Құл-Мұхаммед көмегімен 6 томдық «Қылмыс»  романы жарыққа шықты.

Dalanews.kz: Қажекең көзі тірісінде Алматыда басылған сол кітаптарын көрді ме екен?

Қ.Жұмаділов: Көріпті. «Жас Алаш» газетінің қызметкері Ерік Рахым деген азамат  Шәуешекке арнайы  барып, жасырып апарған кітабын Қажекеңе көрсетіпті. Ерік айтады: «Еңкілдеп жылады» дейді кітабын көргенде. «Апыр-ай, кітабым елге жеткен екен ғой. Кітабыма қамқор болған азаматтарға  рақмет» деп қатты разы болыпты.

Бес жылдан кейін Қажекеңнің туғанына 100 жыл толады. Келер жылы 95 жыл. Жазушылар одағы келер жылы Қажекеңнің мерейтойын атап өтеді.


Dalanews.kz: Жазушылар одағы демекші, Нұрлан Оразалиннің кезінде басқармамен айтысып қалушы едіңіз. Қазіргісімен қалайсыз? Сөзіңіз өте ме? Жұмысы көңіліңізден шығып жатыр ма?

Қ.Жұмаділов: Бүгінгі Жазушылар одағының жұмыс бастағанына 1 жыл ғана болды. Жаңа басшы келді. Жаңа тірлік бастап жатыр. Келгеннен бері біраз жұмыстар істеп тастады. Халықаралық форум деп жатырмыз. Бір кездері Әнуар Әлімжановтың тұсында Азия-Африка жазушыларының конференциясы өткен. 1973 жылы. Жас кезіміз ғой. Өзіміз қатысқанбыз. Зыр жүгіріп қызмет істегенбіз.

Содан кейінгісі осы Азия жазушыларының форумы. Соған барайық деп отырмыз. Бұл да Жазушылар одағының қызметі. Үш-төрт күннің алдында Алматының жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаев жазушылармен  кездесті. Мен де қатыстым. Сөз сөйледім. Өте керекті жиналыс болды. Қалалық әкімдік тарапынан Жазушылар одағына өте көп көмек берілетін болды. 40-50 жазушыға стипендия тағайындамақ.  Жазушылар үйіне  ремонт жасап бермек. Дәл қазір Жазушылар одағына көмек қажет-ақ.

Dalanews.kz: Қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелерге, айталық көктемде болған бірнеше қаладағы митингіге, көпбалалы аналардың мәселесіне одақ құрамындағы 700 жазушыдан бірнешеуі ғана үн қатты. Қалғаны үнсіз. Ұлт жазушылары ұлттық мәселеге қашан араласады?

Қ.Жұмаділов: Үнсіз жатыр деуге болмайды. Белсенді жазушылар бар басын бәйгеге тігіп жүрген. Мен де араласамын. Темірхан Медетбек те бар.

Үн қату бар да, оның жариялануы, үніңнің шығуы деген бар. Жазушылар үн қатпай жатқан жоқ. Үні шығатын өріс жоқ. Бір-екі газет қана бар. Телеарна мүлде жоқ.

Сайрагүл деген қыз туралы мақала жаздым. «Жас Алаш» жариялады. Күйеуі мен екі баласына қосылуға келген қауқарсыз қызға біз пана бола алмадық.


Ақыры айдаладағы Швеция ие болды. Нобель сыйлығын беретін ел қанатының астына алды.

Тағы бір мақала жаздым. «Біздегі билікке арқатірек сүйеу болатын халық па, әлде қарулы жасақ па?»  деген. Тағы да «Жас Алашқа» шықты. Үн қату ма? Әрине. Митингілерді неге қуамыз? Еуропа елдерінде бірнеше мың адамдық ереуіл күнара болып тұрады. Одан олар бүлініп кеткен жоқ.

Содан кейін, мына бір нәрсені айта кетейін. Мен шекараны көп зерттеген адаммын. Шекара туралы романдар жазған адаммын. «Тағдыр» шекараның қалай құрылғаны туралы шығарма. Сол романға 1990 жылы мемлекеттік сыйлық алдым. Шекара әскері кезінде КГБ-ға қарады. Бұлардың правосы сондай, әрі-бері көшіп өткен адамдарды сотсыз, заңсыз қырып тастап отырды. Банды деген бір-ақ аты бар. Аштықтан арып-ашып, бұралып әрең өтіп бара жатқан талай көшті  қанға бояды. Тарбағатайдың асуларында адам сүйегі деген бада болып жатыр.

