Путин басып кіретін 5 елдің аты аталды. Арасында Қазақстанда да бар

Dalanews 16 мар. 2021 12:24 1143

Ресейтанушы ғалым Леон Арон Politico басылымына көлемді мақала беріп, президент Путиннің іргедегі елдердің біріне басып кірмек жоспарын барын айтты хабарлайды Dalanews.kz. 

Ресей экономикасы стагнацияға ұшыраудың аз алдында тұр. Халықтың күнкөрісі қиындап, Қырым эйфориясының қызуы қайта бастаған. Путиннің рейтингі күн өткен сайын құлдырап, халықтың көз алдында жексұрынға айналып барады. 

Дәл осы ахуалды ол осыдан 10 жыл бұрын бастан өткерген. 2011 жылы ресейліктер жаппай антипутиндік ереуілге шығып, оның тақтан кетуін талап еткен. 

“Путинді Киев “құтқарып” қалды. Украинаның шығысындағы орыстілділердің құқығын қорғаймыз һәм Қырымды тарихи отанына қайтарамыз деген желеумен бауырлас елге басып кірді.

Кеңес үкіметін іштей сағынатын әрі сол тұстағы санаға сіңген симптомдардан әлі де болса арыла қоймаған ресейліктер Путиннің бұл әрекетін оң бағалады.


Кремль басшысы халықтың көз алдында ұлт қаһарманына айналды. Қырым түбегін айналасы алты күнде аннекциялаған Путиннің осыған дейінгі кемшіліктерін кешіре салды. Міне, содан бері 7 жыл уақыт зымырап өте шықты…”, – дейді Леон Арон. 



Путиннің соңғы жеті жылдағы жалғыз “жетістігі” Қырымды Ресейдің құрамына қосқаны. Алайда бұдан халықтың тұрмысы түзеліп, ресейліктер ит басына іркіт төгілген кезеңге аяқ басқан жоқ. Бәрі да баяғыша қалды. Дүркін-дүркін салынған санкция айылын жиғысы келмеген Кремльді сабасына түсірді. 

Путиннің осыдан жеті жыл бұрынғы “ерлігі” елдің көңілінен көмескіленіп, бұрынғы таз қалпына қайта түскен. 

Сөй деген Леон Арон Ресей президентінің назарына ілініп, Украинаның кебін киюі  мүмкін - бес мемлекеттің атын атапты. Бұған сәл кейінірек тоқталатын боламыз. 

Сарапшының айтуынша Кремль іргесінде отырған елдердің әлсіз тұсын беске саусағындай біледі. Бірінші кезекте шекаралық аймаққа шүйлігеді. Ақпараттық шабуылдың көз көріп, құлақ естімеген әдістерін пайдаланып, қарсыласын естен тандырады. 

Путин? Владимир Владимирович жұртты тағы бір ұлы жорыққа жұмылдыру арқылы өзінің саяси ғұмырын ұзартады. Бұған имперлік өткенін аңсайтын ресейліктердің біразы қарсы емес, керісінше қуана-қуана құптайды. 


“Өткенмен өмір сүретін олар келмеске кеткен Кеңес үкіметін “тірілту” жолында тұрмыстың игілігінен бас тартуға әзір. Қара нан мен қара суды талғажау етсе де, имперлік ұстанымынан айнымайды”, – дейді Леон Арон.



Сонымен Қырымды аннекциялағалы жеті жыл өтті. Халықтың тағаты таусылуға тақау. Жұрт Навальныйдың жазықсыз жапа шегіп отырғанын көріп отыр. Осыдан он жыл бұрынғыдай осы жолы да Ресейдің жүздеген қаласында мыңдаған адам алаңға шықты. 

Путин дежавю жағдайын бастан өткеруде. Сәл аялдаса орынтағы шайқалады, сенімді адамдары сатып кетеді. Батыстан ескен санкцияның келесі соққысын Кремль көтере алмауы мүмкін. 

“Путинді құтқарып қалатын жалғыз жол - соғыс. Іргедегі ірілі-кішілі көршілерінің
тыныштығын бұзып, берекесін қашырып, ескі жараның аузын тырнайды”, – дейді америкалық сарапшы. 



Кремль басшысы бұл тәсілге талайдан бері жүгініп жүр. Леон Аронның айтуынша Шешенстандағы соғысты бастаған Шәміл Басаев (Кремль мойындамаған Шешен республикасының басшыларының бірі) емес, Путин. 

1999 жылы премьер-министр қызметіне тағайындалып, 2000 жылы ел тізгінін қолға алған Путин Шешенстанға басып кіру туралы шешім қабылдайды. Бұл халық тарапынан қолдау тауып, президенттің рейтингі 80 пайызға дейін көтеріледі. 

