Путин Ресей армиясының штат санын көбейтті

Сағыныш Сардарова 17 сент. 2024 09:28 2918

Ресей президенті Владимир Путин Ресей армиясының санын 180 мың адамға көбейту туралы жарлыққа қол қойды. Құжат 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz ресейлік БАҚ-қа сілтеп.

Жарлыққа сәйкес Ресей армиясының штат саны 2 миллион 389 мың адамға дейін артады, оның ішінде 1 миллион 500 мың әскери қызметші бар.

Соңғы рет мұндай шешім 2023 жылдың желтоқсанында қабылданды, ол кезде штат саны 2 млн 209 мыңнан аса адам, оның ішінде 1 млн 320 мың әскери қызметші деп бекітілді. Ал мұның алдында Ресей әскері саны 2022 жылғы тамызда 140 мың адамға көбейді. 
Global FirePower порталының мәліметтері бойынша қазіргі уақытта Ресей армиясы әскери қызметкерлер саны бойынша әлемде бесінші орында - 1 320 000 адам. Путиннің жарлығы күшіне енгеннен кейін ол Үндістан мен АҚШ әскери күштерін басып озып, екінші орынға тұрақтайды. Бірінші қатарда 2 035 000 сарбазы бар әскермен Қытай тұр.
Рейтингтің алғашқы ондығында Солтүстік Корея, Украина, Пәкістан, Иран, Оңтүстік Корея және Вьетнам бар.

Айта кетейік, кеше Германия канцлерімен кездесуде Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін жеткізген еді.
"Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді", - деді Мемлекет басшысы.

Рекомендовать
Последние новости