Қ. Тоқаев: «Осы кезге дейін шамамызға қарамадық»

Dalanews 20 окт. 2018 11:43 808

ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс бабындағы сапармен Қарағанды облысында болып, аймақ активі мен жұртшылық өкілдерімен кездесті, – деп хабарлады Сенатты баспасөз қызметі. Қ. Тоқаев Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асырудағы басты міндеттерге тоқталған.

Сенат Төрағасы еліміздің индустриялық дамуының көшбасшысы болып табылатын Қарағанды облысының әлеуетіне экономикалық талдау жасады. Оның айтуынша, бұл аймақ индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның алдыңғы сапында келеді. Мұнда 84 жоба іске асып, инвестицияның жалпы сомасы 252 миллиард теңгеден асты, 6,4 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Жаңа өндірістерде 700 миллиард теңгеден астам өнеркәсіп өнімдері шығарған.

Сонымен бірге Қ.Тоқаев пайдалануға берілген нысандардың бос тұрып қалуы немесе толық күшінде жұмыс істемеуіне байланысты өткір мәселелерді атап көрсетті. Экономикалық тиімсіздігіне, банкрот болу және басқа да себептерге  байланысты кейбір жобаларды іске асырудан толықтай бас тарту туралы деректер бар екенін де айтты.

Қарағанды облысында осындай проблемасы бар 10 жоба бар. Төраға ретсіз шығындарға апарып соғатын әрі мемлекеттік саясатқа кері әсер ететін мұндай мәселелерге жол беруге болмайтынын атап айтты. Өз кезегінде Сенат Төрағасы аймақтарды дамыту бағдарламаларын тиімді әрі ойласып қалыптастыруға шақырды.
– Негізгі қаржы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталуы тиіс. Қаржыны үнемдеуге ерекше назар аударылып отыр. Мойындауымыз керек, біз осы кезге дейін шамамызға қарамадық. Енді бізге өмір көрсетіп отырған жаңа жағдайға бейімделу керек. Қымбат қызмет көліктері, жоғары лауазымды шенеуніктердің атшаптырым кабинеттері мен басқа да үстемдік көрсеткіштері көненің көзі секілді тарих қойнауына кететін кезі алыс емес деп ойлаймын, – деді Қ.Тоқаев.

Жүздесуде Қ. Тоқаев азаматтар тыныс-тіршілігінің сапасын арттырудағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де еске алды. Оның пікірінше, ол ең алдымен, «Арселор Миттал Темиртау» секілді аймақтағы жүйе құраушы кәсіпорындарға қатысты болып отыр. «Еңбек жағдайын жақсарту мен қауіпсіздігі,  қызметкерлер еңбегін лайықты жалақымен қамтамасыз ету ірі бизнестің күн тәртібінен түспеуі тиіс», – деді Төраға.

Қ. Тоқаев алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек сапасын сынға алды. «Қазір дәрігерлер есеп беруден қолдары босамайтынын мойындау керек. Олардың пациенттермен айналысуға уақыттары қалмай барады. Компьютерге телмірген дәрігер мен ешкімге керегі болмай қалған емделушінің көрінісі қазір жиі кездеседі», –

деді Төраға.

Қарағандыға сапар аясында Сенат басшысы «Луч» жүйке ауруларынан сауықтыру орталығында, тұрба мен сапалы полимер өнімдер шығаратын «ҚазПласт» кәсіпорнында, сондай-ақ «Нәтиже» сүт фабрикасында болды.

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости