Петропавлда қоқыс полигонында табылған оқ-дәрі жарылып, 23 жастағы жігіттің беті жараланды. Оқиға 7 тамыз күні түскі төрт шамасында болған,- деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Полицияның алдын ала мәліметінше, екі ер адам тұрмыстық қалдықтар полигонында жүріп, оқ-дәрі тауып алған. Оны тексермек болған сәтте жарылыс болып, Тәжікстаннан келген гастарбайтердің оң жақ самайы мен қабағы зақымданған.
Дәрігерлердің айтуынша, жарақат адам өміріне қауіпті емес.
— Жарақат тек тері және теріасты май қабатын зақымдаған. Көзге де, бас сүйегіне де зиян келмеген. Алғашқы көмек көрсетілген соң науқас үйіне жіберілді, — деді Петропавл жедел жәрдем ауруханасының хирургі Бағдат Шағдаров.
Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап, тексеру жүргізіп жатыр. Оқиға орнында атыс қаруы қолданылмағаны белгілі болды.