Сол КГБ-ға қараған шекара әскерлерінің үстемдігі әлі күнге дейін сақталған. Соған бір мысал: Осыдан 4-5 жыл бұрын «Әріп пен Сара» деген кітабым шықты. Сол жылы Үржардың әкімі мен сол ауданның мәслихат  Алматыға жиналысқа келе қалыпты.

Мен өзім Үржар, Тарбағатай, Аягөз, Зайсан аудандарының құрметті азаматымын. «Әріп пен Сараның» 15 бумасын, яғни 150 кітапты әлгілердің машинасына салып бердім. «Мектептер мен кітапханаларға, ауыл ағаларына, көзі ашық ақсақалдарға таратыңдар»  деп. Алып кеткен. Обалы кәнеки! Таратыпты. Ел жапатармағай оқып жатқанда, бір жұмадан кейін ауданның КНБ-сы атқа мінеді. Жаңағы кітапты қайта жинап алады. Жай ғана оқуға тыйым салса бір жөн, кітаптарымды керосин шашып өртепті.

Аудан әкімі мен әлгі мәслихаттың басшысы өздері алып барған кітапқа араша түсіп, бірауыз сөз айта  алмапты. Көрдіңіз бе?

Мен КГБ мен КНБ-ның жалғастығын айтайын деп отырмын. Шекара аудандарындағы билік әлі де КНБ-ның қолында. Өртейтіндей осы кітаптың ішінде не бар дейсіз ғой? Үш тарихи повесть, он шақты әңгіме, қалғандары өзің сияқты тілшілерге берген сұхбаттарым. Сұрастырдым. Облысты нұсқайды. Облыс аспан жақты көрсетеді. Мен ақыры қылмысқа кім нұсқау бергенін  таппадым. Өртеген адамдардың тізімін алып қойдым. Қағазға түсірем. Тарихта қалуы керек.

Dalanews.kz: Сұрақ жазушылардың белсенділігі туралы еді ғой?

Қ.Жұмаділов: Сөзімді бөле бердің ғой... Жазушының бәрі үн қатуы шарт емес. Мұндайда қайраткерлер мен тұлғалар ғана бас көтереді.

Одақ құрамындағы 800 жазушының 600-інің қайдан, қалай кіріп кеткенін білмеймін? Бұның алдындағы басшының кезіндегі былық. Кейде газеттерде 60-қа, 70-ге келді деп бір қаламгерлерді  құттықтап жатады. Мен білмейтін адамдар.

Сонан соң  жазушылардың бір тобын сарай жазушылары дейміз. Сарай жазушыларының көбі Астанада.


Олар ешкімге  сын айтпайды. Есесіне,  жайлы үй, жақсы қызмет соларда. Зиялыны, қалай ыдыратуды Үкімет те біледі.

Dalanews.kz: Зейнолла Сәніктің «Қабанбай батыр» туралы деректі романын оқыдыңыз ба?

Қ.Жұмаділов: Ол кім? Мен Зейнолла Сәнік деген адамды оқымаған адаммын. Оқуға тұрмайды деп есептеймін. Өйткені ол өзінің азаматтық, кісілік бейнесі құрметтеуге тұрмайтын адам.

Бір күні теледидарды ашып қалсам, бір төбенің басында кесене тұрғызылып жатыр. Қараймын. Біраз жазушылар тұр. Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза. Астаналық мансапты жазушылар. Маңдайшада Қаракерей Қабанбайдың кесенесі деген жазу тұр. Маған айтпай  құпия жасалып жатыр.

Қабанбай  өмірін ұзақ жыл зерттеген, оны ғылыми айналымға түсірген Қабдеш Жұмаділовтен жасырған. Бір қарасам, жаңағы Зейнолла тұр. Ол өзін Қабанбайдың тікелей ұрпағымын деп жүреді. Сәнік оның төртінші ма, бесінші ма атасы. Үкіметтегілер мені қағып тастап, бір жақтан Зейнолланы тауып әкеліпті. Камал Әбдірахманов дейтін бар. Жалған кесененің  жалған шырақшысы. Кесененің іші-сыртындағы сандықтарға салынған ақшаны сыпырып алып отырады екен. Өз кінәсін білетін болар. Екі рет қажыға барыпты.