2008 жылғы бес күнге созылған Грузиядағы ұрысты бастап берген де нақ осы Путин. Ол тұста Ресейді Медведев басқарып тұрса, бұйрықты оның ту сыртында отырған премьердің бергенін күллі әлем көріп-біліп отырды. 

 Сөй деген Леон Арон Ресей президентінің назарына ілініп, Украинаның кебін киюі  мүмкін - бес мемлекеттің атын атапты.

“Путин қоңсылас отырған 5 мемлекетті нысанаға алған жайы бар. Араға 13 салып Грузияға танкі кіргізіп жатса таң қалмаңыз. Батысқа бет бұрып, уыстан шығып бара жатқан  Молдовияға ауыз салуы мүмкін. Украинадағы конфликтіні қайта ушықтырып, Киевтің шығыс шекарасын отқа орауы ғажап емес. Қажет деп тапса, бауырлас Беларусьті те аямайды. 

Бұлардың ішінде Қазақстанның жағдайы мүшкіл. Путин билігін сақтап қалу үшін “құрбандыққа” шалынатын елдердің тізімінде Қазақстанда алдыңғы сапта тұр.


Бұл елде 3,5 млн-ға тарта орыс тұрады. Бұлардың көпшілігі Ресеймен іргелес, шекаралас отырған аймақтарда өмір сүреді. Кремль Қазақстанның солтүстігіндегі 6 бірдей өңірді “ашса алақанында, жұмса жұдырығында” ұстауда. Өйткені бұл жерде орыстілді аудиторияның саны басым. 

Путин үшін “Қазақстандағы этникалық орыстар қысым көруде” деген желеумен

одақтасының территориясын тартып алу түкке тұрмайтын іс. Оның үстіне Қазақстанның солтүстік өңірлері Кремльдің ақпараттық ықпалында отыр”, – дейді Леон Арон. 



Қазақстан ғана емес, Балтық елдері де Путиннің әлгіндей әрекетке баруынан қауіптенеді. Сарапшының пікірінше қазіргі НАТО-ның сырты бүтін болғанмен, іші түтін. Путин Балтық елдеріне басып кірер болса, Батыс Кремльге тойтарыс бере алмай, Литва, Эстония және Латвиядан айырылып қалады деп болжайды. 

Себебі НАТО-ға мүше елдер әзір өз ішінде қырықпышақ. Әскери құрылымның алпауыт армиясы мен жойқын техникасы туралы әңгімелер қағаз жүзінде ғана. 

Егер бұл болжам шындыққа айналып, ілгеріде айтқандай Ресей Балтық елдеріне басып кірсе, Брюсселдің НАТО альянсының басын қосып, әскер жасақтауына 90 күндей уақыт кетеді екен. 


“Бұл тым ұзақ мерзім. Ресей Қырымды үш аптаның ішінде аннекциялап алды. Брюссель Ресейдің танкілері, истребительдері мен артилеррияға төтеп бере алмасын біледі. Мұны түнеукүнгі есебінде Эстонияның сыртқы барлау қызметі де растаған-тын.

Путин агрессор рөліне әбден еніп кеткен. Балтық елдеріне шабуылдар болса, альянстың қарымта қайтарарына күмәнмен қарайды. Аталған аймақты қоластына қарату үшін Путинге тіпті танкінің де керегі жоқ. Қырым сценарийіне қайтып оралады. Элиталы десенттың бірнеше полкін төгіп жіберсе жеткілікті”, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша Кремль соққы жасайтын тұсты белгілеп қойған. Бұл бірінші кезекте Эстонияның Ида-Вирум уезі. Мұндағы орыстардың үлесі 74 пайызды құрайды. Эстонияның ең ірі қаласы Нарвада тұратын орыстардың үлесі 80 пайыздан асып жығылады. 

Латвиядағы Латгале облысындағы этникалық орыстардың үлесі 40 пайызға жетеқабыл. Дәл осы елдегі Даугавпилс қаласында тұратын халықтың тең жартысы орыс. 

“Путин осы өңірлерді “тарихи отанынан” оралтуға тырысады. Батыс өз кезегінде бұған жол бермеуге барын салады.  

Леон Арон әл әзір Кремль идеологтары осы мәселелерді қызу талқылап жатқанына сенімді.

“Путин? Оның позиция – соғыс және жеңіс. Ол үшін демократия құндылықтарына қарсы тұрудың жалғыз жолы осы”, – дейді автор.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ  


Рекомендовать
Последние новости