Президент жол жабындысын бұзатын бірнеше тонналық жүк көліктеріне айыппұл салу керек екенін айтты

Сағыныш Сардарова 31 мая 2024 17:26 3570

Қасым-Жомарт Тоқаев жол сапасына қатысты саланы жемқорлық жайлағанын ашық айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Ол кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі.

Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл қазір басым міндет. Мәселен, Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде, жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілген. Халық ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отыр.

Бір жағынан, еліміздегі автокөлік жолдарының жай-күйіне объективті мониторинг жүргізілуге тиіс. Нақты ахуалды айқын көрсететін тың тәсілдерді ойластырған жөн. Жол құрылысы және реконструкция жұмыстары кезінде барлық қажетті құзыретке ие, нарықтағы беделі мінсіз, жауапты отандық және шетелдік компаниялардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Бұл іске ашықтан-ашық демпингпен айналысатын жалған компанияларды тартудың қажеті жоқ. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл салада маңызды тапсырма да берді.

"Автомагистральдарды пайдалану ісіне бақылауды күшейту қажет. Жол жабындысын бұзатын бірнеше тонналық жүк көліктеріне айыппұл салу керек. Қаржы құйып қана қоймай, ғылымның да жетістіктері қолданылатын жоба болғандықтан жоғары сапалы көлік магистралі кез келген дамыған елдің жарқын келбеті саналады. Сондықтан жол саласындағы қазақстандық компаниялар ғылыми тәсілді қолдануға және инновацияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктерді толық пайдалануы қажет.

Жалпы, білімге негізделген экономика құру үшін ғылыми мекемелер мен бизнестің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыс барысында ғылыми идеяларды коммерциялық табысты өнімге айналдыратын инновациялық кластерлер, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар ашылады. Мұндай құрылымдар тиісті жобаларға идеядан бастап оны нарықта жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетуі керек", - деді Президент.


Рекомендовать
Последние новости