Перуашев: «Қазақстан азаматтығын алушылар тарих пен қазақ тілінен сынақ тапсырсын»

Dalanews 29 мар. 2017 09:48 949

Қазақстан азаматтығын сұраушылар қазақ мәдениеті мен тарихы, мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы тиіс. Бұл жергілікті халықпен тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жанжалдарды болдырмау үшін керек. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Үкімет басшысына осы мәндегі депутаттық сауал жолдады,   – деп хабарлайды sputniknews.kz.

– Гуманитарлық және экономикалық дағдарыстардан, азаматтық соғыстардан қашудың нәтижесінде экономикалық мигранттар мен босқындар жаппай ағылып жүр. Еуропа тәжірибесі көрсеткендей, жағдайы мүшкіл мемлекеттерден қашып келетін адамның саны артып, миграциялық ағым апатты үрдіске айналды. Оларды қабылдайтын елдердің бюджетіне қосымша шығын келіп, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамтамасыз етуге жүк түсіп, жұмыссыздық артып, қылмыстық жағдай нашарлап кетуде. Оның үстіне өзге тіл, мәдениеті және этникалық құрамы жат елдерден мыңдаған мигранттардың бақылаусыз келуі қабылдаушы елдердің ұлттық бірегейлікті сақтауына қауіп туғызады, – деді Перуашев.

Депутат өз сөзінде бірқатар мемлекеттегі босқындардың қатысуымен болған жантүршігерлік оқиғаларды мысалға келтірді. Сондықтан Еуропаның бірқатар елі сыртқы миграцияны шектеу жөнінде шаралар қабылдай бастаған. Депутаттың айтуынша, Елбасының бейбіт саясаты мен экономикалық реформалардың арқасында Қазақстан бүгінгі күні  лайықты өмір сүруге болатын тартымды мемлекетке айналып отыр.

– Сондықтан еліміз жақын аймақтардан қашқан босқындар үшін қызығушылық туғызуы мүмкін. Осыны ескеріп, елімізде миграциялық дағдарысты күтпей-ақ, оны реттеу мен қазақстандық бірегейлікті қорғау жөнінде алдын ала шараларды қолға алу қажет деп есептейміз. Ең алдымен, заңнаманы конституцияға сәйкестендіру аясында азаматтық туралы заңда Қазақстанның азаматтығын сұраушылардың емтихан тапсыруы туралы нормалар қарастырылуы тиіс. Атап айтқанда, республика Конституциясы, Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, мемлекеттік тіл жөнінде және тағы басқалары. Бұл ұсыныс ешкімге ешқандай дискриминация білдірмейді. Бірақ оларға біздің халық пен мемлекетті құрметтеуге тура келеді, – деп атап өтті депутат.

Азаматтыққа құқық алу үшін емтихан тапсыру Австралия, Австрия, Германия, Канада, Нидерланды, АҚШ, Израиль, Оңтүстік Корея сынды көптеген елде бар екен. Оның үстіне мұндай емтиханды тапсыру негізінен ақылы болғандықтан, бюджетке ешқандай жүк түспейді.

Кейбір мемлекеттерде емтиханды азаматтық алғысы келгендер ғана емес, сонымен қатар еңбек мигранттары немесе ұзақ мерзімге виза алушылар да тапсырады. Мысалы, Голландия мен Ресейде.  «Оның мақсаты тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жергілікті халықпен жанжалдарды болдырмау. Біздің ойымызша, ұсынылып отырған бастама дер кезіндегі және конституциялық реформаға сәйкес келеді», – деп түйді сөзін Перуашев.

 

Рекомендовать
Последние новости