Пусаннан бір пойыз профессор келді

Dalanews 01 нояб. 2023 11:20 799

Оңтүстік Кореяның Пусан қаласынан Алматыға медицина саласының мамандары мен ең мықты деген доктор ғалымдары келді. Қазақтан үйреніп, қазақтарға да үйретпекші.

Ол елде пластикалық хирургияның жақсы дамығанын естігенбіз. Тіпті әке-шешесі қыздарына әдемі болсын деп, операция жасатуға конверт беретін дәстүрлері де бар. Бізді қызықтырғаны  бет-әлпетіңді өзгерту ғана емес, хирургия, нейрохирургия және отбасылық медицина тақырыбы болды.

Біздің дәрігерлер мен мамандар олардан бедеулікті емдеу, гинекология және медициналық туризм саласынан дәріс-кеңес алды. Медициналық туризм демекші, бұл сала бізде әжептәуір дамыған.

Сондықтан да басқосудың, тәжірибе алмасудың өткізілген орны осы сала әбден жолға қойылған «Almaty Resort» шипажайы болуы да заңдылық. Корейлер шипажайда медициналық туризмге қатысты көрмені де көрсетті. Көрсетіп қана қоймай, алдарына барған алматылықтарға тегін кеңес беріп жатты.



«Қазақстанның корейлер қауымдастығы» да сонда жүр. Бір бірімен корейше емес, орысша немесе аудармашы арқылы сөйлескендері таңсық көрінеді екен. Бұл басқа тақырып. Басты тақырып – Пусан қаласының Экономикалық даму Агенттігі мен Қазақстан медициналық мекемелері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум болды.

Корейлерден медицина жағынан үйренеріміз көп. Алматы мен Пусан қаласы арасындағы байланыс ары қарай да дамып, осыдан былай да медицина қызметкерлері екі елде алма-кезек бас қосып, тәжірибе алмасып тұруға уағдаласты.

Рекомендовать
Последние новости