Зейнолла сөйлеп тұр: «Дәл осы біздің бабамыздың  жатқан жері». «Аталарымыз, әжелеріміз бізге айтып кеткен». Аталарыңның зираты Есіл бойында деп құлағымызға құйып кеткен» деп соғып тұр.  Орамалға түйіп алған әлдебір  топырақты кесененің түбіне сеуіп жатыр. Мен соны көріп түңіліп кеттім.

Мен  арғы бет пен бергі беттегі Қабанбайдың ұрпақтарын аралап, дерек жинаған адаммын. Шекара бойында Қабанбайдың жеті ұлынан тараған үрім-бұтағы қаптап отыр. Кіші баласы Әліден тараған сегіз ұлдың да ұрпағы жеткілікті. Соларды аралап жүргенде қарт ақсақалдардың  ешқайсысы  батырдың сүйегі Арқада жатыр дегенді айтқан емес.

Dalanews.kz: Соңғы жылдары  сіздің шығармаларыңызға  «жиендік» жасайтындар  көбейгенін естігеніміз бар. Біздің оқырмандарға  соның мән-жайын айта кетіңізші.

Қ.Жұмаділов: Әдебиетте тың тақырыптарға жол ашатын көшбасшы жазушы бір көрнекті шығарма жазса, соған еліктеген  «спутник»  шығармалар туатыны  үйреншікті  нәрсе. Оның жөні басқа. Мәселе  тікелей ұрлыққа баратындар жайында.

Мысалы: Жанат Ахмәди «Есенгелді би» деген роман жазыпты. Қытайдағы қызайлар мен Қабанбайдың құдалығы туралы. «Дарабозда» менің  қиялымнан туған сондай бір тарау бар-тұғын. Жанат соны түгелдей  көшірген де қойған.

Міне, бұл тарихи  факті болса, бір жөн. Бұл факті емес қой. Әдебиетте оқиға ұрлау, образ ұрлау, ой ұрлау қорадан қой ұрлағанмен бірдей. Тағы бір  мысал: менің «Құзғынның өлімі» дейтін әңгімем бар.


Құзғын мың жасайды. Қазақ даласындағы өзгерістерді сол құзғынның көзімен беремін. Ақтабан шұбырындыны, 32 жылғы аштық бәрі бар. Міне, содан кейін аспанда жүріп ойланатын құс көбейіп кетті. Сәбит Досановтың да ақбас бүркіт дейтін құсы бар. Торғай даласындағы біраз оқиғаларды сол  құстың көзімен береді. Көшіру деген осы.

Асқар Алтай деген тәп-тәуір жазушы. Ол да менің қорама түсіпті.  Менің «Сәйгүліктер» атты  повесімде майданға әкетіп  бара жатқан жылқыдан  қозыкүрең дейтін айғыр Еділден өтерде қайта қашады, үш айда арып-ашып елге жетеді. Содан 15 жылдан кейін жазылған  Асқар Алтайдың  «Қараштың қарасы» атты әңгімесінде тура сол Еділ бойынан әскерге айдап бара жатқан ат қашады. Ол да арып-ашып Алатауға келеді. Оның жылқысы да  қозыкүреңді қайталайды.

Dalanews.kz: «Дарабозда» қазақтың өзге батырлары ғана емес, тіпті Абылай хан да екінші планға түсіп қалғандай. Осының  мәнісін  түсіндіре  кетіңізші.

Қ.Жұмаділов: Жаңсақ пікір. «Дарабоз» қос томды шығарма. Хан кеңесінен басталады. Әбілмәмбеттің тұсында. Абылай ол кезде орта жүздің ханы. Әбілмәмбет –  үш жүздің ханы. Романда Абылай мен Қабанбай кезекпе-кезек көрініп отырады. Бірақ бас герой – Қабанбай. Бүкіл оқиға соның төңірегіне көгенделіп берілуі керек. «Дарабоз» деген атты қойған кісі Абылайдың өзі.

Шыңғыстаудағы атақты шайқаста бекініп алған қалмақтың қолына ешкім батпай тұрғанда, ақбоз атпен дара шауып  топ жарады. Биікте тұрған Абылай: «Анау жалғыз кеткен Дарабоз кім?» дейді. Кейін қараса ол, Қабанбай болып шығады. Сонда Қабанбайға алтын тон жауып марапаттайтыны бар. «Ұраның Қабанбай. Ал менің қойған атым Дарабоз болсын» дейді Абылай.

