Петербор форумы: Тоқаев ормандай орыстан ықпады. Жалтақтамады. Саспады

Dalanews 17 июн. 2022 17:38 1408

Геосаясат деген қиын ғой от пен судың арасы. Бәріңіз де тақымдарыңызды қысып отырған боларсыздар.

Не дер екен? Қалай болар екен? Ормандай орыс ортаға салып сөзімізді сөйле деп қыспаққа алар ма екен?.. Ығына жығылса, басқа әлемнің бетіне қалай қараймыз?

Жоқ, мемлекет басшысы ықпады. Жалтақтамады. Саспады. Шіреніп отырып халықтың қалауы мен ұлттық мүдде сыртқы саяси ойындардан жоғары екенін жеткізді.


Екі елдің арасына іріткі салып, қазақтың делебесін қоздыратын әлгі арандатушылар әрі ойнасын деді. Дипломатиялық тілмен.

Әрине, өкпесі жарылып кетсе де қажет кезде қақ маңдайдан бір қоятын Америка не Қытай емеспіз, бірақ орағытып отырып құдайшылығын айтты.

Дәрі өлшейтін таразыға тартылған баяндама да өте өзекті. Прагматизмге тұнып тұр. Сұрақтарға айызыңды қандырардай жауап берді. Екіұштылық жоқ. Нақты.

Әсіресе, сыртқы саясатта спектрумның бір бұрышын таңдамаса болмайтын, бұғып қалса, өтіп кететін әдеттегі түлкібұлаңға сала алмайтын Украинаға қатысты сұрақта да былайғы өркениетті әлемнің ұстанымынан танбады. Оған да мінез керек, жүрек керек. Оны естіген украин жұртшылығы өз сегментінде “қазақтар жарайсыңдар” деп шуласып жатыр. Дәл осы сөзді өзіміз айтқандай марқайып отырмыз.

Петерборда өткен жиында президентіміздің түрлі коммуникация каналдары арқылы жетіп жатқан үзік-үзік цитаталарын аңдып отырып оқығанымнан түйгенім.

 

[video width="1920" height="1080" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2022/06/tokaev-pretenzii-1.mp4"][/video]

Бұрын президентке қатысты мұндай пафосты еш жазған емеспін, бірақ бүгін бір разы болдым.

P.S. Президентіміздің ДНР мен ЛНР-ге қатысты жауабынан кейін жалпақ елді жылдар бойы ұрысқа әзірлеп келген модератордың өзі “қазір ұрсысатын уақыт емес” деп тоқайласыпты. Міне, керек болса!

 

Шыңғыс МҰҚАН, әлеуметттік желідегі парақшасынан


...


Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынға қатысты.


Мемлекет басшысының айтуынша, форум саяси және экономикалық ахуал шиеленісіп тұрған кезде өтіп жатыр.

– Пандемияға және геосаяси шиеленістің өршуіне байланысты жаһандық теке-тірестер жаңа жағдайларға алып келді. Жаһанданудың орнына артық-кемі бар аймақтандыру дәуірі келді.

Қалай болғанда да, дәстүрлі экономикалық модельдер мен сауда бағыттарының өзгеру үдерісі жеделдей түсті. Әлем жылдам өзгеруде. Өкінішке қарай, көп жағдайда жақсы жағына қарай емес, – деді Президент.

[video width="1184" height="668" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2022/06/288539809_1214081902675530_8030787223810270478_n.mp4"][/video]

Шара барысында Мемлекет басшысы Кремль журналистерінің бірқатар сауалына жауап берді. Соның ішінде ЛНР мен ДНР секілді квазиқұрылымдарға қатысты пікір білдіріп, Қазақстан бұлардың тәуелсіздігін мойындамайтынын мәлім етті.

ҚР Президентінің атап өтуінше, егер ұлттарға таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді.

Тоқаев бұдан бөлек соңғы кездері Қазақстанның ішкі шаруасына тұмсық тығып, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін мәлімдеме жасаған ресейлік танымал тұлғаларға қатысты пікір білдірді.

"Мұндай мәлімдемелер орыс пен қазақтың арасына сына қағып, Ресейдің репутациясына кесірін тигізуде. Мен мұндай үндеулердің мақсатын түсінбеймін. Қазақстан мен Ресейдің арасында ешқандай араздық жоқ", – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу модераторы, Кремль пропагандисі Маргарита Симонян бұл уәжді орынды деп тауып, "қазір ұрыс-керіс іздейтін уақыт емес" деп ақталды.

[video width="1280" height="720" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2022/06/288842319_704528843945211_3066023754933349278_n.mp4"][/video]

Бұған дейін Dalanews.kz Қазақстанға соқтыққан Кремль қолшоқпары Тигран Кеосаянның кураторын тапқанын хабарлаған еді.

https://dalanews.kz/saraptama/78652-amanat-partiiasy-140-myng-gektardan-astam-zhay

 

https://dalanews.kz/sadak/76742-keosaiannyng-kuratory-kim

 

Рекомендовать
Последние новости