Президенттің тапсырмасын орындамаған шенеуніктер қалай жазаланады?

Көркем Алдабергенова 29 нояб. 2024 14:30 1113

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге жаза қолданудың жаңа ережелері түсіндірілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (МҚІА) Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге жаза қолданудың жаңа ережелерін түсіндірді. Жақында Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірқатар құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын. Олардың кейбірі мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдануға қатысты.

Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында МҚІА мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік және саяси болып бөлінетінін айтты.

Саяси мемлекеттік қызметшінің қызметі саяси бағытты анықтайды және ол саяси мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға жауапты. Олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау тәртібі мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережелерінде көзделген. Бұл ережелер 2015 жылы бекітілген болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы тәртіпті реттеу мақсатында бұл ережелерге өзгерістер енгізді.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен саяси мемлекеттік қызметшілерге Президенттің тапсырмаларын, сондай-ақ Президент Әкімшілігі басшылығының Президент тапсырмалары негізінде және (немесе) оларды орындау үшін берілген тапсырмаларын орындамау немесе тиісті деңгейде орындамау үшін тәртіптік жаза қолдануды көздейтін нақтылаушы сипаттағы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», – деп хабарлады агенттік.

Айта кету керек, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, қызметтік тәртіп пен этика нормаларын бұзғаны үшін мемлекеттік қызметшілерге ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту, мемлекеттік лауазымынан төмендету (сайланбалы негізде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда) және мемлекеттік лауазымнан босату сияқты тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар мемлекеттік аппарат жұмысын жетілдіру шаралары туралы жарлықтарына өзгерістер енгізген болатын.

Бұдан былай Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Президент Әкімшілігі басшылығының тапсырмаларын орындамаған саяси мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылады.

2000 жылғы Президент жарлығына сәйкес, тәртіптік жаза келесі жағдайларда қарастырылған:

  • қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерін заңсыз немесе дұрыс орындамауы;
  • лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы;
  • мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзуы;
  • мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика ережелерін бұзуы;
  • тәртіптік жаза түрінде жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауы;
  • мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілген шектеулерді немесе мемлекеттік қызметшілердің міндеттерін орындамауы.

Бұдан бөлек, құжатқа сәйкес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың кадрлық процестерін “Бірыңғай кадрлық жүйе” ақпараттық жүйесі негізінде автоматтандыруды 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қамтамасыз ету тапсырылды.


Рекомендовать
Последние новости