«Дарабозда» қаншама билер бар. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би бар. Әйтеке жоқ, ол кезде  қайтыс болып кеткен. Кейбіреулер 26 жылғы Ордабасындағы жиынға Әйтекені де отырғызып қояды. Бірақ ол 20 жыл бұрын қайтыс болған.

Төле би «Ақтабаннан»  кейін 12 жыл бойы Халден Сереннің атынан Тәшкен уәләятын билеп тұрды. Онда бүкіл оңтүстік жоңғарға қарап тұрған кез. Кейбір  ұрпақтары «Біздің бабамызды  Халден Сереннің қызметкері қылып қойыпсың» деп менімен  қырғиқабақ. Шын мәнінде, бұл Төле бидің ұлылығы. Мәмілегер, дипломаттығы. Өз елін босқын қылмай,  Халден Серенмен тіл табысып отыру – Төле бидің ғана қолынан келген.  «Дарабозда» Төле би – үлкен образдардың бірі.

Әдебиетте бас герой дейтін бар. Күллі оқиғаны  соның маңайына топтастыруың керек.

Dalanews.kz: Сіз әр сұхбаттарыңызда осыдан 50 жыл бұрынғы көшті бастағаныңызды, Мәскеуге хат жазғаныңызды, келісім жасағаныңызды айтасыз. Осы деректер, яғни 1962 жылғы ұлы көшті бастағаныңыз хатқа, құжатқа түскен бе?

Қ.Жұмаділов: Бүгінге дейін осы көш ақтаңдағы айтылмайтын құпиялардың бірі болып келді.

1961 жылы  Шәуешекте  жүрген кезім. Мен хатты екі әдреске кезек жазатынмын. Өзім басымда «қалпағым» бар, аңдудағы адаммын. Соның үшін хатты нағашым Шәріп Ақышұлының атынан жіберіп тұрдым. Әдіріс нақты: Москва. Кремль, КПСС-тің бас секретары Никита Сергеевич Хрущев жолдасқа.

Екінші  хат: Кремль. Жоғарғы Совет президиумының председателі Климент Ефремович Ворошиловқа. Біреуі болмаса, біреуі тиеді дейміз ғой. Кереметі сол, хаттар тиіп жатыпты. 1961 жылы қарашада осы хаттарды рас па, өтірігін  анықтау үшін  Құлжадан  консул келді. «Барып тексер, аздаған топтың ісі ме, әлде халықтың жаппай қозғалысы ма?» деген ғой. Консул бір жұмадан артық жатып, Шәуешекте елді қабылдады. Мен де болдым қабылдауда. КазГУ-ды  әлі бітірмегем. Студенттік билетім мен зачетный книжкам қалтамда жүретін. Соны көрсеттім.

Консул бәрін көріп шығып,  «Сізге жол ашық қой. Кез келген уақытта өте беруіңізге болады. Мына құжаттар сізді қорғайды» деді. Мен айттым «жеке өзім баяғыда кетер едім. Халық қозғалып тұр. Сол халықтың атынан арыз ұйымдастырған адам менмін. Халық  көшуге дайын дедім. Консул  «Беталыстарың дұрыс» деп қабылдаған  рай танытты.

Содан не керек  көктем туысымен, 10 сәуірде көш басталды да кетті. Ең алдымен шекараға жақын ауылдар өте шықты. Совет Одағы 5 заставаны ашып қойды. Жұрт ағылды. Аттылы-арбалы, түйелі көш, жастар жаяу-жалпы шұбырды ғой. Құлжа жақтан аз өтті. Алтай қозғалмады. Оларда көш бастайтын серкелері болмады ғой. Біз халықты қыс бойы дайындағанбыз. Соның нәтижесі жиырма күнде  200 мың қазақ  атажұртқа келіп, қосылды. Бұл тың көшін бастап келген адаммын. Мен өліп бара жатсам да,  соны ойлап жатып разылықпен көз жұматын шығармын...

Ал жазылған хаттар  Кремльдің  архивінде жатыр.        

Dalanews.kz: Былтыр ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталдыңыз. Әдетте зиялы қауым өкілдері  орден алғаннан кейін бір-ақ сәтте сарай жазушысы болып шыға келуші еді. Орденнің өтеуін сұрағандар болған жоқ па?

Қ.Жұмаділов: Олай болмайды ғой. Ол үшін Жұмаділов қайта тууы керек. Қырық жасымда жұмыстың бәрін тастап, шығармашылыққа кеткен адаммын. Бір сөзім бар: «Өмірі үш кісінің үстінен қарап көрген жоқпын» деген. Жиырма жылдай жұмыс істеп, қатардағы аға редактордан ары өспедім. Одан жоғары қызметке жібермейді.

Өйткені арғы беттен келгенім бар, оның үстіне, араздасып тұрған елден келдім. КГБ деген мекеменің адамдары бізді жоғары қызметке қоймайды екен. «Соңғы көшті» жазып, сигнальный номері қолыма тиген соң министр  Шерияздан Елеукеновке арыз жаздым да тартып отырдым. «Жазушылық атағым мен қызметім бір-біріне сай келмеді».

Оның үстіне, «Соңғы көш» 40 мың таралыммен шығып тұрған кез. Қаламақы екі есе төленеді. Бес балам болса да тәуекел дедім.


Қиыншылық  кездің өзінде тапсырыспен кітап жазған емеспін. Тоқсаныншы жылдардың басында бір қиын кезең болды ғой. Бір байлар іздеп келіпті: «Ата-бабамыз туралы кітап жазып берсеңіз» деп. Әзірше «10 мың доллар бермек. Қалғанын кітап шыққан соң көрмек». Аз ақша емес. Мен бірден бас тарттым.  Үкіметтің тапсырмасын орындамаған адаммын. «Жеке адамның  шежіресін  жазсам,  онда Жұмаділов деген фамилия тұрса, өз тегімді қорлағаным болып шығады ғой».

Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанаға шақырып, «Барыс» орденін берді. Рақмет! Мемлекеттің сыйлығы. Ешкімнің қалтасындағы сыйлық емес. Мен оған өзімді лайықпын, еңбегім сіңді деп есептеймін. Сол үшін кішірейіп, билікке барып иілетін жағдайым жоқ. Ол халықтың берген марапаты.

Dalanews.kz: Ұлтына сыйлы, ұрпағына өнегелі, зиялылардың көш басында жүрген жомарт жансыз. Көптеген қатарластарыңыз атақ-даңқын пайдаланып, ұл-қызын қызметке тықпалап жүреді. Сіз де еңбегіңізді, атақ-даңқыңызды пайдаланып, балаларыңызды тәуір жерге жұмысқа орналастыруға болар еді. Алайда ондайыңызды байқамадық. Тіпті отбасыңыз туралы аса көп тіс жара бермейсіз. Жұрт осы жағын көбірек білгісі келеді.

Қ.Жұмаділов: Бес балам бар: төрт ұл, бір қыз. Үлкен ұлым Арман – тарихшы, доцент. Қазақ ұлттық университетінде сабақ береді. Бірнеше жыл декан болды. Одан кейінгі ұл – Дәрмен. «Болашақ» бағдарламасымен ең алғашқы шетте оқығандардың бірі. Америкада оқып, докторантураны бітіріп, содан кейін БҰҰ-ның Венадағы штабында жиырма жылдай қызмет істеді.

Былтыр денсаулығына байланысты елге қайтып келді. Үшінші ұлым Дәулет – филолог, журналист. Ол Лондондағы Би-би-си-де 10 жыл қызмет  істеді. Қазақша бірінші болып хабар ашты. Балам жұмыс істеп жүргенде сол Би-би-сиге барғаным бар Лондонда. Қала ішіндегі қала іспетті.  Бүкіл дүниеге  қырық тілде хабар таратады екен, менің балам 41-інші болып хабар ашып еді.  10 жылдан кейін жабылып қалды. Ұлыбританияның  кінәсынан емес, өзіміздегі биліктегі біреулер қажетсінбей,  сұраған толқындарын бермеді.  Дәулет үш тілге бірдей, қазір  ағарту саласында қызмет істейді.

Төртінші ұлым Жәнібек те «Болашақпен» оқыды. Америкадан. Бала-шағасымен қазір Вашингтонда тұрады. Бір корпорацияның вице-президенті.  Келінім Мәриям Вашингтондағы Әлем банкінің қызметкері. Үйдің кенжесі Ерке деген қыз. Ол да «Болашақпен» оқыды. Қазір Семей жаққа барып, сондағы бір  компанияда  ағылшын тілін үйретеді.  Осылардың ешқайсысына жүгірген жоқпын. Бәрі өздері оқыды, өздері жұмыс тауып істеп жүр.

Dalanews.kz: Әңгімеңізге рақмет!

  Сауалдасқан Жарас Кемелжан


 

Сұхбаттың толық нұсқасын “Қала мен Дала” газетінен оқи аласыз:   




Рекомендовать
Последние новости